БАЛАНЫҢ СУРЕТІН желіге салғанда САҚ БОЛЫҢЫЗ

0
3 582

Қай кезде де бала қауіпсіздігі бірінші орында.


БАЛАНЫҢ СУРЕТІН желіге салғанда САҚ БОЛЫҢЫЗ

Әлеуметтік желі қазіргі таңда өміріміздің бір бөлшегіне айналып кеткен. Күнделікті не істеп, не қойғанын, не ішіп-жегенін, кіммен жүргенін жиі жүктейтіндер қатары көбейген. Өздері түгілі балалардың, тіпті жаңа туған нәрестенің де фотосын әлеуметтік желіге салатындар бар.

Әрине, парақшасына не салса да әркімнің өз еркінде. Дегенмен, балалардың суретін жүктегенде оның қауіпті жағын да ескеру керек.


«Ал менің ойымша...»

Қазір әлеуметтік желі жасырын атпен неше түрлі пікір жазатын ортаға айналған. Сондықтан балаңыздың фотосын әлеуметтік желіге салған кезде кез келген пікірге дайын болғаныңыз дұрыс. Ол жерде балаңыздың киген киімі, жүріс-тұрысы, қолына ұстағаны, ойыншығы бәрі-бәрі әңгіме болуы мүмкін. Кейбіреулер тіпті суретке қарап сіздің қанша табатыныңызды, қалай тамақтандыратыныңызды, берген тәрбиеңізді әңгіме етеді.

Баланы мұндай сын сөздерден сақтаудың бірден бір жолы – суреттерін көпшілікке жиі жарияламау.


Қауіпті

Әлеуметтік желіде отыратындарды сүзгіден өткізу мүмкін емес. Ол жерде кез келген жазбаға қатарынан лүпіл басатын жандар мен сынап отыратындар, тіпті қорқынышты пікір қалдыратындар да кездеседі.

Балаңыздың фотосын кім қарап отырғанын елестету мүмкін емес. Ондай жандар арасында ойы бұзықтары да кездеседі. Әлеуметтік желіге жүктелген фотолар арқылы сіздің қай жерде жиі жүретініңіз, қайда баратыныңыз белгілі болып тұрады.


«Менде де осындай болса...»

Көреалмау, қызғаныш деген тек байлыққа, қымбат затқа, сұлулыққа ғана емес, ол кез келген нәрсеге бола береді. Ата-аналар көбіне әлеуметтік желіге балаларының қуанышты сәтін (жарыстан орын алғаны, туған күніне сыйланған сыйлықтар, түрлі жерлерге қыдырту, тағы басқа) салып жатады.

Өмірде неше түрлі жағдайлар кездеседі. Барлық адамда бірдей балаларға сыйлық жасау немесе оларды қыдырту мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан қызғаныштан, көре алмай түрлі ашулы пікірлер қалдыруы мүмкін. Көреалмаушылық көзге көрінетін зиян тигізбесе деонымен күресу үлкенге де балаға да қиын. Кейде ауыр, көңілге тиетін пікірлерге не деріңізді білмей, ауырлатып жіберетін кездер болады.

Сондықтан фотоны салған кезде тым асырып жібермей, мүмкіндігінше шынайы болған жөн.


Жеке кеңістік

Өз фотоңызды өзгенің парақшасынан көріп қалуыңыз мүмкін. Ол сізден рұқсат та сұрамады, ескертпеді де делік. Сіздің әрекетіңіз қандай болады?

Әрине, бұл ұнамайды. Бірден суретті алып тастауды талап етесіз. Дәл осы жағдай баланың да басында болады. Тек олар өз құқығын білмеген соң талап ете алмайды. Балаға өзінің жалаңаш немесе ойнап отырып, түрін өзгертіп түскен фотоларын өзгелердің көргені ұнамауы мүмкін.

Ғаламтордан ештеңе түбімен жоқ болып кетпейді. Жүктеген фотоларыңыз мәңгіге сонда қалады. Әлеуметтік желіні күнделік ретінде пайдаланып, баласының өсіп келе жатқанын ай сайын салып отыратын ата-аналар бар. Бұл қызықты болуы, әрі жазылушыларды көбейтуі мүмкін. Бірақ бірінші кезекте баланың өскеннен кейін өз фотоларын көріп қандай күйде болатыны ескерілуі керек.

Егер балаңыздың өмірінен естеліктер сақтағыңыз келсе, кәдімгі фотоальбом жасаңыз. Оны тек өзіңізге жақын жандар ғана көре алады.


Лүпілге тәуелділік

Кез келген әлеуметтік желіде жазбаны бағалау мүмкіндігі бар – лүпіл, жоғары қарап тұрған бармақ, тағы басқа. Мұның барлығы контетті жасаған адамды қолдау мақсатында жасалған. Ал қазір бұл қолдаудан гөрі лүпіл жинау жарысына айналғандай.

Бала сіздің көшірмеңіз екенін ұмытпаңыз. Егер әлеуметтік желіге фотоларды лүпіл жинау үшін салатын болсаңыз, бала соған еліктеп, тәуелді болып қалуы мүмкін. Сондықтан балаға лүпілдің тек қолдау үшін жиналғанын, оның ерекше бір орны жоқ екенін және бәріне бірдей ұнау мүмкін еместігін айтып отырған абзал.


Ұрлық

Кейбір ақылы сервистер жарнама үшін суреттерді сатып алады. Алайда бәрі бірдей емес, кейбірі фотоны өзіне рұқсатсыз жүктеп алады. Әрине, мұны алдымен ескертіп айту керек. Егер ескертуге құлақ аспаса, онда заңға жүгінуге тура келеді.


Қауіпсіздік бәрінен жоғары болу керек

Баланың фотосын желіге жиі жүктеген сайын бөтен жандарға ол туралы көптеген ақпарат беріп жатқаныңызды ойлаңыз. Ойы бұзық жандар парақшарақшаңызға кіріп шығып-ақ, балаңыздың нені жақсы көретінін, қай жерге жиі баратынын, қай жолдармен жүріп, не ішіп-жейтінін біле алады.

Балаңызға бөтен адаммен сөйлеспе дегенмен бәрін танып біліп тұрған жанмен бірге кете беретінін ескерген дұрыс.

Қай кезде де бала қауіпсіздігі бірінші орында.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.