АҚЫЛДЫ ӘЙЕЛ бұл сөздерді ешқашан АЙТПАЙДЫ

0
1 426

Жаңа танысқан жан да, бұрыннан көзтаныс кісі де сөзіңе қарап сыйласады.


АҚЫЛДЫ ӘЙЕЛ бұл сөздерді ешқашан АЙТПАЙДЫ

Қазақта «Киіміңе қарап қарсы алады, ақылыңа қарап шығарып салады» деген аталы сөз бар. Ақылдың көрінісі іс-әрекет пен сөзден байқалады. Көбіне, бірінші орында сөз жүреді. Жаңа танысқан жан да, бұрыннан көзтаныс кісі де сөзіңе қарап сыйласады. Сондықтан, өзіңізді дана әйел ретінде көрсетіп, ақылыңызды кемелдендіргіңіз келсе, мына сөздерді айтудан ауақ болыңыз.


«Барынша тырысып жатырмын, бірақ қолымнан келмейді»

Бұлай айту тек он жасқа дейінгі балаларға ғана кешірімді. Ал бір отбасының отын жағып отырған, балаларыөсіп келе жатқан, мойнында жауапкершілігі бар ананың ешқашан бұлай айтуға қақысы жоқ. Әдетте, мұндай адамдар қандай іске бар күшін салады? Әрине, өзі, отбасы, балалары, бәрінің болашағы үшін маңызды істерге. Сондықтан, басын бастап, қолымнан келмейді екен деп аяғын тастап кету өзіне және болашағына жасаған әділетсіздік болар еді. Балалар үшін де теріс үлгі. Табандылық танытып, құласаңыз қайта тұруға күш табыңыз, бұрын білмеген нәрсені үйреніңіз, қайта-қайта жасап, осы істің шеберіне айналыңыз. Ақыры мен үшін маңызды, қажет деп бастадыңыз ба, аяғына дейін жеткізіп, қажетіңізді алыңыз.


«Бәріне өз күшіммен жеттім»

Мұндай сөзді айтушыны жетістікке жеткен, ақылды адам деп атау қиын. Ең алдымен Алланың әмірін, бойына біткеннен барын берген ата-ананың еңбегін елемеу – ақымақтық. Одан кейін күйеудің, қала берді, өмір жолында кездескен адамдардың жақсылы-жаманды ықпалын ескермеу - білместік. Бұл өмірге ешкім өзге біреудің әсерінсіз келмейді. Ешкімнің қолдауынсыз, қайрауынсыз өспейді. Тіпті, сізге жамандық жасап, жолыңызды кескен, аяқтан шалғандардың өзінің бүгінгі жетістікке жетуіңізге қосқан титтей де болсын үлесі болады.


«Ол саған лайық емес»

«Сен оған қарағанда әлдеқайда жақсысың?», «Саған олай жасауға қандай қақысы бар?» Көбіне, құрбымыз сырын айтып, мұңын шаққанда оған қолдау білдіру мақсатында осындай сөздерді қолданамыз. Көбінде бұл әңгіменің ар жағында күйеу, қайынжұрт тұрады. Әрине, ниет жақсы. Жақын адамыңызға қошемет білдіру, өзіне сенімділігін арттыру мақсатыңыз. Басқаға ақысын жіберіп қойғанын қаламайсыз. Бірақ, осындай сөздермен жағдайды одан әрі ушықтырып алуыңыз мүмкін ғой. Жоғарыдағыдай пікірді естіген соң ойы бұзылады. «Күйеуім маған лайық емес екен, мен одан артықпын», «Қайынжұртымның маған бұлай жасауға еш қақысы жоқ екен, мұндайға жол бермеуім керек» дегендей ойлар жалғасын табады. Одан ары ұрыс-керіске ұласып, отбасныың шырқы бұзылады. Шын ақыл айтып, қолдау білдіргіңіз келсе, арты жақсы болсын десеңіз, құрбыңызды да, оның реніш білдірген адамын да ақтап, мақтап, екеуін бірдей жақтаңыз.


«Айттым ғой саған...»

Әйелдер қауымының ең көп айтатындарының бірі осы тіркес шығар. Әсіресе, күйеуге, балаға өте көп қолданамыз. Тек айрықша ақыл иесі, өзін артық сөзден тыя білгендер ғана қолданбайды. Өйтені, бұл сөздің астарында тұқырту, табалау, қатесін бетіне басу сияқты жаман қасиеттер жатқанын біледі. Ал сіз өмірлік жұбайыңызға, бауыр еті балаңызға осындай жаманшылық жасағыңыз келер ме еді? Меніңше, жоқ.

Мейлі, алдын-ала дұрысын айтып қойған болсаңыз да, оны тыңдамай, басын тасқа соққанын көре тұра осы сөзді аузыңыздан шығармай, тіліңізді тістеп қала аласыз ба?


«Осы да проблема ма?»

Мұңын шағып, іспен көмек не сөзбен қолдау күткен жанның бетіне қарап отырып осы сөзді тарс еткізесіз бе? Бекер өйтесіз. Әсіресе, ол – бала болса. Кішкентайлардың мәселесі де өз ойына, бойына шақ болады. Одан көрі әлдеқайда ересек, өмір көрген сіздің көзіңізге түкке тұрмайтын нәрсе болып көрінуі мүмкін. Ал бала үшін бүкіл әлемін қирататындай қиындық болып көрінеді. Сондықтан, мәселесін де, алаңдаушылығын да, жалпы барлық эмоциясын құнсыздандырмаңыз. «Мен сені түсініп тұрмын. Қиындау жағдай екен. бірақ сен еңсеңді түсірме. Мұны тез арада шешу керек. Былай жасап көрсең қайтеді?» деген секілді сөздермен баланың дұрыс шешім табуына көмектесіңіз. Ал проблеманы айтушы үлкен адам болса, жай ғана тыңдаңыз. Түсінбеген дерлеріңіз болса, сұрақ қойып, анықтап алыңыз. Сөз соңына қарай шешімді өзі-ақ табады.

Әрине, айналадағы адамдарға ақылды боп көрінуге міндетті емессіз. Алайда, жақын жандарға ақылды сөзбен қолдау білдіру өзіңізге де көптеген жақсылық алып келетінін ұмытпаңыз.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

БАЛА ересек болса да ЕШТЕҢЕГЕ ЕБІ ЖОҚ па? Ата-ананың қатесі

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет