​«Әулетіміздің ӨСЕКШІ ЕРКЕКТЕРІ балама келінімді ұрғызады»

0
3 938

Алпыстан асқан ақ жаулықты ана осылай дегенде, менің бүгінгі қазақ жігіттеріне деген күмәнім одан сайын күшейді. Неге өсекқұмар еркектер көбейіп келеді?


​«Әулетіміздің ӨСЕКШІ ЕРКЕКТЕРІ балама келінімді ұрғызады»

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Тобығым тайып кетіп, қаладағы сынықшы әйелдің қабылдауында кезек күтіп отырғанмын. Телефонға үңіліп, үш-төрт адам ғана тып-тыныш отыр едік. Есіктің алдына дөңгелегін шиқылдатқан күйі көліктің тоқтағанынан бір оқыс жайттың болғанын сезгендейміз. Басымызды жұлып-жұлып көтеріп, есіктен кім кірер екен деп күтіп қаппыз.

«Құдай-ай, сен жалғыздан күйдім. Өлтірдің-ау, осы жолы. Әкең тірі болар ма еді, осындайда сойып салатын өзіңді!» деп зарлана жылаған ана келіншекті көтеріп кірген жігіттің арқасынан түйіп-түйіп жіберді. Жігіттің де көзі алақандай, қолындағы әйелі болса керек, сұлқ жатыр.

Кезексіз өткізіп жіберіп не болар екен дегендей елеңдесіп тұрмыз. Апаның жылағаны басылар емес, бір кезде сынықшы әйел ұрсып баласы екеуін шығарып жіберді. «Өзің ұрып өзің әкеп тұрсың ба енді? Оңбаған! Шық кәне, көзіме күйік болмай!» деген сынықшының даусын естігенде мүлде тосылып қалдық.

Жылап шыққан апа менің қасыма отыра кетті де, жігіт төмен қарап түнерген күйі сыртқа шығып кетті. Апаға басу айтып, су ұсындым. Тамаға кеуіп қалған екен, даусы қарлығып менің алдымда ақталғандай апыл-ғұпыл айта бастады.


«Еркек болсам, ерте кетіп кеш келетін жұмысқа қатынымды жібермес едім. Сенің қатының өмірі кешігіп келе жатады. Оның біреуі бар сол жерде...»


«Келінім ғой. Алтындай өзі. Екі немеремді туып беріп жұмысына шыққан. Мына көгергір әр жұмыстың басын бір шалып әлі жүр. Сол келіннің жалақысы мен менің тапқаныма өмір сүріп келеміз. Әй, жұмыс болған соң адам кешігеді, үлгермейді. Ол жерде еден жуушы болып мен де істеймін. Келінімнің қылт еткенін байқасам өзім-ақ жөнге келтірмеймін бе?

Бәрін бүлдіріп жүрген әулеттегі ағайынның босып жүрген балалары. Бәрі бір-бір үйдің әкесі ғой. «Еркек болсам, ерте кетіп кеш келетін жұмысқа қатынымды жібермес едім. Сенің қатының өмірі кешігіп келе жатады. Оның біреуі бар сол жерде...» деген өсекті өзім де талай естідім. Не ауыздарын тыймайды, не бұларға тыныштық бермейді. Ондай сөз еркекке жақсын ба? Кеше келе салып тап берді. Көз алдымда мені итеріп тастап ұрғаны. Ау, бұл да біреудің перзенті ғой. Бір тірлігінен кінәрат таппайтын келінімнің қадіріне жетпей отыр көше кезген сұмырайлардың сөзіне еріп. Оларға не, көре алмайды. Олардың қатындары бұл сияқты көптен мақтау естімейді. Іштерін ит тырнаған соң айдап салып қарап тұрады-дағы?! Өй, ешектер!»


Апам күйіп кетті ғой деймін, әңгімесінің арасында балағаттап та жіберді де, бүгінгі ез боп бара жатқан еркектер туралы пікірін де ашына айтып салды.


«Е, балам-ай! Біздің отағасы қандай еді? Сол кездің еркектері қандай еді? Көтере алмай жатқаныңды көтерісіп, әзілін жарастырып, артық сөзге келмейтін. Ол заманда өсек айтқан еркек көрмейтінбіз. Қия басып сөзінен тайған жігітпен ешкім араласпай қоятын еді.

Қазір ше, ойпырмай, дастархан басында отырып еркектердің өсекті суша сапыратынын көргенде жағамды ұстаймын. Мен әйел болып айта алмайды екем. Өсекші еркектер қайдан шығып жатыр, осы?!» деп апа тағы да біраз ішіндегісін ақтарар ма еді, іштен «Апа!» деген нәзік дауыс шықпағанда. Апам құрақ ұшып жалпылдай жүгіріп ішке кіріп кетті. Даусынан естіп жатырмыз, айналып-толғанып жатыр. Сырттан күйеуі де келіп көтеріп алып кетті. Кетерінде сынықшы апай «Енді келінді ұрғаныңды есітер болсам, өзім қаматамын сені!» дегенін естіп, туыс болып келетінін байқадық.


«ӨСЕКШІ ЕРКЕКТЕР». Апаның осы сөзі ойымда қалып қойыпты. Содан бері еркектерге сыни көзбен қарайтын сияқтымын. Рас, кейде сол апа айтқан жігіттерді де байқайтын болыппын. Тез жеримін. Қанша келбетті болса да маған соңдай жиіркенішті болып кетеді. «Пәленшенің жүріп жүрген қызын білеміз ғой кім екенін. Түгеншенің жігіті оны алдап жүр, басқа тағы бір қызы бар» деген сөзді қыздардың емес, жігіттердің аузынан естідім ғой.

Расында қазақ жігіттері майдаланып бара ма? Ондайға қимайын десем де сөзінде тұрағы мен түйіні жоқ жігіттерді танимын. Әлде мен ғана кінәмшілмін бе? Олай дейін десем, апаның айтқан сөзі мен уақиғасы анау.

Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?!

Қ.Сауран,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Күйеуінің аяғын жуатын әйел қандай тәрбие бере алады?


Үш жерге дәрет сындырғандар лағынетке ұшырайды