"БАЛАМ БАҚЫТТЫ БОЛСЫН" десеңіз, БҰРЫНҒЫ ЖҰБАЙЫҢЫЗБЕН араңыз дұрыс болсын

0
4 878

Ажырасқан экс-жұбыңызбен арақатынаста осы ережелерді ұстаныңыз.


Ажырасу – ешкімге оңай тиетін қадам емес. Алайда, өмір болған соң, кездесумен қатар, қоштасудың да болып тұратыны шындық. Соған мәжбүрлейтін жағдай болса, басқа тиімді амал табылмаса, осы бір қиын шешімді қабылдауға тура келеді.

Екі жаққа кеткен «екеудің» арасында бала болса, ең қатты қиналатын – сол. Ересектердің өмірінде болған жайттарға бала кінәлі емес. Оған әке де, шеше де керек. Екеуінің бірін таңдауға, екіншісінен қол үзуге тиіс емес. Сондықтан, бір-біріңізге қандай өкпе, реніш болса да, махаббат, сезім сөніп, орнын басқа эмоциялар басса да, бала үшін ары қарай сыйластық пен араластықты сақтап қалған дұрыс.

Бала әкесінің де, анасының да махаббатын, қамқорлығын сезініп, дұрыс тәлім-тәрбиесін алып, өзін бақытты, толыққанды сезініп өсуі үшін ата-аналар мынадай әрекеттерді жасауы қажет.


1. Өкпе-ренішті ұмыту

Сіздер ажырастыңыздар. Екі бөлек кетуге мәжбүр еткен қандай жағдай болса да, енді бәрін ұмытыңыз. Кеудеде кек, өкпе, реніш сақтамаңыз. Жай ғана өз әлеміңізде өмір сүріңіз. Бұрынғы жұбыңызға «баламның әкесі» не «баламның анасы» деп қана қарап, сыйлауды үйреніңіз. Бұл қиынға түссе, оған ортақ жобаларыңыз, ортақ шарулаарыңыз бар әріптес ретінде қарап көріңіз. Қалай болғанда да, арада сау, саналы қатынас құруға тиіссіз.


2. Бір-біріңіз туралы тек жақсы сөз айту

Мүмкін, экс-жұбыңыз сіз үшін жөндем күйеу не жақсы әйел болмаған шығар. Алайда, бұл оның бала үшін де нашар ата-ана болғанын білдірмейді. Солай болған күннің өзінде, балаға бұл туралы білудің қажеті жоқ. Бір-біріңіз туралы теріс пікір айтпаңыз. Тек, жақсы жағының астын сызып көрсету, кемшілігі болса, мінсіз адам болмайтынын, өзі қандай адам болса да, перзентін жақсы көретінін балаға айтып түсіндіру – ең дұрыс әрекет.


3. Талап қоймау, міндет артпау

Иә, бала үшін ата-анасының көңілін, махаббатын, қамқорлығын сезіну маңызды. Бірге уақыт өткізіп, қасында жүргісі де келеді. Егер әке не ана ажырасып бөлек кеткені үшін өзін кінәлі сезініп, сол үшін ғана бала алдында міндеттімін санаса немесе балаға қамқорлықты экс-жұбайының талап етуінің, сот шешімінің нәтижесінде құлықсыз жасаса, бұл мүлдем керісінше әсер береді. Өйткені, бала бәрін сезеді. Сондықтан, қай тарап болмасын балаға қамқорлықты, онымен бірге уақыт өткізуді шын жүректен қаласа ғана жасауы тиіс.


4. Сын-ескертпелерді баланың көзінше айтпау

Бұл да ажырасқан ата-аналар қатаң ұстануға тиіс ереже. Бұрынғы жұбайыңыздың қандай да бір балаға қатысты әрекеті, сөзі көңіліңізден шықпаса, бұл туралы баладан бөлек жерде айтыңыз. Онда да өзіңізге мұның дұрыс емес сияқты көрініп тұрғанын жеткізіп, тек талқылауды, осы туралы ойлануды ұсына аласыз. Өйткені, сіз енді «айттым, бітті, осылай болсын» деп тыйым сала алмайсыз.


5. Оңаша қалған уақытыңызды пайдалы өткізіңіз

Баланы экс-жұбайыңыздың жанына жібергенде жауапкершілікті де қоса тапсырыңыз. Жіберуін жіберіп алып, сырттай уайымдап, алаңдаумен болсаңыз, баланы алуға барғанда ішіңіз негативті энергияға тұнып тұрады. Бұл бұрынғы жұбайыңызбен арадағы сыйластыққа салқындық әсерін береді. Балаға қатысты жауапкершілікті екінші адамға толық артқан кезде сізде бос уақыт пайда болады. Оны өзіңізге пайдалы, жағымды істерге жұмсасаңыз, позитивті энергия да келеді. Балаңызды көтеріңкі көңіл-күймен күтіп алғаныңыз бәріңіз үшін тиімді болмақ.


6. Экс-жұбайыңыздың қазіргі қарым-қатынасынан баланы қызғанбаңыз

Ешкім өткенмен күн кешпейді, «Жалғыздық та Құдайға ғана жарасқан». Кім болса да, бүгінгі айналасына қарап, серік болар адамын іздейді. Сіздің де экс-жұбайыңыз қазір жаңа бақытын іздеу үстінде не тапқан болуы әбден мүмкін. Әрине, бір кездері сіздің жаныңызда болып, қолыңыздан ұстап, ерлі-зайыптылық өмірді бірге кешкен кісінің енді басқамен болуын қабылдау кімге де болмасын қиын. Ал олардың ортасында сізден туылған баланың жүруі тіпті ойға сыймайтын дүние сияқты көрінеді. Бұрынғы жұбайыңызды қызғануға қақыңыз жоқ екенін білгесін, енді баланы қызғанасыз. Сізден көрі соларды қатты жақсы көріп кететін сияқты. Енді одан да айрылып қалатындай сезім пайда болады. Алайда мұның бәрі – бос ой. Ешкім сіздің балаңызға өзіңіздей әке не ана бола алмайды. Болуға талпынатындар да аз. Сондықтан, өзіңізді қолға алып, сабырлық танытып, бұрынғы жбайыңызды қаншалықты сыйласаңыз, оның қазіргі таңдауына да соншалықты сыйластық танытуға тиіссіз.


Әрине сіз ешкімге ештеңе міндетті емессіз. «Ересек, басым бос адаммын, не істесем де, қалай өмір сүрсем де, өзім білем» деуге толық қақыңыз бар. Алайда, қалауыңыз жоғарыдағы ережелерге қайшы келсе, бұл балаңыздың бақытына балта шабуы мүмкін.

Дайындаған: А.Мейірхан,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Баланың ауруын АСҚЫНДЫРАТЫН – өз АТА-АНАСЫ