АҚШАНЫҢ АЗДЫҒЫ ғана емес, көптігі де АЖЫРАСУҒА себеп болады

0
3 910

Бұл әрекетке көбіне ерлер қауымы барады...


АҚШАНЫҢ АЗДЫҒЫ ғана емес, көптігі де АЖЫРАСУҒА себеп болады

Отбасылардың ажырасуына жиі себеп болатын жайттардың бірі – ақша жетіспеушілігі. Нарықтық заманда көп мәселенің қаражатқа келіп тірелетіні рас. Алайда, ерлі-зайыптылардың арақатынасының бұзылуына ақшаның аздығы ғана емес, кейде көп болуы да кері әсерін беріп жатады. Нақтырақ айтсақ... Қандай жағдайларда ақша жұбайлар арасына сызат түсіреді?


1. Ысырапшылдық пен қарыз

Ақшаның болмағаны ғана емес, болғаны да жаман кейде. Әсіресе, оны қалай ұстауды, дұрыс жұмсауды білмейтіндер үшін. Барын болмашы ұсақ-түйекке, бір сәттік қызықтарға жұмсайтын ысырапшылдар маңызды нәрселерді несиеге, қарызға сатып алуға мәжбүр болады. Бүгінгі таңдағы банктер ұсынатын «бөліп төлеу», «несие картасы» сияқты мүмкіндіктер де көп ойланбастан сауда-саттық жасай салуға итермелейді. «Ақшам болғанда құтылармын», «Айлық алғанда төлеп тастаймын» деп ойлайсыз, әрине. Бірақ бұл ойлар іс жүзіне келгенде алдамшы болып шығу ықтималдығы жоғары. Ондайда қарыз үстіне қарыз жамалып, көп ұзамай берешегіңіз бастан асуы бек мүмкін. Бұл жағдай отбасының тыныштығын бұзып, берекесін қашырады. Әсіресе, несиені, затты алған біреу, ал ақшасын тауып төлейтін – оның екінші жартысы болса.


2. Табысы мен шығынын жасыру

Бұл әрекетке көбіне ерлер қауымы барады. Жаман ниетпен емес шығар, бәлкім. Көпшілігінде «Үйде ақшаны еркек ұстауы керек. Өз тапқанымды қалай жұмсасам да, өзім білемін. Әйеліме есеп бермеймін» деген сынды өзімшіл ойлар. Әйелінің қолына ұстатса, орынмен жұмсамай, ысырап қылуы мүмкін деп қорқатындар да бар. Енді біреулер шығыны тым көп болғандықтан, білмей-ақ қойғанын жөн көреді. Әрине, тапқаны мен жұмсағанын жасыратын әйелдер де бар. Толықтай жасырмаса да, табысының бір бөлігін айтпай, басқа қалтаға салып, кейін күйеуі рұқсат бермейтін қалауларына жұмсау сынды әрекеттер біразының әдетіне айналған. Көп отбасыларда кездесетін тағы бір жайт – бір-бірінен жасырып ақша жинау.

Ерлі-зайыптылардың мұндай әрекетке баруының негізгі себебі – бір-біріне деген сенімнің жоқтығы. Егер тура осылай жалғастыра берсе, сенімсіздік барған сайын арта береді. Ақыр соңында түсініспеушілік, келіспеушілік, ұрыс-жанжал сияқты үлкен мәселелерге жеткізеді.


3. Шектен шыққан үнемшілдік

Үнемшіл болған да дұрыс, бірақ, оның да өз орны мен шегі болатынын білген жөн. Қатты қалаған нәрсеңді сатып алуға жұбайың келісімін бермесе, бір-екі рет көнуге болар. Бірақ бұл үнемі жалғаса берсе, әйтеуір бір күні ұрысқа себеп болары анық. Жайлылық, тұрмысты жеңілдету, уақытты тиімді қолдану, құнарлы ас, денсаулықты сақтау, дұрыс демалу сынды құндылықтарға келгенде қатты үнем жасауға болмайды. Бұл – шектен шыққан сараңдыққа ұласатын әрекет. Өзінің және жақындарының өмірін, жағдайын, жанын бағалайтын адам бұлай жасамауға тиіс.


4. Ақша туралы сөйлеспеу

Әркімнің қаржы туралы өз ойы, өз түсінігі бар. Біреу жанын қинап жұмыс істемей-ақ, барға қанағат етіп, аз ақшаға місе тұтып күш кешкенді дұрыс көреді. Енді біреу бар уақытын, бар күшін ақша табуға жұмсайды, тапқанын өзінен де, өзгеден де аяп, астына басып жинайды. Тағы біреулер табыс оңай келетін «ақша көздерін» тауып алып, соның арқасында жайлылықта, баршылықта, тоқшылықта өмірдің ләззатын сезінгісі келеді. Осындай түрлі ойдағы жандардың басы бір шаңырақ астына қосылса, қаражатты табу, оны жұмсауға қатысты талас-тартыстың көп болатыны анық. Сондықтан, ерлі-зайыптылар бұл тақырыпта ашық сөйлесіп, бір-бірінің ойын білгені дұрыс. Екеуі екі түрлі түсініктегі адамдар болса, отбасылық бюджетке қатысты екеуіне де ыңғайлы ережелер орнатқан артық болмайды.


5. Өзімбілермендік

Отбасы бюджеті ортақ деп айтылады, бірақ ерлі-зайыптылардың біреуі екіншісімен ақылдаспай-ақ шешім қабылдайтын жағдайлар бар. Ол жұбайына ескертпестен қомақты қаржыны жұмсап жібереді, өзіне бағалы зат сатып ала салады. Енді бір отбасыларда ерлі-зайыптылардың бірі екіншісіне тіпті азық-түлік, тұрмыстық қажеттілік, ұсақ-түйек нәрселерді өзінің рұқсатынсыз алуға тыйым салады. Немесе жұбайлардың бірі ақшаны үнемдеу үшін жұмысқа қоғамдық көлікпен қатынайды, екіншісі күнделікті таксимен жүреді. Бұл жағдайлардың бәрінде эгоизм, өзімбілермендік, басынушылық көрінісі бар. Бұлайша өзін ғана ойлау, өзіне ғана рұқсат беру, өзінің ғана жағдайын жасау екінші адамның көңілін қалдыратыны рас. Бірте-бірте жиналып, бір күні үлкен реніш болып сыртқа шығуы әбден мүмкін.


6. Қаржылық қысым көрсету

Қаржылық қысым – бір адамның екінші біреуді ақшаның көмегімен басқаруы, манипуляция жасауы. Мұндай жайт көбіне ерлі-зайыптылардың біреуі ғана табыс табатын немесе бірі мардымсыз, екіншісі көбірек табатын отбасыларда орын алады. Қысым көрсетудің жолы сан алуан. Мысалы, өз табысы жоқ не мардымсыз табатын жанға жұбайы «Мен сені асырап отырмын», «Мен болмасам, аш қаласың», «Сенің тапқаның түкке жетпейді» деген сияқты сөздермен қытығына тиеді. Қажеттілігін сатып алу-алмауын өзі шешеді. Ақша бермес бұрын әбден жалындырады. Дегенін жасамаса, қандай да бір қажеттілігінен айыру, әпермеу сияқты шарттар қояды. Ақша берсе де, аз ғана санап береді әрі әр тиынына дейін есеп сұрайды. Жұбайының мардысыз табысын тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсауға мәжбүрлеп, өз тапқанын қалтасына салып алып, өзі ғана жұмсайды.

Міне, осындай жағдайлардың бәрінде ақша отбасының қажеттілігіне жұмсалатын игілік емес, екеуара мәселелерді туындататын факторға айналады. Арада түсініспеушілік орнамауы үшін не істеу керек?

  • Ең алдымен, жоғарыда айтқанымыздай, отбасын құрмай тұрып та, құрғаннан соң да ерлі-зайыптылар ақша туралы жиі әңгімелесуі қажет. Бір-бірінің түсінігі, қажеттіліктері, қаражат табу жолы мен оны жұмсау туралы ойларын жақсы білгені жөн.
  • Үнемдеуде нақтылық керек. Ерлі-зайыптылар отырып (жасөспірім не ересек балалар болса, оларды да қатыстыру қажет), ортақ қажеттіліктердің қайсысынан үнем жасауға болады, қайсысынан болмайды, кім қандай нәрседен бас тарта алады, қандай қажеттілігі міндетті түрде өтелуге тиіс – осы сұрақтың бәрін талқылап, атын-атап, түсін түстеу қажет.
  • Әрбір кіріс пен шығыс мөлшері ашық, жария түрде болғаны дұрыс. Отбасылық бюджет кітапшасын арнап, кіріс-шығысты жазып жүруді әдетке айналдырыңыздар.
  • Бағалы заттар сатып алуды бірге ақылдасып шешкен дұрыс. Қомақты қаражат қажет болса, оны қалай табуға болатынын, қанша уақытта жинай алатындарыңыз, несие алынса, қалай қайтаратыны, неден үнемдеу керегі – бәрі-бәрі ақылдасқаннан кейін барып шешілуге тиіс.

Осындай ережелерді сақтау және екеуара түсіністік, қамқорлық қана ақшаның араға түсуінен сақтай алады.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

КЕЛІН де АДАМ, оның да ЖЕКЕ ШЕКАРАСЫ бар