​Әйел КҮЙЕУІНЕ ҚАМҚОРЛЫҒЫН қалай білдіруі керек? ШЕГІ қайда?

0
1 376

Қамқорлық деген осы екен деп балаша мәпелемеңіз.


​Әйел КҮЙЕУІНЕ ҚАМҚОРЛЫҒЫН қалай білдіруі керек? ШЕГІ қайда?

Отбасындағы әйелдің рөлі дегенде көбіне мойнына артылатын міндеттерді тізбектеп жатамыз. Басқа шаруа мен мақсат-міндеттер қатарына күйеуге қамқорлық көрсету де қосылады. Осыдан келіп кей әйелдер анасындай қамқорлық көрсетуге тырысып, барын салады. Үйдегі бабын, күтімін жасаудан бөлек, сырттағы шаруасын бақылауға алып, басқалардан қорғауға тырысып, қаражат табуға көмектесіп, отбасылық шығынның бір бөлігін өзі жауып, мәселелердің біршамасын өзі шешіп жүргендер қаншама. Осылайша өзінің нәзік мойнына өте ауыр жүк, артық жауапкершілікті қалай артып алғанын байқамай қалады.

Әйел тарапынан ер-азаматқа қамқорлық, жылу берілуі керек. Алайда оның орны мен шегі бар. Асты-үстіне түсіп өбектемей-ақ, алдына түсіп жүгіріп, бар шаруаны одан бұрын жасамай, жаны ашып, жауапкершілігінің жартысын өз мойнына асып алмай-ақ, өзіне салмақ түсірмейтін басқаша жолдармен күйеуге деген қамқорлығыңды көрсетуге болады. Мысалдармен жеткізіп көрейік.

1. Әйелдің күйеуіне нәзіктігін көрсетудің, қамқорлығын білдірудің ең жақсы жолы – дауыс көтермеу. Айқайламаңыз, дауласпаңыз, менікі дұрыс деп бірдеңе дәлелдеуге тырыспаңыз. Бәсең үнмен, жай сөзбен айтқан сөзде жүрегіне жету мүмкіндігі көбірек.

2. Киім-кешегін жуу, үтіктеу, жинау, ас дайындау сынды қызметтеріңізді міндетті болғандықтан емес, сүйіспеншілікпен жасаңыз. «Киіміңді жуып, тамағыңды істеп отырмын!» деп міндетсінбей, «Саған дәмді тамақ жасап бергім келді. Сенің тап-таза, ұқыпты боп жүргеніңді қалаймын» деп ықыласыңызды білдіріңіз.

3.Күлімсіреңіз. Қандай жағдай болса да, жүрегіңізге қанжар сұғылып тұрса да, жүзіңізге күлкі үйіре біліңіз. Күйеуіңіз қабағыңыздан қар жауғанын, күңіреніп-күркіреген күйіңізді көрмесін.

4.Бір жаққа шығып бара жатқанда киімін түзеңіз. Мейлі, бәрі әдемі, бәрі дұрыс болса да. Галстугын қайта бір түзеп жіберу, иығын жаймен қағу, саусақтарыңызбен шашын салалап, қайырып беру, аяқкиімін сүртіп барып ұсыну – осындай түк қиындығы жоқ, елеусіз болып көрінетін әрекеттер ер адам үшін елеулі. Өзіне деген қамқорлықты сезініп, дән риза боп қалады әрі есесін қайтаруға тырысады.

5.Құшақтаңыз. Жиі-жиі. Шығып бара жатқанда, үйге келгенде, шай үстінде, т.б. түрлі жағдайларда еш себепсіз құшақтап, жылу сыйлаңыз.

6.Қол созым жерде тұрса да, «Өз қолың бар ғой, өзің ала бермейсің бе?» деп бұлданбай, заттарды әперіп жіберуге әрдайым дайын болыңыз. Ілулі тұрған сүлгіні өз қолыңызбен әпере салыңыз. Қасық-шанышқысын бір миллиметрге жылжытсаңыз да, жақындатып жіберіңіз. Және осының бәрін жылы жүзбен, күлімсіреген қалыпта жасаңыз.

7.Жақсы көретініңізді, бағалайтыныңызды, сыйлайтыныңызды, алғысыңызды жиі айтып отырыңыз.

8.Мақтау, мадақ айтып, жақсы қасиеттерін, игі істерін түртіп айтып, осы үшін ризашылығыңызды білдіруді әдетке айналдырыңыз.

9.Үйден шығып бара жатқанда шығарып салыңыз. Аяқкиімін киіп жатқанда заттарын ұстап тұрыңыз. Ақ жол тілеңіз. Келген кезінде басқа шаруаның бәрін қойып, қарсы алыңыз, қал-жағдайын сұраңыз. Бұл үшін ешкімнен қысылмаңыз және сізден басқа адам (анасы, қарындасы, қызы, т.с.с.) дәл осылай жасап тұрса да, бірге шығарып салып күтіп алыңыз.

Күйеуге жасалатын қамқорлық оның орнына ақша табу, мәселелерін шешіп беру, физикалық ауыр жұмысты бірге атқарысу, балаша мәпелеп, аузына ас салу емес. Өз қолы өз аузына жеткен, он екі мүшесі сау, физикалық күші мығым, ересек еркекке әйел тарапынан осы қамқорлықтың өзі жеткілікті. Одан артығын жасаймын деп, шектен шықсаңыз, ересек еркекті «мүгеек» жанға айнадырасыз.

Осы мысалдарды іске асырып үйренсеңіз, осылардың өзімен-ақ күйеуге дұрыс қамқорлық көрсетуден біраз қыр асасыз. Осындай ұсақ-түйек, бірақ маңызы зор әйелдік миссияны орындаудан біршама тәжірибе жинап алған соң, өз қиялыңыздан да қосуға әбден болады.

Аударған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

СҰРАЛМАҒАН АҚЫЛ ата-ана мен баланың арасын АЛШАҚТАТАДЫ