Баланы жалғыз тәрбилеуде қателікке жол бермеңіз

0
263
Баласын жалғыз өсіріп келе жатқан аналар қоғамда ешкімге таңсық болмай қалғаны рас. Мүмкін, сіздің де осындай таныстарыңыз бар шығар?..

Баланы жалғыз тәрбилеуде қателікке жол бермеңіз

суреттер: ашық дереккөзден

Тағдырдың тауқыметін бастан кешіріп, баласын жалғыз өсіріп келе жатқан аналар қоғамда ешкімге таңсық болмай қалғаны рас. Мүмкін, сіздің де осындай таныстарыңыз бар шығар немесе көңіліңізге тигіміз келіп отырған жоқ, дегенмен, турасын айту қажет, сіз де сол жалғызбасты аналардың бірі боларсыз?..

Ендеше, бала тәрбиесіндегі жалғызбасты аналардың жиі жіберіп алатын қателіктерін жазып, қателікті түзеуге көмектессек дейміз.

Ол үшін алдымен, қандай басты қателіктерді жіберіп аламыз? Осы сұрақты өзімізге қойып, нәтиже шығаруға, жолын табуға тырысайық.

1. Балаға әкесін жамандауды доғарыңыз...

Баланың еш кінәсі жоқ. Күйеуіңізбен арада болған ұрыс-керіске, бір-біріңізді түсіне алмай, соңында жек көру сезіміне ұласып жатса, баланың бұған еш қатысы жоқ екендігін мойындаңыз. Баланың бойынан өзіңізге ұнамайтын қылықтарды байқасаңыз, «Әкеңе тартқансың! Әкең секілді жағымсызсың. Сенің әкең жаман, оңбаған адам» деп балаға әкесін жағымсыз тұлға ретінде көрсету арқылы өзіңізді балаға жақындата алмайсыз.

Әке- бала үшін авторитет. Сол биігінен түсіріп тастау арқылы балаңызға теріс тәрбие беретініңізді ұмытпаңыз.

2. Баланың әкесімен жүздесуіне қарсы болмаңыз...

Тағдырдың соқпағымен екіге айырылған жолдарыңыз үшін мүлде көріспей кету. Бір-біріңізге деген өкпе-ренішті босатыңыз. Бала ата-анасының бірге болғанын әрдайым қалайды. Алайда, сіздер бірге болмасаңыздар да баланың болашағы үшін әкесімен кездесіп тұруына шектеу қоймаңыз.

3. Ұлыңызға үлгі болар ер-азаматтың тәрбиесінен алшақтатпаңыз...

Ұл балаңыз болса, оның айналасын ер-азаматтармен қоршаңыз. Яғни, ұл баланың үлгі алып өсетін адамы болуы тиіс. Егер сіздің аға-інілеріңіз, әкеңіз болмаса, сізден шалғайда тұратын болса, спортқа баулыңыз. Жаттықтырушысына жағдайыңызды айтып, өтініш жасауыңызға болады.

4.

4. «Өзім-әке, өзім-шеше» деген түсініктен арылыңыз...

Әкенің орнын өзіңіз басуға талпынбаңыз. Сіз әйелсіз. Сондықтан, өзіңізді ұмыт қалдыруға болмайды, баламен шектеліп, өзіңізді жетілдіруден бас тартпаңыз. Әйел-әрқашан сұлу болуға міндетті.

5. Өзіңізге көңіл бөлуді де ұмытпаңыз...

Бақытты ананың кейпін бала жүрегінде қалыптастырғыңыз келсе балаңыз да бақытты болатынына сеніңіз. Өйткені, бірге тұрған бақытсыз ата-анадан бөлек тұрса да бақытты болған ана мен әке баланың болашағын жарқын етеді. Мұны көріп өскен бала есейгенде өзі де бақытты болуға ұмтылады.

6. Балаға аянышты көзқараспен қарауды тоқтатыңыз!..

«Әкесі жоқ қой» деп балаға аяушылықпен қарамаңыз. Оны шектен тыс еркелетіп, басқа балалардан бөлектемеңіз. Ата-анасы бар балалар отбасында қандай тәрбие алып жатқан болса, сіздің балаңыз да олардан еш кем емес.

Ең бастысы, сіз жалғыз емессіз! «Жалғызбасты ана» атанып, балаңызды жалғыз тәрбиелеп жатырмын деп түңілмеңіз. Сіздің жаныңызда балаңыз бар және бала тәрбиесінде көмек беретін жақындарыңыз бар. Сондықтан, өмірдің қандай бұлтарыстары болса да мойымаңыз. Өйткені, балаңыз барда сіздің түңілуге хақыңыз жоқ және ұл-қызыңыз міндетті түрде сіздің бұл еңбегіңізді бағалайды.

Әйел ретінде өзіңізді «жолым болмады» деп есептесеңіз де, ана ретінде сіз бақыттысыз. Осыны ешқашан жадыңыздан шығармаңыз. Балаңыздың болашағы үшін бақытты ана болуыңыз шарт!

Г. Жорабекқызы,

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет