БАЛАҒА ұлан-асыр ТУҒАН КҮННІҢ қызығы бар ма?

0
2 762

​Баланың туған күнін қалай тойлаған дұрыс?


БАЛАҒА ұлан-асыр ТУҒАН КҮННІҢ қызығы бар ма?


Баланың туған күнін қалай тойлаған дұрыс? Бұл сұрақ қоғамымыздағы барлық ата-ананы бірдей толғандырмауы да мүмкін, өйткені мән беріп қарай бермейтін мәселеміздің бірі.

Алайда, кез келген бала үшін туған күнін атап өтудің оның маңызы үлкен. Асылында, баланың туған күнін лайықты деңгейде тойлау арқылы оның тәрбиесіне үлкен үлес қоса аламыз.


Бала психологиясын ескерсек, олар отбасылық мерекелерді өте жақсы көреді. Тіпті үйге жай ғана қонақ келгеннің өзіне қандай қуанады десеңізші. Ал, енді мереке иесі өзі екенін сезінсе, қонақтың барлығы өзі үшін келіп жатқанын білсе, қуанышы еселене түспей ме? Ендеше, балаңызға шаттық сыйлау үшін жылына бір рет берілетін мүмкіндікті құр жіберіп алмаңыз.

Ойыңызға қаражаттың артық күрмеуге келмейтіні, тұрмыстан қолыңыз тимейтіні оралды ма? Келісеміз. Дегенмен, оның есесіне, өздеріңізге де, перзенттеріңізге де бақыт сыйлайтын сәттер алатыныңызды есептеңіз. Ал, бақытты сәттер үшін, бала көзінен шашыраған қуаныш сәулесі үшін ештеңені аямауға да болады.

Балдырғанның туған күнін атап өту үшін оны түрлі балалар әлеміне, ойын-сауық орталығына апарып, құмардан шыққанша ойнатып келуге болады, әрине. Алайда, өз үйінде, жақсы көретін адамдарының ортасында өткізген туған күнге ештеңе жетпейтін шығар.


Осы тұста ескеретін бір нәрсе – баланың туған күніне өзінің қонақтарын шақыру. Ересектер арасында ұл-қызының туған күніне өзінің сыныптастары, жора-жолдастарын шақырып, баланың атаулы күні туралы мүлде ұмытып кету жиі кездеседі. Сондай-ақ, балабақшаға не мектепке торт пен тәтті сусындарды беріп жіберіп, сонда тәтті шай ұйымдастыру да туған күнді атап өтудің ең кең таралған әдісі. Бірақ, бұл аталған жағдайлардың бәрінде дерлік туған күн мерекесі ішіп-жеу мен жаттанды тілектер айтудың бәсекесіне айналып кететіні рас.


Егер балаңыздың туған күнін үйде атап өтеміз деп шешсеңіз, оны қандай жағдайда, қалай атап өтуге болатынын алдын ала ойластырып, бүге-шігесіне дейін жоспарлап алуыңыз қажет. Себебі, ол жай ғана дастархан жайылып, қалжыңмен қағытып, тілек айтылумен шектелетін ересектердің әдеттегі басқосуына қарағанда өзгешелеу болуға тиіс. Алдын ала дайындық жасауда төмендегі кеңестерді назарда ұстаңыз.

  • Бала үшін ең керемет уақыт – ол достарымен не туыстарымен өткізген уақыты. Сол себепті, ең алдымен, шақырылатын қонақтар тізіміне мән беріңіз. Онда тек балаңыздың достары мен жақын туыстар ғана болғаны дұрыс. Мәселен, 1 жас, 2 жасты тойлау үшін өзіңіздің дос-жарандарыңыз, басқа да таныстар шақырудың мәні жоқ. Отбасы мүшелерінің түгел болғаны жеткілікті. Ең бастысы – сәби жақындарының махаббатын сезініп, туыстық қатынастарын іштей түйсіне бастайды. Ал, 3 жастан асқан баланың өмірінде достардың да өз орны болады. Сол себепті, туған күн иесінің достарын шақыруды естен шығармаңыз.
  • Біздің пікірімізше, баланың туған күнін атап өту үшін ас та төк дастархан жайып әбігерге түсудің де қажеті жоқ. Мұндайда отбасы мүшелері жақсы көретін тамақ түрлерімен шектелуге әбден болады. Онда сізді сынап-мінейтін адамдар болмайды. Есесіне, бәрі сүйікті тағамдарын рахаттана жеп, бірге өткізген уақыттың да тәтті дәмін сезінетін болады. Әрине, нағыз тәтті туралы да ұмытпағайсыз. Балалардың басым көпшілігі тәтті тағамдарды жақсы көретінін өзіңіз де жақсы білесіз ғой. Тамақ турасында тағы бір айта кетеріміз – ұсынған асыңызды балаларға қызықты, көз тартатындай етіп әсемдесеңіз қатып кетеді.

  • Сыйлық мәселесі де ойлануға тұрарлық жайттардың қатарында. Кейде баланы ол әлі ештеме білмейді деп немесе онсыз да соған арнап үлкен дастархан жайып шығындалып жатырмыз деп сыйлықсыз қалдырып жатамыз. Асылында, шын жүректен сыйланған ерекше тарту баланың есінде мәңгі қалып қояды. Сыйлық таңдау барысында баланың жасын ескеру керек. Өз балаңызды Сізден артық білетін ешкім жоқ қой, сондықтан, баланың қызығушылығына сай сыйлық алу Сізге қиындық тудырмайды.
  • Міне, бәрі әзір болды, енді тек қонақтарды қарсы алу қалды. Олар жиналғанша, үйдің ішіндегі балаларға қауіпті болуы мүмкін заттарды жинастырып, жоғарыға қойыңыз, тоқ көздерін ажыратып, басқа да қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етіңіз.
  • Туған күн алдында үй ішін безендіруді де естен шығармаңыз. Қиялыңызға ерік беріп, түрлі-түсті қағаздар, ойыншықтар, шарлардың көмегімен мерекелік көңіл-күй тудырыңыз.


Сонымен, қонақтар шақырылды, дастархан мәзірі дайындалды, үйдің іші безендірілді, сыйлық та дайын. Алайда, ең негізгісі алда. Сізге балаларға анап ойын ұйымдастыру қалды. Егер, қызықты ойын ұйымдастыра білмесеңіз, бұл күннің балаңыздың есінде мәңгі қалып қоюы екіталай. Себебі, кішкентайлар үшін жақындарымен, достарымен ойын ойнағаннан артық сый жоқ.

Көрдіңіз бе, балаңыздың атаулы күнін ескерусіз қалдырмау үшін көп нәрсе қажет емес екен. Бар болғаны туыстар мен достар бас қосып, бірге тамақтанып, уақытты көңілді өткізсе болғаны. Ойдағыдай өтсе, бірнеше жылдан соң балаңыздың туған күн кештерін асқан ризалықпен еске алып отыратынына күмәніңіз болмасын!

Назарларыңызға бірнеше қызықты ойын үлгілерін ұсынамыз. Қажетіңізге жарасын!

1 жас:

Әрине, бұл жастағы сәбидің ойын ойнай алуы екіталай. Алайда, оның есінде ештеме қалмайды деп қызықты ойыннан құр қалуға да болмас. 1 жасқа толған баланы дамытатын түрлі ойындарды ойыншықтар көмегіменжүзеге асыруыңызға болады. Ойын үшін оның сүйікті ойыншығын қолданған тиімді. Ойыншықты қолмен қозғалысқа келтіріп, сөйлетіп, билетіп, секіртіп, сол арқылы баланың көңілін аулауға болады. Бұл күні жақын туыстар да баланы ортаға алып, қызықтап, оны ойнатуға тырысса, сәби санасында туыстар туралы жақсы ойдың іргетасы беки түсері сөзсіз. Ал, балаңыздың есінде ештеңе қалмайтынына алаңдасаңыз, суретке не бейнебаянға түсіріп, сақ ап қоюды ұмытпаңыз. Бұл естеліктің жыл өткен сайынқызықты ғана емес, маңызы да арта түседі.


2-3 жас:

Бұл жастағы балалар қоршаған ортада біраз нәрсені танып-біледі. Оның танымын әрі қарай дамыта түсуге туған күн кеші де қөызмет ете алады. Ол үшін танымдық-дамытушылық ойындар ойнатыңыз. Ойындардың дені жарыс не тапсырма түрінде болса құба-құп. Туған күн иесі жеңіске жету арқылы сыйлығын алады. Мәселен, үлкендер жан-жануарлардың іс-қимылын, дауысын салады, ал бала оның қандай жануар екенін табуға тиіс.

Ойын үшін балақайдың киімдерін де қолдануға болады. Айталық, бір қорапқа оның шұлығы, қолғабы секілділердің бір сыңарын салып, келесі қораптан екінші сыңарын табуын тапсыруға болады.

4 жас:

Бұл жастағы баланың достары болатыны айдан анық. Сол себепті, ойындар да достардың қатысуымен өткені жөн. Олар былтырғыға қарағанда көп біледі әрі ойын шарттарын да жақсы түсінеді. Сондықтан, ойынның көптеген түрлерін ойнатуға болады. Бала кезіңізде ойнаған ойындарыңызды бір еске түсіріп, оны өз ұрпағыңызға да үйретіңіз. Мәселен, «Соқыр теке» ойыны. Бірге ойнасаңыз тіпті қызық болғалы тұр.

Келесі бір қызықты ойынды өткізу үшін балаларға арнап бірнеше ойыншық даярлауыңызға тура келеді. Қалың қалташаға жемістер, жануарлар секілді ойыншықтарды салып әзірлеп алыңыз. Кейін балаларды біртіндеп шақырып, қалтаға қолын салғызасыз. Ол қолына ұстаған затының ненің көшірмесі екенін табуға тиіс. Дұрыс тапқан бала ойышықты иеленеді.

5-6 жас:

Мектепалды даярлық тобына баратын балалардың өздері де біршама қызық ойындар білетініне сенімдіміз. Оларды ойнай берсін. Сонымен қатар, өзіңіз де жаңа бір ойынмен таныстырыңыз.

Мәселен, сыйлықтарыңызды алдын ала үйдің бірнеше бұрышына тығып қойыңыз. Сосын оны тауып алуға болатындай етіп карта сызыңыз. Әлбетте, ол балаларға түсінікті болатын белілермен белгіленуі керек. Балалар қазына жасырынған жерлерді тауып алғанда, ол жерден туған күн иесіне арналған сыйлықтарға, балаларға арналған тәттілер, ойыншықтар секілді «мол қазынаға» кенелетіндей болсын.

Бұл ғана емес, өз қиялыңыздан неше түрлі етіп қызықты ойындар туғызуыңызға әбден болады. Тек ол балаға қызықты ғана емес, пайдалы да болсын. Бастысы, есте қаларлықтай болсын.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Бәріне үлгересіз! КӨПБАЛАЛЫ және ЖҰМЫСБАСТЫ аналарға 7 ӘДІС