Бала алдында кедейлігіңіз туралы айтпаңыз

0
2 775

Осы біз балаларымыздың ақшаға деген көзқарасын дұрыс қалыптастырып жүрміз бе? Оларға табыс, отбасылық бюджет, жалпы қаржы туралы не түсіндірдік? Әлбетте, ол үшін өзіміздің, яғни, ересектердің қаржы жөніндегі, отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлау мен жөнімен жұмсай білу керектігі қажет-ақ. Ол өз алдына бөлек тақырып десек те, баланың ақшаға деген көзқарасын дұрыс қалыптастыра білу үшін алдымен сауалды өзімізге қойып, оған жауап беріп көру керек сияқты.


Бала алдында кедейлігіңіз туралы айтпаңыз

Осы біз балаларымыздың ақшаға деген көзқарасын дұрыс қалыптастырып жүрміз бе? Оларға табыс, отбасылық бюджет, жалпы қаржы туралы не түсіндірдік? Әлбетте, ол үшін өзіміздің, яғни, ересектердің қаржы жөніндегі, отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлау мен жөнімен жұмсай білу керектігі қажет-ақ. Ол өз алдына бөлек тақырып десек те, баланың ақшаға деген көзқарасын дұрыс қалыптастыра білу үшін алдымен сауалды өзімізге қойып, оған жауап беріп көру керек сияқты.

Дегенмен, осы уақытқа дейін қай-қайсысымызда болмасын, ақшаны дұрыс жұмсау жөнінде азды-көпті тәжірибе болуы керек. Ол тәжірибе отбасын құрып, бір емес бірнеше жанның мұқтаждығын қамтамасыз етуде шыңдала түседі. Яғни, балаға да үйретеріміз бар деген сөз.

Перзент ата-анасының еңбегін, маңдай термен тапқанын бағаламаса, демек, қаржылай тәрбие беруде өздері қателік жіберген. Өмірде де адамдарды тек сыртқы киімінің бағасына, дүниесіне қарап бағаласа, тағы да ата-ананың қателігі болып саналады. Демек, баланың ақшаға деген көзқарасын дұрыс қалыптастыруды да ертерек бастағаныңыз жөн болды.

Баланың әр қадамына ақша төлеп үйретпеңіз

Бала өмірді тек ақшамен ғана өлшеп үйренбес үшін оны кішкентай күнінен әр қадамы, жетістігі мен басқа да жағдайлары үшін ақша беріп үйретпеңіз. Байқасақ, мұндай жайттарды айналадан көптеп кездестіруге болады. Бала олимпиададан жүлделі орынды алып келді ме, ата-анасы ақша береді. Жарыста жеңді ме, тағы да сыйлыққа ақша... Ауылға барғанда ата-әжесінен алатын «шытырлақ қағазы» тағы бар.

Бұлай кете берсе, не болады? Бала өзінің әрбір қадамын ақшамен бағалап, өмірде материалдық жағдайдан басқа да қуандыратын сәттердің бар екенін мүлде ұмытады. Яғни, ақшадан басқаға қуана алмайды. Ертең ержеткенде қажетін толық қанағаттандыратын табыс таба алмаса, тез күйрейді.

Баланың алдында басқаның байлығына тамсанбаңыз

Оны «әлі бала ғой» деп санайтын болсаңыз, қателесесіз. Бала бәрін бойын сіңіріп отырады. Түсінсе де, түсінбесе де... «Әрине, оның әкесі пәлен фирманың егесі, оларда ақша көп. Сосын қымбат киім ала алады...» «Оның анасы кім болып істейтінін білесің бе? Сосын да оның қызы тек жоғары баға алады, мұғалімдердің назарында жүреді...» «Менің ондай жағдайым болса, өйтер едім, бүйтер едім...»

Осыдан барып баланың санасында қандай түсінік қалыптасатынын өзіңіз-ақ пайымдай беріңіз. Адамдардың арасындағы айырмашылық адамгершілік пен білімде емес, тек дүние мен байлықта, мансап пен қызметте деген көзқарастың қалыптасуы заңдылық. Мұндайды жиі айтатын болсаңыз, тіпті, өз ата-анасының ондай жағдайы жоқ екендігіне намыстанып өсетін болса, өзіңізге ренжіңіз. Болашақта тек байлықтың соңынан ғана қуатын адамды тәрбиелеп шыққыңыз келмесе, осы бастан бала алдында айтылған екі ауыз өздің өзіне абай болғаныңыз дұрыс.

Баланың қалтасында ақша болуы керек

Мамандардың айтуы бойынша, баланың қалтасында өз керегіне жарататын азын-аулақ тиын-тебені 4 жасынан бастап болуы керек екен. Ал мектеп жасына толған балаға бұл ақшаның неге қажеттігі белгілі. Дәптері немесе қаламсабы бітіп қалуы мүмкін, қарны ашқанда тамақ алып жейді немесе сусын ішеді. Оны да дұрыс түсіндіре білген жөн.

Егер балаға ақшаны беріп тұрып, «кешкісін қанша жұмсағаныңды тексеремін, не алғаныңды айт» деп аз ғана тиынның өзін тексере беретін болсаңыз да, қателік жасайсыз. Ол балада «есейсем, қажетімнің бәрін сатып аламын» деген қате пікір қалыптасады. Мұндай балалар ержеткенде тапқан табысымен қанағаттанбайды және үнемі ақшасын жеткізе алмай қиналып жүретін болады.

Бала алдында кедейлігіңіз туралы айтпаңыз

«Бқл қу ақшаның жететін күні бола ма? Қашан біз адам сияқты өмір сүреміз? Басқаларға қарасаң, бәрі жетіп жатады. Қыдырады, демалады. Ал бізде өмірі жетпейді...»

«Біз ғой, адал еңбекпен табыс табамыз. Сонда да жарып жатқанымыз шамалы. Осы біреулер пара алып, ұрлық жасап жатады. Арсыздықпен тапқандары да бойларына жұғып жатады ғой...»

«Жұрт осындай зәулім сарай мен қос-қос көлік алуға ақшаны қайдан табады екен? Мықты тіреуіші бар-ау, осы...»

Тап осындай сөздермен балаңыздың санасына пара мен ұрлықты, біреудің арқасында жетістікке оңай жетуді сіңіріп жатқаныңызды байқамайсыз да.

Жақсы көретіндігіңіз ақшамен өлшенбейді

Бұл көбіне үнемі қызметте болып, балаларына назары мен махаббатын жеткізе алмай жүрген ата-аналардың қателігі. Ерте кетіп, кеш келетін ата-ана махаббатын жастық астына қойып кеткен ақшасымен немесе түнде әкеліп қойған қымбат сыйлығымен білдіргісі келеді. Оны бала солай түсіне ме? Жоқ, әрине.

Тап осындай балалар ата-ананың назары жетіспегендіктен ақшаны оңды-солды шашып, жаман әдеттерге ұрынады. Болашақта ата-анасынан да тек ақша талап ететін, сыйластық пен құрметті ұмытатын болады. Өмірі де дұрыс қалыптасуы екіталай.

Қалағанын сатып әпере беру де қателік

Бұл көбіне табысы мол ата-аналардың қателігі екені аян. Дегенмен де «балам жұрттан кем болмасын» деп оның бар қалауын сатып әпере беру, орындау тәрбие жағынан келгенде теріс нәтиже береді. Ең алдымен баланың қалауы оның қажеттілігінен туындап отыр ма? Соны анықтап алыңыз.

Қалағанының барлығын сатып ала берген бала жақын уақытта ақшаның шын мәніндегі құндылығын ұмытады. Мамандардың пайымынша, мұндай балалардан өскенде несиені көп алатын, сәл қиналса қарызға кіретін жандар өсіп жетіледі екен. Бала кезден қалауына қол жеткізіп үйреніп, табыстың еңбекпен келетінін ұқпағандықтан оларға несие алу оңай да дұрыс шешім болып көрінеді. Осылайша ол қарыздың тұңғиығына батып кетуі ғажап емес.

Балаға ең арзанды да сатып әпере беруге болмайды

Алдыңғы кеңеске қарама-қарсы жағдайдағы, яғни, табысы аз, өмірде ештеңеге қол жеткізе алмай өздері де қаржылық тұңғиықтан шыға алмай жүрген ата-аналардың қателігі. Тап балаға келгенде үнемшілдігі ұстап қалатын ата-аналар болады. Олардың қалауын, қажеттілігін мүлде елемеу немесе ең арзанын әпере салып тыныштандыру – дұрыс шешім емес. Мұндайда баланың санасында кедейлік психологиясы қалыптасып, үнемі арзан, сапасыз дүниелердің айналасынан шықпайтын болады.

Егер ата-анасы белгілі бір дәрежедегі жетістікке жетпесе, 90 пайыз жағдайда балалары сол ата-анасының өмірін қайталайды. Сондықтан да ертеңгі күні балаларыңыз жететін көкжиекті оларға өзіңіз көрсетіп бергеніңіз дұрыс болмақ.

Балада ақша туралы теріс пікір қалыптастырмаңыз

Ешқашан да баланың көзінше «осы ақша дегенді кім шығарған?» деген сияқты теріс пікір қалыптастыратын сөз айтпаңыз. Қаржының адам өмірін жеңілдететін қажеттіліктердің бірі екендігін ол бала кезден түсініп өсуі керек. Көбіне мұндай қателікті ештеңеге қол жеткізе алмаған ата-аналар жасайды. Қалаулары аспандағы ай болғанымен, әрекеттері оған лайық емес жандар ақша туралы теріс пікірде болып, оны да баласының санасына еріксіз сіңіріп тастайды.

Сол сияқты, байлықта шалқып өмір сүріп жатқандардың барлығы да жаман адамдар емес екендігін, оған еңбек ету, білім арқылы ғана жеткендігін айта отыру керек.

«Сен бізден де үлкен жетістікке, байлық пен табысқа қол жеткізе аласың. Біз саған сенеміз!» Міне, бала алдында айтылатын сөз осындай болуға тиіс.

Баланың табыс табуға деген құлшынысын өшірмеңіз

Егер балаңыз белгілі бір жаста табыс табуға талпынса, оны «әлі кішкентайсың» деп басып тастамай, дұрыс бағдар беріп, мақтап, кеңесіңізді беріп отырыңыз. Мейлі, ол әрекеті нәтижесіз болса да. Табыстың бірден келе салмайтынын, бірнеше сәтсіздіктің соңында жақсы мүмкіндік күтіп тұрғанын айтыңыз.

Бала кезден табыс тапқысы келген баланың бойында ақшаға деген оң пікір, басқаның да еңбегін бағалау, табыстың тек еңбекпен келетінін ұғыну қалыптасады.

Басты қағида – осы айтылған кеңестердің барлығын да балаға айтып қана қоймай, өзіңіз көрсете білуіңіз де қажет. Өзіңіз ұстанбаған қағидаларды балаларға айтып ұқтырамын деп әуре болмаңыз. Одан да оған үлгі болғаныңыз абзал.

Дайындаған, Ә.Уалиханқызы.