Бала тәрбиесінде ҚАТАЛ болған дұрыс па, әлде ЖҰМСАҚ па?

0
8 148

Сіз қайсысын қолданып жүрсіз?


Бала тәрбиесінде ҚАТАЛ болған дұрыс па, әлде ЖҰМСАҚ па?

Жас ата-ананың көбісін осы сұрақ мазалайды: бала тәрбиесінде қатал болған дұрыс па, әлде жұмсақ па?


НҰРЖАН: ...Кезінде әке-шешеміз біздің жағдайымызды жасай алмады. Тіпті, біздің күнделігімізді тексеруге уақыттары да болмады. Көп баланың ас-ауқаты мен киім-кешегін тауып беру үшін жұмыстан қолдары босамады. Төбелесіп қалсақ ұрсуға, бестік баға алсақ қуануға да шамалары болмағанын түсінем. Десек те, біз «ананы әпер, мынаны әпер» демедік. Қарындашты қақ ортасынан екіге бөліп ағам екеуміз пайдаланатынбыз. Дастарханда қант жоқ болса да үндемей шай ішіп жүре беретінбіз. «Қарным аш» деп те айтпайтынбыз. Бірақ, ұрлық жасамадық.

Ата-анамыз айтпаса да үй мен даланың шаруасын бөліп алып істеп, сабағымызды да оқып, бәріне үлгеретінбіз.

Әке-шешеден қаталдық көрмегендіктен, мен де ұлдарыма қатал болмадым. Бірақ, ұлдарым жалқау, эгоист боп өсті. Тыңдамайды, сыйламайды. Тәрбиеде қатал болмағаныма өкінемін. Қатал болу керек екен. «Аюға намаз үйреткен таяқ» деп бекерге айтылмаса керек...


БАЛЖАН: ...Компьютер де, қажетті кітаптарын да бәрін сатып әпердім. Күйеуім барлық қажеттілікпен қамтамасыз етіп отырғандықтан, мен үйде бала тәрбиесімен айналысып, уақытылы тамақтарын дайындап, балаларымды тіпті дүкенге нанға да жұмсамаймын, өзім барам. Бірақ, балаладың оқығысы келмейді. Ұрсып жүріп үй тапсырмасын әрең дайындатқызамын. Репетитор да жалдадық. Ұрмасам болмайтын сияқты...


ҚАЛЖАН: ...Қаталмын мен. Алғаш рет сыныптасының телефонын ұрлағанда ұлымды әбден ұрғамын. Одан кейін де қайталады.

Ұрдым да, ұрыстым да, бірақ айтқаным бір құлағынан кіріп, сол мезетте-ақ екіншісінен шығып кете ме білмеймін. Қаталдық танытып жазалаған сайын ол да маған қырсығып, ерегісіп істейтін сияқты. Айқайламай, әңгімелесіп отырып түсіндіру керек-ау, ұрмай жұмсақ болып көремін-ау осы...


Көп ата-ананың жауабы осы үш пікірмен үндес болса керек. Иә, "Бала қатал тәрбиемен ғана адам болады. Баланы аяу дұрыс емес" деген біржақты пікірден айнымайтын және «Жұмсақ болу керек. Қатал болудың қажеті жоқ. Барлық жерде мейірім, махаббат жеңеді» дегенді ұстанатындар да бар. Сіз қайсы топқа жатасыз?


Осы орайда Жел мен Күннің бәстесуі туралы мысал еске түседі.

МЫСАЛ: Бір күні Жел «Кім мықты? Мен бе, сен бе? Бәстесейік. Анау жолаушының үстіндегі тонын кім жылдам шеше алады екен?» дейді. Содан соң «Мен 2 минутта оның үстінен тонын «жұлып» аламын» дейді де аузын айқара ашып, бар күшімен үрлей жөнеледі. Жолаушының біресе оң жағына, біресе сол жағына шығып қатты жел тұрғызады. Жолаушы тонының түймелерін қадап алады. Ашуланған Жел енді жойқын күшпен екпіндете түседі. Қара дауыл тұрып, ағаштар тамырымен қопарылады. Жолаушы тонын одан сайын қымтап, жерге етпетінен жата кетеді. Екі минутта адамның үстіндегі тонын «шешіп алмақ» болған Жел екі сағат әбігерге түсіп әбден шаршайды.

Жел тоқтайды. «Енді кезек сенікі» дейді Жел. Осы кезде Күн төбеге көтеріліп, жан-жағына жылуын таратады. Қатты желден кейін бірден жылынған ауа райына таңданған жолаушы ыстықтай бастайды. Тонның түймелерін ағытады. Қадам жасаған сайын терлеп, күннің ыстығына шыдай алмаған жолаушы тонын шешіп қолына алады.


Егер, бұл мысалдағы тонды адамның жаман мінезі, жағымсыз қылықтары деп қарастырсақ, онда қатал тәрбиеде керісінше, баланың одан айырылмауға, онымен қорғануға тырысатынын байқауға болады. Ал, жылылық пен мейір-махаббаттан құралған жұмсақ тәрбие арқылы балаға жаман мінез-әдеттерін өзіне тастатқызуға болатын секілді.

Десек те, егер әу бастан ауа райы үнемі бір қалыпты қоңыржай болса, адам тонды кимек түгілі, оны қолына да ұстамас та еді. Қаталдық та, жұмсақтық та қажет, екеуін теңдей қолданған дұрыс-ау.


Қытай ойшылы Хинг Шидің бала тәрбиесі туралы айтқан ақыл-кеңесі де қаталдық пен жұмсақтықты бірдей пайдалану керектігін нұсқайды.


МЫСАЛ: Ұстаз Хинг Шиге бір жас ана келіп:

- Ұстаз, ұлымды қалай тәрбиелегенім дұрыс? Қатал болайын десем, ұзақ жыл зарыға күткен, құдайға жалбарынып сұрап алған жалғызым. Сондықтан да жүзімдіктегі жұмысыма араластырмаймын. Аяймын. Жұмсақ болсам, қолынан түк іс келмейтін, болмашы қиындыққа бордай езілетін ез еркек боп өспей ме? - дейді.

- Жүзімдікте баптау жұмыстарын жүргізгенде неге бұтақтарын кесесің? Тілі жоқ жүзімді аямайсың. Неге? - деп, ұстаз жас ананың өзіне қарсы сұрақ қояды.

- Артық бұтақтарын қырқып отырмасам, жемісі тәтті болмайды.

- Ал, неге оған күнде су құймайсың? Балаңды күннен қорғағандай, неге жүзімді де күннің ыстығынан, қыстағы аяздан қорғамайсың?

- Күнде су құйсам, шіріп кетеді. Жүзім мол өнім беру үшін оған күннің жылуы да, қыстағы аяз да қажет. Күзде отырғызылған көшеттер алғашқы аяздан кейін шыңдала түседі, - деп жауап береді ана. Сонда Хинг Ши:

- Бала тәрбиесі де осыған ұқсайды, - деген екен.


Ал, сіз не дейсіз, оқырман? Бала ата-анасының айтқанын қорыққаннан емес, оларды сыйлап-құрметтегеннен орындауы үшін қалай тәрбиелеу керек?

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

«ERNUR.KZ»


Тағы да оқыңыз:

Балаңызға ОЙЫНШЫҚ арқылы АДАМДАРДЫ жақсы көруді үйретіңіз! ҚАЛАЙ?

КҮЙЗЕЛІСке түспеу үшін ҚУАТыңызды сарқитын МЫНА әдеттерден аулақ болыңыз