АТА-ӘЖЕНІҢ айтқанын қай кезде ТЫҢДАМАУ КЕРЕК?

0
2 275

Бүгінгі заманның ережелері көбіне қайшы келеді...


АТА-ӘЖЕНІҢ айтқанын қай кезде ТЫҢДАМАУ КЕРЕК?

Бала күтіміне қатысты нәрестенің анасы мен әжесінің арасында талас пен түсініспеушіліктер көп орын алады. Жас ананың тәжірибесі аз болғанмен, ғаламтор мен кітаптардан оқығаны, дәрігерден алған нұсқаулары болады. Ал, әженің пәлен баланы өсіріп-тәрбиелеген көп жылдық тәжірибесі бар. Соған сүйеніп, «Біз баяғыда былай істейтінбіз, қазіргілер мынаны қайдан шығарып алған?» деп басталатын сансыз түзетулер мен ескертпелер айтады.


Жас анада екі жол бар: үлкенге құлақ асып, айтқандарын екі етпей орындау немесе алдыңғы буын апаларға қарсы шығып, өз білгенін жасау. Қайсысы дұрыс?


Бұл ретте апалар мен әжелердің айтқан ақылын саналы түрде дұрыс сараптай білу маңызды. Себебі, олардың ақыл-кеңесінің арасында баға жетпес құнсызы да бар, қазіргі заманға сай келмейтін, ескірген тұстары да табылады. Мәселен...


  • Бұрындары баланы 37 градус жылылықтағы суға шомылдыру дұрыс саналатын. Ал қазір заманауи медицина нәрестені туғанынан бастап шынықтыру үшін шомылдыратын су температурасы 33-34 градус болғаны дұрыс деп санайды.
  • Алдыңғы буын апалар ұл-қыздарын сиыр сүтімен тамақтандырған. Олар жасанды сүт қоспаларын мүлдем жаратпайды, зиянды ас санайды. Ал, нутрициологтар дұрыс өңделмеген жануарлар сүтінің бала денсаулығына зияны болуы мүмкін екенін айтып, белгілі бір уақытқа дейін жасанды сүт қоспаларымен тамақтандыруды ұсынады.


  • Бұрынғы балалар жаялыққа оралып, бесікке таңылып өскен. Сол заманның аналары олай етпеген жағдайда баланың сүйегі қисық өседі дегенге әлі де сенеді. Адамнан басқа ешқандай тіршілік иесі дүниеге жаңа келген ұрпағын буып-байлап өсірмейтінін ескерсек, мұны да ескіргендер қатарына қосуға болады.
  • Әжелер баланы жиі көтеріп, қолға үйретпеуге үгіттейді. Шын мәнісінде, нәресте анасының махаббатына зәру, ол анасының құшағында ғана өзін қауіпсіз сезінеді, оған дене жанасуы арқылы берілетін жылу ауадай қажет.
  • Үлкендердің балаға кәмпит-күлше көп әперетіні, құйрық май сорғызып, ет ауқаттың қамырын, бауырсағы мен бәлішін тықпалайтыны бәрімізге белгілі. Бірақ, бұл аталғандардың барлығы дұрыс тамақтану қағидаларына қарсы.
  • Ескі көзқарастағылар баланы ойдан шығарылған кейіпкерлермен не аяқ тартатын адамымен қорқытып, дегеніне көндіруге тырысады. Осы арқылы баланың бойында фобия, қорқыныш, сенімсіздік сияқты зиянды нәрселерді қалыптастырады.
  • Ата-әжелер немересі өсіп, тәтті қылық шығара бастағаннан оларды төбесіне көтереді. Не айтса соны орындап, ешкімге бетінен қағуға рұқсат бермейді. Оны ештеңеге жұмсамай, ол үшін бәрін өзі істейді немесе басқаларға жасатады. Ата-әжесі барлық нәрсеге рұқсат берген баланы тәртіпке үйрету, онымен келісім жасау қиынға түседі. Бұл әрекет те тәрбиеде олқылықтар кетуіне жол ашады. Сонымен қатар, әке-шеше мен ата-әженің көзқарастары, ұстанымдарының екі түрлі болуы да біршама кері әсерін тигізеді. Әке-шешесі бір басқа, ата-әжесі бір басқа сөйлесе, балаға олардың екеуінің де сөзі өтпей қалады немесе кімдікі дұрыс екенін ажырата алмай дал болады.
  • Ата-әжелер немерелерінің қателескенін, қиналғанын қаламайды. Содан да барлық жағдайда алдын-ала ақылын айтумен шектелмей, олар үшін біраз шаруаны өздері жасап кетеді. Бірақ, әркім өз қателігінен сабақ алғаны, құласа, қайта тұруды, өз ішкі даусын, ағзасын тыңдап үйренгені абзал. Сонда ғана ол мықты тұлға болып қалыптасады.
  • Немересін жақсы көру – бұл табиғи әрі дұрыс сезім. Алайда, осы жақсы көру қызғанышқа ұласып кетуі бек мүмкін. Ұласқан жағдайда ата не әже немересін әке-шешесінен алшақтатуды көздейді. Содан келіп «мама жаман», «папа кәкә», «папаға кет дейміз», «маманы әт дейміз» деп баламен бала болып былдырлап отыратын болады. Біреулер мұны жаман пиғылмен емес, жай ойын есебінде, қызық көріп жасауы да мүмкін. Қалай болғанда да бұл – қателік. Салдары әке-шешенің бала алдында беделсіз болып, болашақта сөзі өтпейтін бөтен біреу болып қалуына соқтырады.
  • Ата-анаға баланың болашағына, денсаулығына, тәлім-тәрбиесіне қатысты жауапты шешім қабылдауға тура келетін кездер көп болады. Мәселен, баланың денсаулығында қандай да бір кінәрат табылды делік. Ата-әжесі «ештеңе етпейді, құдай сақтасын», «дәрігерлер айта береді, біздің кезімізде мұндай ауруды да, басқаны да білмеппіз, өлтірмей он баланы өсірдік» деген сияқты сөздерімен араласып, араша түседі. Немесе халық емімен, емшілер көмегімен емдеп алуға тырысады. Осыдан ата-ананың ойы сан-саққа бөлініп, кімді тыңдарын білмей адасады. Ақыр соңында дұрыс шешім қабылдау қиынға түседі. Нәтижесінде баланың денсаулығына қатер төнуі мүмкін.

Осындай мәселелермен бетпе-бет келсе, жас ата-ана не істеуі керек? Ең дұрыс жол – ата-әжемен ашық, сауатты диалог құру.

Бала күтімі мен тәрбиесіне қай ақыл-кеңесінің құнды болғанын айтып, алғысын білдіру;

сонымен қатар, оның қай ойымен келіспейтінін, не себепті олай екенін түсіндіру;

балаға қатысты қай шешімді болмасын біріге ақылға салып қабылдауды;

ата-ана шешімін сыйлауын өтіну –

бұл әрекеттер біршама түсініспеушілікті айналып өтуге көмектеседі.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Баланы АҚЫЛДЫ әрі ТАБЫСТЫ болуға тәрбиелейтін әдістер