Балаларға ОРАЗА ЕРЕЖЕСІН БҰЗУҒА бола ма?

0
6 954

Үлкендерге еліктеп ауыз бекіткісі келген балаға не айту керек?


Балаларға ОРАЗА ЕРЕЖЕСІН БҰЗУҒА бола ма?

Мұсылман қауымы үшін қасиетті ай – Рамазанның да орта шеніне таяп қалдық. Осы уақыт ішінде көптеген отбасыда балалар да ораза ұстап көріп жатқаны анық. Алайда, отыз күн астан тыйылуға бәрі бірдей шыдай алмай жатады. Үйдегі үлкендерге не достарына еліктеп ауыз бекіткісі келген балаға не айту керек? «Соңына дейін жеткізе алмайсың» деп тыйым салу қажет пе? Әлде бүгін бекітіп, ертең қайта ашып жіберетінін біле тұра, рұқсат беруге бола ма? Жалпы, Рамазан айының, оразаның мән-мағынасын балаға қалай түсіндірген дұрыс? Қай жастан бастап ауыз бекіту парыз? Осындай сұрақтардың жауабы әр ата-ана үшін маңызды болар.


Барлық мұсылман қауымына балиғат жасына толғаннан бастап ораза ұстау – парыз. Балиғат жасы ер балаларға 12 жас болса, қыз балаларға 9 жас болып есептеледі.

Алайда, бұл жасқа әлі жетпеген бола тұра ауыз бекітуге қызығушылық танытса, оны қолдау керек.

Балиғат жасына толғанға дейін ата-ана бала бойында қызығушылық оятып, әр жылы бір не бірнеше күннен ораза ұстап көруге мүмкіндік бергені дұрыс.


РАМАЗАН АЙЫ ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕЛЕУ

Рамазан айының алдында және ай бойы балаларға оның мән-мағынасы, маңызы, қасиеттілігі, оразаны не үшін ұстайтыны, пайдалары жайлы қызықты етіп баяндаңыз. Бұдан бөлек, пайғамбар мен оның сахабалары жайлы ғибратты әңгімелер айтып не оқып беруге болады. Күні бойы астан тыйылудың өзін-өзі қинау, жазалау емес, керісінше, өзіміз үшін өте пайдалы әрі қуанышты жағдай екенін түсіндіріңіз.


ӘР КҮНДІ МЕРЕКЕГЕ АЙНАЛДЫРУ

Балалармен бірге отбасы мүшелеріне, басқа да туыс-достарға құттықтау ашықхаттарын, сыйлық дайындауға болады. Үй ішін безендіріңіз. Осылайша, балаға Рамазан айының өздеріңіз үшін үлкен мереке екенін ұқтырасыз. Болашақта да Рамазан, ораза ұстау тек жақсы естеліктермен есте қалады.


ТОЛЫҚ КҮН ҰСТАУҒА МӘЖБҮРЛЕМЕУ

Балалардың ауыз бекіту-ашу уақыттары ересектермен бірдей болуы шарт емес. Бұл белсенді өсіп келе жатқан ағза үшін үлкен соққы, кедергі болуы мүмкін. Олар үшін жеңілдік жасап, ертерек (баланың шыдау мүмкіндігіне қарай) ауыз ашуына рұқсат бергеннің айыбы жоқ.

Балаңыз бір-екі күннен кейін ауыз бекітуден бас тартса, бұл үшін де сөкпеңіз. Қысым жасамай, «күнә», «қарыз» деген сияқты сөздермен қорқытпай, шешімін қолдаңыз. Оразаны шама-шарқынша ұстауға рұқсат екенін, бұл үшін оны ешкім кінәламайтынын айтыңыз.

4-6 жастағы балалар күніне бірнеше сағаттық не жарты күндік ораза ұстаса да болады. Ал, 7 жастан бастап алғашқы жылда толық бір күн, келесі жылында толық екі күн, одан кейінгі жылы толық үш күн ораза ұстату арқылы ойын да, бойын да жаймен үйреткен дұрыс. Немесе, «басындағы 3 күн, ортасындағы 3 күн, соңындағы 3 күн» әдісін қолдануға болады.



ТӘТТІ-ДӘМДІМЕН ҚУАНТУ

Рамазан айындағы мәзірдің қарынды ғана емес, көз бен көңілді де тойғызатындай болғаны жақсы. Дастарханды ас та төк етіп жаю міндетті емес. Қолда бар, аз ғана азық-түліктің өзін өзгеше әзірлеп, балалардың сүйікті асын дайындап, үйдегі ең әдемі ыдыстарға салып ұсыныңыз. Осылайша күн сайын кішігірім мерекелік дастархан басында отыру баланың құлшынысын одан сайын арттырады.


МАҚТАП-МАДАҚТАУ

Балалар үшін ас пен судан бірнеше сағат тыйылудың өзі орасан еңбек. Осы бір жақсы ниеті, тырысқаны, шыдамдылығы үшін мақтап-марапаттауды ұмытпаңыз.


АУЫЗ БЕКІТУДІҢ ОРНЫН ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУМЕН АЛМАСТЫРУ

Рамазан айында адамдар тек ауыз бекітіп қана қоймай, өзі және айналасындағы адамдар үшін жақсы істер жасайтынын айтыңыз. Ораза ұстамай-ақ, жақсылық жасап жүрсе, соның өзі үлкен жетістік болатынын ұқтырыңыз. Жақсылық жасау мысалдары: үй шаруасына көмектесу, қарт кісілермен амандасып, жағдайын сұрау, жақсы сөз айту, т.с.с. Ата-анасы қайырымдылық іс жасағанда, садақа бергенде баланы жанына ертіп жүргені де жақсы.

Балаға қандай да бір жеңілдік жасағанда, ораза ұстау ережесін бұзып жатырмыз деген ойға берілмеңіз. Мұның бәрі баланың балиғат жасына толғанға дейінгі дайындығы болып есептеледі. Бірнеше жыл қатарынан болған осындай дайындық нағыз ораза тұту кезінде үлкен көмегін тигізеді.

Дайындаған: А.Бектұрған,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЖАЛҒЫЗБАСТЫ аналардың өрескел 5 ҚАТЕСІ