Баланы қалай жұбатуды білесіз бе? Әкелерге кеңес

0
7 719

Анасы жанында болған кезде сіз ештеңеге алаңдамайсыз. Анасы шұғыл шаруамен үйден шығуы керек болып, баланы уақытша сізге табыстап кетсе... қалай жұбатар едіңіз?


Баланы қалай жұбатуды білесіз бе? Әкелерге кеңес

суреттер: ашық дереккөзден

Сәбидің күтімі әкесі түгілі, анасының өзіне оңай емес. Баланың жанында үнемі бірге болатын анасының өзі кейде бала мазасызданғанда оның себебі нақты неде екендігін біле алмай дал болады.

Баланың жылау себептері өте көп. Қарны ашқанда, ұйқысы келгенде немесе өзіне назар аудару керектігі, кейде оның өздігінен қалуы қажет болғанда да жылайды. Бала қалауын сізге сөзбен түсіндіріп айта алмайды. Сондықтан, жылау-бұл баланың қалауын қанағаттандыра алмаған кезіңізде орын алуы да қалыпты жағдай.

Анасы жанында болған кезде сіз ештеңеге алаңдамайсыз. Ал, егер анасы шұғыл түрде қысқа уақытқа үйден шығу керек болса, баланы сізге табыстап кетер болса қалай жұбатар едіңіз?

Ер-азаматтардың көпшілігі балажан болғанымен, баланың бабын табу, күтімін жасау жағына келгенде епсіз. Алайда, баланы уақытша уатуға барлық әкенің қауқары да, шыдамы да жетеді. Ол үшін аз да болса, мазасызданған баланы қалай тыныштандыруға болатынын есте сақтасаңыз, кез-келген жерде сізге үлкен көмек болады. Келешекте немерелеріңізді де осы әдіспен тез-ақ тыныштандырып аласыз. Есесіне балаңыздың мазасыздығынан өзіңіз де, бала да шаршамайтын болады.

Алдымен, баланың жылағанына мұқият зер салыңыз.

Кейде баланың қарны тоқ, таза, жылы болса да оның белгілі бір уақытта өзінен өзі мазасызданып кеткенін байқаған боларсыз? Оның себебі, бала өзіндегі энергияны шығаруға талпынып жатқаны. Баланың күш-қуаты шамадан арта бастаса, бойына энергия жиналып қалса бала оны сыртқа шығарып тастау үшін де жылауы мүмкін. Бірақ, өкінішке орай, мұндай жағдайдың себебінен жылаған баланы жұбату да оңай емес. Белгілі бір уақытта бала жылауын өздігінен доғаруын күтуден басқа амалыңыз жоқ. Артық энергияны сыртқа шығарған соң бала тынышталады.

Егер бала бәсең дауыспен және қысқа жылау болса баланың ашыққандығын білдіреді. Бұл жылау түрін басқаларынан ажырату оңай. Тамақтандырыңыз...

Егер тамақтандырып болғаннан кейін де бәсең дауыспен ыңырсып жылай беретін болса оның өзін қалдырыңыз. Әрине, бақылаусыз қалдырмаңыз. Өйткені, баланың қарны тоқ болса да сіздің құшағыңыздан «сытылып шыққысы» келуі мүмкін. Бала қанша тәтті болса да оны үнемі құшағыңызда көтеріп жүру оны жалықтырады.

Егер бала үзік-үзік дауыспен өксік аралас жыласа онда ол бірдеңеге ренжіген. Оны қолыңызда көтеріп тұрған болсаңыз, отырғызыңыз. Отыра алмайтын болса жатқызып қойыңыз. Әйтеуір, баланың көңілін тауып, тыныштандыру үшін «ренішін» сейілтіңіз.

Егер бала біраз уақыт тыныштала қалып, бәсең дауыспен ыңырсып барып, аяқ астынан шарылдап жылайтын болса, оның бір жері ауырып тұр. Ауырған жерін анықтауға тырысыңыз...

Жасына толмаған балада көбінесе іш кебу немесе іші жүрмей қатып қалу жиі кездеседі. Сондықтан, алдымен баланы тыныштандыруды ойлау керек. Баланың анасы секілді сәбиді өбектеп, оған массаж жасап, барлығын білу сіздің міндетіңізге кірмесе де, баланы жұбатуды білуіңіз керек. Анасы жоқ кезде баланы тыныштандырудың бірнеше әдісін үйреніп алсаңыз, артықтық етпес. Өйткені, бала анасының ғана меншігі емес, сіздің де балаңыз емес пе?!

1-әдіс. Баланың екі қолын кеудесіне қойып, бір қолыңызбен кеуде тұсын ұстап тұрыңыз. Ал, екінші қолыңызбен баланың жамбас тұсынан, яғни, екі аяғының ортасынан ұстап, сағат тілі бағыты бойынша айналдырыңыз. Бұл әдісті баланы қолыңызға көтеріп тұрып жасау керек.

2-әдіс. Бұл әдіс «бақа» деп аталады. Бала анасының құрсағында жатқан қалпын қайталау керек. Баланы өзіңізге қаратып, екі аяғын екі жаққа, өзіңіздің бел тұсыңызға қойып, қолдарын мойныңызға артыңыз немесе кеуде тұсыңызға баланың қолдарын мейлінше ашып қойыңыз. Ал басын иегіңіздің астыңғы жағына ұстап, жәй ғана қимылмен тербеліңіз.

3-әдіс. «Тікұшақ» деп аталатын бұл әдіс мазасызданған баланы тыныштандыру үстіндегі әкелерге міндетті түрде көмек береді. Алдымен, сол қолыңыздың білегімен баланы етпетімен жатқызып, оң қолыңызбен баланың екі аяғының ортасынан ішіне дейін жеткізіп, жәй ғана сипайсыз. Ешқандай массаждың қажеті жоқ, тек қана әткеншек секілді, баяу тербеліс жеткілікті болады.

4-әдіс. Феннің көмегін пайдалануға болады. Бала адам денесінің жылуын міндетті түрде сезеді. Сондықтан, мейлінше бауырыңызға басып, баяу тербеліс жасап, шаш кептіргіш фенді қосып қойыңыз. Әрине, баладан біршама қашықтықта. Өйткені, бізге феннің дауысы ғана қажет.

Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ