​ӘКЕСІЗ өскен балалар НЕНІ аңсайды?

0
5 425

«Менің әкем қайда?» - бұл сұрақты мен әкем жайлы біледі-ау деген адамдардан әрдайым сұрап жүремін. Бірақ, нақты жауабын маған әлі ешкім айтқан жоқ"...


​ӘКЕСІЗ өскен балалар НЕНІ аңсайды?

Әрбір бала үшін ата-анасының бірге болғаны, толыққанды отбасында өмір сүргені маңызды. Өзін қоғамға керекті адам сезіну үшін, өзіне деген сенім мықты болып, аяғына нық тұру үшін әрине, ата-ананың үлесі зор.

Тағдырдың жазуымен ата-анасының бірінен көз жазып қалған балалардың психологиясы толыққанды жанұяда тәрбие алған балаларға қарағанда өзгешелеу болатыны да жасырын емес.

«Әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» дегендей, балаға ананың құшағы мен жылулығы қаншалықты қажет болса, әкенің де адамның тұлға болып қалыптасуы үшін қосатын орны бөлек.

Ата-анасы ажырасқан балаларда аласұрып, санасында толған сұрақтардың жауабын білуге деген ұмтылыс та есейген сайын шиеленісе беретіні оның болашағына кері әсерін міндетті түрде тигізеді.

Егер ерлі-зайыпты ажырасып кеткеннен кейін, бала әкесін көрмесе, әке баласын іздемесе жүрекке түскен салмақ адамды жаншып тастағаны сонша, ол баланың кеудесінде өшпенділік, жеккөрушілік сезімнің оянуы ғана емес, айналасындағы басқа адамдарға да сенімсіздікпен қарауы көрініс табады.

Мысал ретінде есін танығалы әкесін танымайтын, бірақ, жер басып тірі жүргенін білетін қыздың өз аузынан шыққан мұңын бөлісейін.


«Менің әкем қайда?» бұл сұрақты мен әкем жайлы біледі-ау деген адамдардан әрдайым сұрап жүремін. Бірақ, нақты жауабын маған әлі ешкім айтқан жоқ.

Өйткені, мен әкесіз өстім. Туған анамның да өмірден ерте озғанын кейінірек білдім. Анам өмірден өткен кезінде мен есімді білмейтін кішкентай бала болғанмын. Нағашы әпкемді «анам» деп келдім осы күнге дейін.

Осы кезге дейін менің қалай өмір сүріп, қалай қиналып жатқанымды түсіне алсаңыздар ғой.

Мені бағып-қағып өсірген анама алғысым шексіз. Ол кісінің арқасында мен қатарымнан кем болмадым. Тек қана туған анамның өмірден өткенін он екі жасымда кездейсоқ біліп қалғанымда қазіргі анам жылап отырып, мені бауырына қысып отырып айтып берді:

«Енді сенің анаң менмін. Алланың жазуы солай болды. Анаң сені өмірге әкелгелі бері аурудан көз ашпады. Ақыры сол бойын дендеген дерттен бақилық болған. Панасыз қалған сені мен өз қолыма алдым. Әкем, әкем деп көп сұрайсың ғой. Енді әкең туралы да айтайын, ақыры ақиқат ашылған екен, сенің де біле жүргенің дұрыс.

Анаңның көп ауырғанына кейде әкеңді де кінәлаймын. Ол дер кезінде емдетпеді анаңды. Одан қалса, «ауыра бересің» деп кінәлайтын көрінеді. Кішкентай қызына да мейірімін төкпеген адам ол. Қайтесің оны іздеп? Осы кезге дейін «Менің қызым қалай екен? Қалай өмір сүріп жатыр? Қалай өсіп жатыр?» деп бір ауыз сұрамаған адам, сені іздемеген адам жалпы саған керек пе? Осыны жақсылап ойла! Түсінемін, "менің әкем қандай адам, оны бір көрсем" деген арманың іште жатқан шығар.

Жарайды, мен сені әкеңе алып барайын. Бірақ, өзің сөйлес. Мен оны «танымаймын» да, көргім де келмейді. Қазір отбасы бар деп естідім. Балалары да бар екен. Егер оларды іздеп, келешекте олар менің бауырларым, ол менің әкем деп араласамын десең саған тосқауыл болмаймын», деп мені әкеммен жолықтыру үшін жолға ертіп шықты.


Біз әкемнің үйіне келдік. Өте ескі, жұпыны үйде өмір сүріп жатыр екен. Қақпа дейтін қақпасы да жоқ, ағаштан жасалған «қорғанды» жіппен байлап қойыпты. Сонда да бірінші рет «бөтен үйге» келіп тұрған соң, сыпайылық сақтап, дауыстап іштен адамдарды шақырдым. Бес-алты жас шамасындағы қарадомалақ бала жүгіріп шықты. Бауырым екенін сездім.

«Әкең қайда?» деп сұрап едім, үйде екенін айтты. Бірақ, бала емес пе, «әкем ұйықтап жатыр, кеше арақ ішіп келген» деп үйдегі жағдайды жайып салды. Сонда да ол кісін бір көру арманым. Арнайы іздеп келген соң көріп кетейін деп, «шақыр» дедім. Үйден айқайлап қорқынышты кейіптегі, бет-аузы ісіп кеткен ер кісі шықты. Қатты қорықтым. Оған «Мен сіздің қызыңызбын! Сізді іздеп келдім» деп айта алмай теріс бұрылып кетіп қалдым. Жүрегімдегі әкенің орнын мен осылай сызып тастадым. Менің әкем жоқ екен!...»


Осылай деген әкесінен жырақта өскен қыздың жанайқайы дәл осындай тағдыры бар көптеген балалардың жанайқайы деп түсініңіз.

(иллюстрациялық суреттер ашық дереккөзден)

Әкесіз өскен балалардың өмірден алар үлесінен құр қалғандай сезімде болмауы үшін, жарыңызбен екі жақта өмір сүріп жүрсеңіз де, балаларыңыздан қол үзбеңіз! Өйткені, бала үшін бәрібір туған әкесінің бейнесін көру, бір ауыз жылы лебізін есту де шабыттандыра түсетінін ұмытпағаныңыз жөн.

Ұрпағының болашағы толғандыратын әрбір әке мұны естен шығармауы тиіс.

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Күйеу неге «сыртқа» көз салады? СЕБЕП пен ШЕШІМ


Істің ОҢҒА басуына КЕДЕРГІ келтіретін МЫНА 4 әдеттен аулақ болыңыз