Бала ТӘРБИЕСІНЕ кім жауапты: МҰҒАЛІМ бе, АТА-АНА ма?

0
3 855

Дана халқымызда «Ұстаз мейірі мен ана мейірі егіз» деген сөз бар.


Бала ТӘРБИЕСІНЕ кім жауапты: МҰҒАЛІМ бе, АТА-АНА ма?

Бұл сұраққа әркім әрқалай жауап береді. Ата-аналар бар жауапкершілікті мұғалімнің мойнына арта салғысы келсе, ұстаздар қауымы мұндай жауапкершілікті мойнына алудан қашқақтайды. Жалпы, бала тәрбиесінде екеуінің де өзіндік рөлі бар. Маңыздылығы да бірдей.

«Алтын ұя мекетебім» деп әрбір оқушы қай уақытта болмасын білім алған ошағын құрметтеп, оған ерекше ықыласпен қарайды. Себебі білім мен тәрбиені ұштастырып, әр балаға өз баласындай қараған ұстаздардан оқушылар ұқыптылықты, ұстамдылықты, адамдармен қарым-қатынас жасауды үйренеді. Яғни, мектеп – баланың екінші отбасы, ал, ұстаз – екінші анасы екені даусыз. Осы орайда ата-ана мен мұғалімнің бала тәрбиесіндегі рөлі де екіге бөлінбеуі керек. Ата-ана баласын алты жасқа дейін баптап өсірсе, ары қарай мұғалім бұл жауапкершілікті жалғастырып, қабыл алуы керек. Бірақ ата-ана баласын ұстазға тапсырдым екен деп арқасын кеңге салуына болмайды. Ата-ана да, ұстаз да берер тәрбиесі мен өнегелі іс-әрекетін көрсете білуі тиіс.


Тәрбиелі әрі дарынды баланы тәрбиелеу үшін ата-ана не істеуі керек?


Бала үшін оған ең жақын әрі жанашыр адам оның ата-анасы болып табылады. Тіпті, халқымызда «бала – ата-анасының айнасы» деген сөз де бар. Сіздің жасаған әрбір әрекетіңіз, балаға айтқан әрбір сөзіңіз оның жадында сақталып қалады. Ол соны қайталайды. Сондықтан да ата-аналарға осы мәселеде аса сақ болу керек.

  1. Біріншіден, бала тәрбиелеу үшін қандай да бір әдіс-тәсіл қолданатын болсаңыз, бұл тәсілдің балаға қалай әсер етіп жатқанын байқаңыз. Егер сіз қалыптастырып отырған тәрбие балаңызға кері әсер ететін болса, әдіс-тәсілді өзгертуге тура келеді.
  2. Екіншіден, баланың дені сау әрі әдемі болып өсуі ғана маңызды емес, оның рухани жағынан да тәрбиелі болғаны жақсы. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіру, жақсы мен жаманды ажырату, мейірімділік таныт. Мұның бәрі баланың толыққанды тәрбиелі адам болып қалыптасуына әсер етеді.
  3. Үшіншіден, баланы мектеп жасына дейін тәрбиелеу керек дейді педагогтар. Осы кездегі алған тәрбиесі оның бүкіл өміріне жетеді. Сондықтан да әр отбасының өзіндік дәстүрлері болуы тиіс. Аталмыш дәстүрлер баланың өміріне жақсы жағынан өз ықпалын тигізіп, отбасы мүшелерінің арасын жақындата түседі.
  4. Төртіншіден, балаға қателік жасауға да мүмкіндік берген дұрыс. Ол өз қателіктерінен сабақ алып, болашақта ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін аңғаратын болады.
  5. Бесіншіден, отбасындағы үлкендердің қарым-қатынасы баланың болашақта түсетін ортасына жасайтын қарым-қатынасын қалыптастырады. Мысалы, ата-анасы отбасында үнемі ұрыс-жанжалға жол беріп, үлкенді сыйламайтын болса, мұны көріп өскен кішкентай сәби де осыны дұрыс деп қабылдайды. Сөйтіп, ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап ол айналасына әке-шешесінен алған тәлім-тәрбиесін көрсете бастайды. Ең алдымен сыныптастарына дөрекілік танытса, келе-келе мұғалімді сыйламайтын жағдайға жетеді. Ең өкініштісі мұндай ата-аналар да, оқушылар да қоғамда жетерлік. Бесігінен алған тәрбиені, мұғалім мектепке келгенде өзгерте ала ма?

Әсіресе ата-ана мына қателікті жіберіп алмаса екен: балаңыздың өміріне ешқашанда немқұрайлылықпен қарамаңыз. Бұл бала үшін үлкен қатер екенін ұмытпайық.


Мұғалім балаға мектепте нені үйретуі керек?


Әрқашанда ұстаздар баланың білім алғанын, оның ең үлгілі бала болғанын қалайды. Алайда өз қызметіне немқұрайлы қарап, өз міндетін дұрыс орындамайтын мұғалімдер де жоқ емес.

Оқушының одан әрі дамып, жетістікке жетуін қалайтын ұстаздарға айтарымыз:

  • Балаға дұрыс сәлемдесуді, қоштасуды, сыпайылық танытуды үйретіңіз;
  • Ер балаға қашанда қыздарды, әйел затын сыйлау керектігін айтып отырыңыз;
  • Қажет болған жағдайда досына мұғаліміне сыныптастарына көмектесу керектігін айтыңыз;
  • Сонымен қатар, мұғалімнің сөзін бөлу де әдепсіздікке жататынын, бірдеңе сұрағысы келсе немесе айтқысы келген жағдайда қолын көтеріп рұқсат сұрау керектігін ескертіңіз;
  • Әрбір сабаққа үйден дайындалып, дәптер-кітабын, қаламсабын ұмытпай әкелу мұғалімге көрсеткен құметі екенін білдіріп отырыңыз;
  • Мектептегі әрбір заттың құндылығын айтып, оның бүлінуіне жол бермеу керектігін түсіндіріңіз;
  • Үзіліс кезінде жүгірмеу, қатты сөйлемеу, айқайламау керектігін айту да мұғалімнің міндеттерінің бірі;
  • Мектепке таза киіммен келіп, тырнақ-шаштың өспегені, жинақы болғаны дұрыс екенін айтыңыз;
  • Асханаға немесе әжетханаға барарда ешкіммен соқтығыспай, ұрысып-таласпай жүру керектігін де есерту маңызды.
  • Осындай қарапайым тәлім-тәрбиемен қатар, ұстаздар оқуышалырды:
  • Өз Отанын, табиғатын аялап, құрметтеуді;
  • Әділетті болуды, өтірік айтпауды;
  • Өз елінің мәдениеті мен салт-дәстүрін, тарихын құрметтеуді;
  • Батылдық пен табандылық танытуды;
  • Айналасындағыларға құрмет көрсетуді, сыйлауды;
  • Өз міндеттерін білуді үйретуі керек.

Әрине, мұның барлығы мұғалімнің балаға жеткізуіне, қалай тәрбие беруіне байланысты. Қайткен күнде де мұғалімдер мен ата-аналарға бала тәрбиелеуде көп күш жұмсауға тура келеді.


Педагог пікірі

Суфарна Асанханова,

Түркістан облысы, Сарыағаш қаласы, №60 ЖОББМ директорының бейін ісі бойынша орынбасары:


- Бала тәрбиесінде ата ананың алар орны ерекше. Өйткені «Құс ұясында не көрсе, соны алады». Яғни, отбасындағы тәлім-тәрбие, ата-ананың баламен қарым-қатынасы ұядан басталады. Тәрбиесі жақсы баланың өмірі де жақсы болатыны анық.

Ендеше бала тәрбиесі ата-ананың міндеті, мектеп білім берумен шектеледі деу қате ұғым. Дана халқымызда «Ұстаз мейірі мен ана мейірі егіз» деген сөз бар. Бала мектеп табалдырығын аттап, білім ұясынан қанат қағып үлкен өмірге қадам басқанға дейін ұстаздың да тәрбиесін алады. Біз педагог ретінде барынша оқушылардың білім алуын, тәрбиесін қадағалаймыз. Теріс әрекеттерін байқасақ әрдайым оны түзетуге, ақылымызды айтуға тырысамыз.

Ата анамен мектеп жалпы күш жігерді біріктіру арқылы ғана балаға адамдық бақыт бере аламыз.


Психолог не дейді?

Байжанова Алмагүл Жеңісқызы,

Ұлықбек атындағы №3 ЖОББМ психологы,

Шымкент қаласы

  • - Әр жанұяның бала алдында атқаратын міндеттері бар. Оларға: Бала денсаулығына қамқорлық жасау, баланың үздіксіз дамуын қадағалау, тәрбиесі мен мамандық таңдауына көмектесу, баланы өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі дамытуға баулу. Баланың қызығушылығын, бейімділігін шығармашылығын дамыту. Баланың жан-жақты дамуына жағдай жасау жатады.

Бала тәрбиесі - ата-ана үшін күрделі де жауапты міндет. Ата-аналардың үйдегі іс-әрекеті балалардың көзалдында өтеді. Сондықтан да жақсы да, жаман да ісіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ демекші ата-аналардың да қателікке бой алдыратын кездері де болады. Осыған орай психолог ретінде ата-аналарға мынадай 6 түрлі қателіктерді болдырмауға кеңес беремін:

1. «Сен баланы мүлдем қалаған жоқпын, ұнатпаймын» деп айту тәрбиенің қатаң құралдарының бірі, бұл сөзді еш уақытта айтпаңыз.
Оның орнына жылы сөзбен айналып, «Сен менің қолқанатымсың, сендей бала ешкімде жоқ, бірақ сенің мына ісіңді құптамаймын» деп айтып баланың дұрыс емес іс-әрекетіне тосқауыл қою керек.

2. Бәріне көз жұма қарау. «Не істесең де маған бәрібір» дейтін әке-шеше, балаңыздың немен шұғылданып жүргеніне қызықпайтыныңызды білдіріп қоясыз. Балаңыздың іс-әрекеті көңіліңізге қонымсыз болса да, оны бейбіт жолмен шешуге тырысыңыз. Балам сен мұндай істе менен көмек сұра.
Екеуміз ақылдасып тамаша іс тындырамыз деген сияқты көмек қолын соза отырып тәрбиелеуге болады.

3. Аса қаталдық. «Мен не айтсам соны орындауың керек, өйткені үйде мен басшымын» деушілер қатты қателеседі.
Мұндайда бала қолды бір сілтеп кетіп қалады. Тым қаталдық аңды қолға үйреткенмен бірдей. Оның орнына тайға таңба басқандай көрсетіп, түсіндіріп, иландырып жұмсау. «Сен қазір мынаны істе, кешке отбасымызбен бірге талқылаймыз жарай ма?»- деп айтқаны абзал.

4. Балаларды тым еркелету “менің баламның күші жетпегендіктен мұны өзім істей салайын” деп баласына кезіккен кедергіге өзі тойтарыс беріп бәйек болатын ата–ана. Бұларға ой салар пікір: ерке балаларға өмір соқпағы оңайға түспесі анық. Оның орнына «сен күштісің, мына істі өзің істеп көр, егер ойдағыдай болмаса мен саған көмектесемін» деп айтқан балаға демеу болары анық.

5. Бала тәрбиелеу үшін уақыттың тым аздығы. «Өкінішке қарай саған көңіл бөлуге менің уақытым жоқ», - деп жанұя мен бала тәрбиесін ысырып қойып белсенді еңбек етушілер қателескенін кеш ұғып жатады. Ата-анасынан уақыт жоқ деген сөзді жиі естіген бала ата-ана махаббатын басқа жақтан іздейді, тіпті сіздің жұмыс кестеңіз белгіленіп қойса да, кешкісін жарты сағатыңызды балаға арнаңыз. Оның төсегінің жанында отырып ертегі оқып немесе күні бойғы қандай қызықтар болғанын сұрау арқылы махаббатыңызды бөліңіз.

6. «Көп ақша – жақсы тәрбие» махаббаттың қай түрін болмасын ақшаға сатып ала алмайсыз. Құлаққа біртүрлі естілгенмен оң пікір. Кейбір аз қамтылған жанұяларда “Бала ештеңеден тарықпасын” деп жанұшырып жүреді. Дегенмен балаңыздың арманын орындай алмағаныңыз үшін өзіңізді кінәлі сезінбеңіз. Шындығында сіздің қалың әмияныңыздан гөрі шынайы сезіміңіз бен махаббатыңыз керек, онымен бірге ойнап, күлгеніңіз, бірге өткізген күндеріңіз бала үшін ерекше.

Ата-ана мен мектеп өмірі тығыз байланыста болса, тәрбиелі, білімді ұрпақты тәрбиелеуге болады. Кей жағдайларда, мысалы кейбір ата-аналар өз баласының нақты қай сыныпта оқитынын, кіммен отыратынын, кіммен дос екендігінен мүлдем хабары жоқ. Әрине барлық ата-ана бірдей деуге болмайды.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Балаңызды ұялы телефонға байламаңыз: ПСИХИКАСЫ БҰЗЫЛАДЫ