Баланың ауруын АСҚЫНДЫРАТЫН – өз АТА-АНАСЫ

0
2 784

«Балам жөтеліп жатыр, қандай дәрі берсем болады?» деп желідегі адамдардан сұрау – үлкен қателік.


Баланың ауруын АСҚЫНДЫРАТЫН – өз АТА-АНАСЫ

«Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма қадалсын» - осы сөзді әр ата-ана айтады. Әсіресе, аналар. Бірақ, өзінің осылай артық өбектеуінің, шектен тыс қамқорлық жасауының және сырқаттанған уақытында бірқатар қателіктерді жіберуінің нәтижесінде буынын одан әрі босатып, ауруын асқындырып жатқанын білсе ғой. Себебі, баланың физикалық да, психологиялық та жай-күйі ата-анасының жағдайымен тікелей байланысты.

Дені де, жаны да сау бала өсіру үшін ол ауыра қалғанда ата-аналар мына қателіктерді жібермеуге тиіс.

1. «Бала ауырып жатыр» деп байбалам салу

Ата-анасының абыржуын, үрейін, мазасыз күйін бала бірден сезеді. Оған да беріліп, ол да іштей өзін жайсыз сезіне бастайды. Ауырған кезінде бұл баланың жағдайын одан әрі ауырлата түседі. Сондықтан, балаңыз ауырса бірден уайымға беріліп кетпей, қалыпты жағдай ретінде қабылдаңыз. «Біз робот емеспіз, адамның бәрі ауырады. Ештеңе етпейді, емдейміз, ағза күреседі, көп ұзамай айығып кетеді» деген ойды ең алдымен өзіңізде бекітіңіз. Содан соң балаға да айтып, сендіріңіз. Бұл ауру-сырқауды да, өмірде болатын кез келген қиындықты да қалыпты қабылдап, тиісінше күресіп, жеңіп шығып, шығарып салу, сабырлылық таныту, шыдамдылық дағдыларын қалыптастырады.


2. Күнделікті режимді бұзу

Иә, бала ауырғанда оның күнделікті режиміне аздап өзгерістер енгізуге тиіссіз. Мысалы, белгілі бір уақыттарда дәрі-дәрмегін қабылдау деген сияқты. Алайда, бұл күнделікті қалыптасқан режимді түбегейлі бұзу керек деген сөз емес. Ауырды екен деп, үйде тым стерильді жағдай жасап, жағдайды одан әрі қиындатпаңыз. Жай ғана күнделікті тазалық шараларын жасап, жеке бас гигиенасын сақтап, бөлменің ауасын жиі тазартып отырсаңыз болғаны. Сондай-ақ, күнделікті ұйқы режимін де бұзып алмау өте маңызды.


3. Шектен тыс еркелету

«Балаға тиме, ол ауырып жатыр» немесе «Байғұс балам-ай, ауырып қалдың-ау» деген сияқты сөздермен, сұрағанын беру мен қалағанын жасаумен баланы шектен тыс еркелетіп жібереміз. Оған аянышты көзбен қарау, сағаттап құшақтап отыру, дегенін жасаудың нәтижесінде балада «ауырған деген рақат екен ғой, онда мен осылай ауырып ұзағырақ жата тұрайын» деген ой пайда болады. Осындай ойдан соң ағзаның дертпен күресі өзінен-өзі әлсірейді. Сәйкесінше, ауру асқына түседі.


4. Ем-домды таныс-туыстардан, ғаламтордан іздеу

Балада ауру белгілері байқалғаннан ем іздеп, ертерек қамданған дұрыс. Бірақ, көпшілігіміз дұрыс бағыттан іздемейміз. «Осындай жағдай болып жатыр, не істеуге болады? Қалай емдеу керек?» деген сұрақты жан-жаққа жібереміз: таныстарға, туыстарға, уатсаптағы топтарға... Әлеуметтік желідегі топтарда отыратын бейтаныс адамдар арасына талқыға салып жіберіп, солардан ем сұрайтынымыз тіпті қызық. Қызық қана емес, үлкен қате әрі қауіп. Өйткені әр адамның ағзасы әртүрлі, түрлі сырқаттардың симптомдары ұқсас келеді, ал нақты диагноз екі түрлі қойылуы мүмкін. Тіпті, дерт бірдей болған күннің өзінде, әркімнің ағза, жас, салмақ, т.б. ерекшеліктеріне қарай ем түрліше тағайындалады. Бір емдік препарат екі адамға екі түрлі әсер етеді. Сондықтан, бала ауырғанда ең бірінші ем сұрау керек адам ол – дәрігер болуға тиіс. Топтардан, туыстардан сұрау керек нәрсе де – осы: сенімді, білікті, тәжірибелі дәрігер туралы, оның аты-жөні, мекенжайы немесе байланыс нөмірін сұраңыз.


5. Балаға түсіндірмеу

Балалар сырқаттанғанда көбіне қай жері, қалай ауырып жатқанын түсіндіріп айтып бере алмайды. Тіпті, ересек жастағылардың өзі солай. Мұның себебі – ата-ана бұл дағдыны кішкентайынан үйретпеуінен. Екі-үш жасынан бастап бала дертке шалдыққанда оның қандай аурумен ауырып жатқанын, екпенің не үшін екенін, қай дәрінің қандай әсер беретінін, басқа да емдік шаралардың қандай пайдасы барын түсіндіру керек. Ауыртатын, жанына бататын процедура болса, «Ауыртпайды» деп алдамай, «Аздап ауыртады, бірақ жазылу үшін шыдауың керек, мен жаныңда боламын» дегендей сөздермен қолдауыңызды сезіндіріп, жігер беріңіз. Кішірек жастағы бала болса, аурумен біріге отырып күресетін қызықты ойынға айналдыруға да болады. Сондай-ақ, аурудың алдын алу үшін қандай шаралар қолдану керегі жайлы да ақпарат беру керек. Сонда балада бойындағы ауру белгілерін сипаттап айта алу, сырқаттанған жағдайда оны қалыпты қабылдау, өзіне қамқорлық жасау, қарапайым емдік шараларды жасай алу сынды қабілеттер қалыптасады.


6. Дәрі-дәрмекке ғана сену

Ауру-сырқаудан тек дәрі-дәрмек, медициналық емнің көмегімен ғана күресіп, сонымен шектелетіндер де баршылық. Тіпті біреулер бір мақсатта қолданылатын, бірінің орнын бірі алмастыратын бірнеше препарат түрін қатарынан қолданып, тым шектен шығып жатады. Сөйте тұра, сырқат адам үшін таза ауаның, дұрыс тамақтанудың, таза су ішудің, дұрыс ұйқының, тазалықтың, физикалық қозғалыстың, басқа да пайдалы әдеттердің қажеттілігіне мән бермейді. Бала суықтап қалса, мүлде есік-терезені ашпай, оны сыртқа шығармай, вирус пен инфекция жайлаған бөлмеде қамап ұстау, «ауырып жатыр ғой, тек жыламасыншы» деп зиянды тәттілерге тойдыру осыдан шығады. Негізінде, дәрі-дәрмекті орнымен, мөлшерімен ғана қабылдап, салауатты өмір салтын қатар ұстанудың маңызы өте зор. Осыны әр ата-ана баласы ауырса да, өзі сырқаттанса да, есінде ұстап, тепе-теңдікті сақтағаны абзал.


7. Сауығуға деген ынтасын оятпау

Бұл да ата-ана көп ескере бермейтін қатенің бірі. Бала ауырғанда жазылғаннан кейін не істейтіндеріңізді ойластырып, бірге жоспар құрыңыздар. Бұл балаға қызықты нәрселер болуы керек. Мәселен, дәмханаға апарып, сүйікті асын әперу, ойын-сауық орталығына бару, басқа да бала тезірек орындалуын қалайтын, асыға күтетін жағдайларды жоспарлап қойыңыз. Сонда ертерек айығуға деген ықылас пайда болады. Бұл өз кезегінде иммунитеттің де қарқынды жұмыс істеуіне ықпал етеді. Тек жазылып кеткесін уәдеңізді міндетті түрде орындаңыз. Әйтпесе келесіде бұл әдіс жұмыс жасамай қалады.

Осындай қателерді сіз де жіберіп жүрсеңіз, балаңыздың ауруының асқынуына өзіңіз де көмектесіп жүрсіз деген сөз. Кеңестерге құлақ асып, келесіде қайталамауға тырысыңыз. Бастысы балалардың дені де санасы да сау болуы.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

МЕКТЕПТЕГІ БУЛЛИНГ: балаңыздың бұған қатысы жоқ па?