БАЛА ересек болса да ЕШТЕҢЕГЕ ЕБІ ЖОҚ па? Ата-ананың қатесі

0
6 117

"Қоя бер, өзім..." деген ата-ана баласының мүмкіндігін шектейді.


БАЛА ересек болса да ЕШТЕҢЕГЕ ЕБІ ЖОҚ па? Ата-ананың қатесі

Өз баласын қорғап, қорғаштау әрбір ата-ананың басты міндеті. Бірақ кейде кейбір ата-аналар осы міндетіне басымдық беріп, баланың ержетуіне мүмкіндік бермей жатқанын тіпті аңғармай да қалады.

Баланың ержетуі – ол тек дене тұрқынан ғана өсуі емес. Ол деген өзі үшін енді өзге емес өзі жеке жауапкершілікте екенін сезіну.


Ата-ананың қате қадамдары ҚАЙСЫ?


Өз жағдайын ғана ойлау

Қазіргі жас ата-аналардың жиі жасайтын қателіктерінің бірі – ол өз жайлылығы, тыныштығы үшін баланың қажеттілігін ұмыту. Бұл деген көптеген ата-аналар бала үшін бар тірлікті өзі жасай салғанды дұрыс көреді. Яғни, 2-3 жастағы бала киімін бүлдірмеуі, айналасын шашпауы үшін анасы тамақты өзі ұқыппен ғана бергенді жөн санайды. Үйді тезірек және таза етіп жинау үшін, ыдысты ретімен таза жуу үшін "баланы жұмсағанша өзім істей салғаным дұрыс" дейді.

Мұнда ата-ана өз уақытын үнемдеу, таза жасау мақсатында көп істі өзі орындай салады. Алайда баланы үнемі өзіңіз тамақтандырсаңыз, ол бес-алтыға келгенше өз бетінше тамақтана алмайды. Сол сияқты, "дұрыс жинай алмайды", "жуа алмайды", істей алмайды" деп үй тірлігіне икемдемесеңіз, ол шаруаның бәрі өмір бойы өзіңізге қалып кетуі мүмкін.


Жауапкершілік аймағы

Қазіргі кезде пандемияға байланысты сабақтың бәрі қашықтықтан оқытылып жатыр. Көптеген ата-аналар телефонның арғы жағында отырып, баласының орнына оқушы болып отырғаны жасырын емес. Тіпті дәстүрлі оқыту кезінде де үйге берілген тапсырманы балсының орнына жазып беретін ата-аналар кездеседі. Алайда бұл дұрыс емес екені белгілі.

Сіз тек сабақтан қиналғанда көмек көрсетуіңіз керек, орындап, жазып берген дұрыс емес. Себебі сабақ оқу, берлген тапсырманы орындау, сабаққа қатысу оқушының тікелей міндеті. Бала сол жауапкершілікті сезінуі тиіс. Сондықтан ата-ана тек тапсырма қиындағанда жол көрсетіп, бағыт беріп көмектескені жөн.


Таңдау еркіндігі

Көп жағдайда ата-аналар баланың киімді өзі таңдап алуына мүмкіндік бермейді. Бұл баланың уақытында ер жетуіне кедергі келтіреді. Иә, балардың көпшілігі өзіне таңдау жасатқанда жылтыры, суреті көп киім таңдауы мүмкін. Алайда олар сондай киімді кішкентай кезінде кимегенде қай уақытта киеді?!

Сондықтан балаға таңдау мүмкіндігін беру керек. Ол өз таңдауымен мақтанып, ол киімді барынша күтіп киюге талпынады.


Тезірек ержетем деген арманын нығайта түсу керек

Кез-келген бала ертерек ержетуге талпынады және оның осы қадамын ата-ана нығайта түскені дұрыс. Баламен сөйлескенде: «Түс, қазір құлайсың!", "Қолыңнан келе қоймас", "қоя сал", "өскен соң түсінерсің"» деген секілді кертартпа сөздерді қолданбаған жөн. Мұндай сөздер баланың есейсем, тәуелсіз болсам деген қызығушылығын жояды.

Балалардың қолынан көп нәрсе келеді, тек оларға ата-ананың шамалы көмегі қажет. Сондықтан «мен көмектесіп жіберсем, сен мұны жасай аласың, екеуміз бірігіп жасасақ әдемі етіп бітіріп тастаймыз» деген секілді сөздерді айтып қолдап, қолпаштап жіберу керек.


Жасөспірімдердің ата-анасы

Ата-аналар тарапынан ең көп қателік – бала жасөспірім шаққа жеткенде орын алады екен. Яғни, жасөспірім жасқа жеткенде ата-аналар ішіндегі мазасыздығын басу үшін баланы қатаң бақылауға алады. Олардың әлеуметтік желідегі, достарымен арадағы барлық жазбалары оқылады, достармен қыдыруға жібермейді, т.б шаралар. Бұл әрекеттің барлығы баланың ер жетуіне кедергі келтіре түседі.

Сіз тек ата-ана болғаныңыз үшін оның барлық құпиясын білуге тиісті емессіз. Баланың да өз шекарасы, өз құпиясы болуы керек. Ал сол шекараны ата-ана да құрметтеуі, одан аттап кетпеуі тиіс. Баланың бөлмесінің есігін қағып барып кіру, қандай да бір затын алу үшін рұқсат сұрау баланың жеке шекарасын құрметтеудің белгісі. Мұндайда баланың ата-анаға деген сенімі арта түседі.



Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: Некеге арналған "супержелім": Отбасын берік ететін 7 жағдай


Балаңыз НЕ ҮШІН тыңдамайды? Кінәлі АТА-АНА ма?