Әйелінің ақшасына дәніккен еркекте рух болмайды

0
287
Әйелі ешқашан күйеуіне ол қиналған кезде де материалдық көмек немесе қарызға ақша бермеуі керек. Таң қалып отырсыз ба?

Әйелінің ақшасына дәніккен еркекте рух болмайды

«Бір отбасы болған соң, менікі, сенікі деп бөлінуге болмайды. Ерлі-зайыптылардың ортақ қазынасы болуы тиіс. Егер аққу көкке, шортан көлге тартып, отбасылық бюджеттің ту-талақайын шығаратын болса отбасы болып не керек? Ондай жағдайда ерлі-зайыптылардың арасында түсіністік жоғалады. Бір-біріне жаны ашымаса түбі бір ажырасуға апарып соғуы мүмкін» деген ойда болуыңыз да мүмкін.

Ол да бір жағынан алып қарағанда дұрыс-ау. Дегенмен, келешегіңізді ойласаңыз, күйеуіңізге қанша қиналса да ақша бермеңіз. Мұндай жағдай ер-азаматтың келешегіне кері әсер етеді.


Қиын жағдайда адамға жәрдеміңізді тигізбеу адамгершілікке жатпайды деп ойлайтын адамдар секілді күйеуіңіз де осындай ойда болып, ашуланып, өкпелейтін болса, оның еркектік намысының қай дәрежеде екендігін, оның намысын қайрап, қолынан қандай іс келетінін көресіз.

Сіз оған сөз жәрдемін емес, материалдық жәрдем берсеңіз, яғни, ақша берсеңіз бұдан ер-азаматыңыздың жағдайы жақсарып қалмайды.

Егер шын қиналып, шара таппай жатса, достарынан, жақсы сыйласып, күнінің көп бөлігін бірге өткізетін қызметтесінен алсын. Бірақ, әйелінен, қызынан немесе қайынжұртынан емес. Ол сізден ақша сұраған кезде сіз оған сұрағанын бермесеңіз, керісінше сіз оған жақсылық жасаған боласыз.

Себебі, оның қалайда сол ақшаны табуға деген жігерін оятасыз. Егер сіз «қарызға» деп ақша берсеңіз, ол қайтармайды. Әрине, түсінікті ғой. Бір отбасында, бірге тұрып жатқан ерлі-зайыптылар үшін қарыз деген сөз ауызша ғана айтылатын сөз. Сондықтан, осы жағдайдан соң өзіңіз ренжіп, күйеуіңізге деген сеніміңізге селкеу түсіріп аласыз.

Осы уақытқа дейін «ер адамның тапқан табысы аз болса да берекелі» деген сөз айтылып келеді. Әйелі күйеуінен үш есе артық табыс тапса да ер адамның табысының берекесі болады.

Әйелдің ақшасы ешқашан ерін бақытты етпеген, пайда келтірмеген. Әйелден қарызға болсын, жәй ғана жәрдем сұраса да ақша алған ер адамның рухы төмендеп, ішкі жан-дүниесі жабырқап қалады.



Мұндай жағдайда жүрген ер-азаматтың әйеліне өктемдігі, үстемдігі жүрмейді. Қояр талабы да келіспейді. Содықтан, күйеуіңізге жаныңыз ашыса, оны аямаңыз. Қаржылық қиындықтарды бастан кешіруі де уақытша, сондықтан, оны қамшылай түсудің тағы бір әдісі, сізде, өзіңіздің қажеттіліктеріңізге деп жинаған қорыңыз болса да күйеуіңізге оп-оңай ұстата салмаңыз. Өйткені, сіз күйеуіңізді шыңдаудан бас тартқан боласыз.

Қорыта айтқанда ер адам ата-анасына, әйеліне немесе туған-туысқандарына емес, тек қана өзіне сеніп отбасын асырауға міндетті.

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет