​Балаға кейде бұзықтық жасауға рұқсат берген дұрыс

0
3 860

Балаларға МЫНА нәрселерді жасауға БОЛАДЫ


​Балаға кейде бұзықтық жасауға рұқсат берген дұрыс

Әрбір ата-ана аласын жөргектен бастап қадағалауда ұстап, «мінсіз адам» тәрбиелеуге тырысады. Түрлі жағдайларға тыйым салып, бала сарбаз секілді күн кешеді. Оған теледидар, телефонды ұзақ қарауға, ата-ана қауіпті деп санаған ойындарды ойнауға, өз бетінше іс-әркет жасауға тыйым салынады.

Әрине, тәрбиеде қаталдыққата керек, дегенмен кейде баланың әрекеті бұзықтық секілді көрінсе де тыйып тастамай, керісінше қолдап жіберуге болатын сәттері де бар.


Шашып-төгіп өз бетінше тамақтануына БОЛАДЫ

Кейбір аналар артық іс-қимылдан, яғни үй жинау, сүртіп алу, кір жуу секілді дүниелерді қосымша істеуден қашқақтап, 4-5 жасар болып қалған балаларын өздері тамақтандырып жатады. Мұндайда бір жағынан, бітпейтін үй тірлігінен жалығатын қыз-келіншектерді де түсінуге болады. Алайда ертең мектеп немесе балабақшаға барған бала өз бетінше дұрыстап қасық ұстап тамақтана алмаса, бұл өкінішті жағдай болмақ.

Сондықтан ата-ананың балаға шашып-төгіп жатса да өз бетінше тамақтануына мүмкіндік бергені абзал. Тіпті мұны ерте жастан бастаған дұрыс.

Біріншіден, мұндай жағдайда баланың іс-қимылы ширайды, екіншіден – бала ерте бастан тәуелсіз болуға ұмтылады.


Өзге балаларға есесін қайтаруға БОЛАДЫ

Негізі дұрыс тәрбие берген әрбір ата-ана баласын «жұдырықтасу» дұрыс емес, ондайдан алыс жүр деп тәрбиелейді. Ал ақылды ата-аналар «сенің есе қайтаруға құқың бар» деп үйретеді.

Әрине, бұл жерде мәселе баланы төбелеске жақындыққа үйрету емес, тек өз есесін жібермеу. 3-5 жастағы балалар мәселені мәмілемен шеше алмайтыны анық. Сондықтан бала өзіне өзге біреу тиіссе оған соған жауап қайтаруға толықтай негіз бар екенін білуі тиіс.

Бірден "төбелесе кет" деп ешбір ата-ана айта қоймасы анық. Алғашқыда «ойыншығың өзіңе керек болса, "өзім ойнаймын" де, тартып алма» деген секілді сөздерді бала құлағына құйып отырған жөн. Ал егер өзі бірінші бастап ұрып, тиісіп жатса, қарап қалмауды да үйреткен дұрыс.


Ойдан шығарылған достарымен ойнауға рұқсат етуге БОЛАДЫ

Негізі балалардың 40 пайызының ойдан шығарылған достары болады екен. Бірақ көптеген ата-аналар өз қиялындағы досымен ойнаған баласын көргенде психикасында ауытқушылық бар деп түсінеді. Алайда мектеп жасына дейінгі балалардың мұндай әрекеті қалыпты жағдай саналады. Сондықтан өз-өзімен сөйлесіп ойнап жүрген балаға ұрсып немесе «бұлай істеуге болмайды» деп түсіндіріп қажеті жоқ.

Психолог мамандардың пайымынша ойынан шығарған достармен ойынға берілетін мұндай балалардың ойлау қабілеті өте жоғары болады екен. Келешекте ол бала әлем таныған ғалым болуы мүмкін.


Киімін былғап кірлетуіне БОЛАДЫ

Негізі бала ойыннан тап-таза болып, үстін былғамай келсе, демек оның ойыны дұрыс болмаған, жақсы ойнай алмаған. Сондықтан ойнауға немесе ойын алаңына бара жатқан балаға әдемі киімдерін кигізіп алып шығудың қажеті жоқ. Себебі үстін шамалы бүлдірсе, ұрыса жөнелесіз немесе үстіңді кір етесің деп еркін ойнауға мүмкіндік бермейсіз.

Бала деген ең бір шаршамайтын зерттеушілер. Олар барлық нәрсеге қызығып, айналасының бәрін танып білгісі келіп тұрады. Сондықтан оларға айналасын танып, сұрақтарына жауап табу үшін жаңа көйлек пен былғанған шалбарды уайымдамай барлық нәрсені ұстап көруге мүмкіндік берген дұрыс.


Өз заттарын сындырып қоюына БОЛАДЫ

Егер балаға бір зат, ойыншық әперсеңіз, демек ол сол заттың толыққанды егесі. Яғни, ол заттың келешегі жас егесінің қолында. Ол оны мұқият, ұқыптап ұстаса да, қызықтап бөлшектеп шашып тастаса да өзі біледі. Сондықтан бала ойыншықтарын шашып, бөлшектеп тастаса ұрыспаған дұрыс.

Балалар бәрін ашып көріп білгісі кеп тұрады. Қайта мүмкіндікті пайдалана отырып, пайдалы сабақ берген жөн. Яғни өз ісіне, өз заттарына өзі жауапты екенін айтып түсіндіре кету керек. Егер бала өз ойыншығын сындырып тастап басқасы керек деп қиғылық салатын болса, бірден дүкенге жүгіріп айтқанын орындаудың қажеті жоқ. Сонда ғана бала өз іс-әрекетінің салдарын түсінетін болады.


Өзгенің ісімен айналысуға рұқсат беруге БОЛАДЫ

Баланың қызығушылығын еш уақытта басуға болмайды. Ғалымдардың зерттеуінше шектен тыс сыншыл ата-ана психологиялық тұрғыдан тұрақсыз балаларды тәрбиелейді екен. Үнемі ата-анасының «олай жасауға болмайды, ол балалардың ісі немесе қыздардың тірлігі қайшыны ұстама» деген секілді сөздерді естіп өскен бала келешекте өзін-өзі төмендетіп, қызығушылығынан бас тартып, өмірдегі жолынан жаңылып жатады екен.

Сондықтан ұлыңыз қолына қайшы алып мата қырқып, қуыршақтарды киіндіріп ойнап жүрсе немесе қызыңыздың қолынан машина түспесе, абдырмаңыз, ол ұл-қыздан келешек дизайнер, машина құрастырушы т.б маман шығуы мүмкін.

Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: БАЛА бар тапқанын АУЗЫНА САЛА МА? Себебі бар