​Балаңыз көпшілік ортада өзін дұрыс ұстай біле ме?

0
2 778

Қоғамдық орындағы әр әрекетіңіз балаңызға үлгі.


​Балаңыз көпшілік ортада өзін дұрыс ұстай біле ме?

Балалар – қоғамның маңызды бір бөлшегі. Бала болған соң тентек болмай, жыламай тұрмайды. Және олар еркелігін көрсету үшін жер, орын, уақыт таңдамайды. Осыны түсіне тұра, қоғамдық көліктерде, тынығатын, тамақтанатын, басқа да көпшілік жиналатын орындарда еркелеп жылап, мазаны алатын баланы жақтырмайтындар, ескерту айтып, тіпті ұрсатындар табылады.

Сондықтан, балаға көпшілік ортада өзін қалау ұстауды, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауды, өзгелердің еңбегі мен құқықтарын сыйлауды кішкентайынан үйреткен дұрыс.


  • Балаға әр жерде әртүрлі тәртіппен жүру керегін түсіндіріңіз. Үйде айқайлап, шулап ойнауына рұқсат ететін болсаңыз, ал сыртқа шыққанда қатты дауыс шығаруға болмайтынын, басқа адамдар ренжитінін түсіндіріп айтыңыз.
  • Баланы сыпайылыққа үйрету – ата-ананың міндеті. Яғни, ол көшеде біреуге кедергі жасағаны үшін кешірім сұрамаса, көмегі үшін алғыс айтпаса, сәлемдеспесе – бұл үшін бала емес, ата-анасы кінәлі.
  • Балаға ескерту жасағанда оның шамына тимейтіндей етіп, жұқалап жеткізіңіз. Жұрт көзінше жекіп, ұрыспаңыз. «Айтып едім ғой саған, неге ұмыта бересің?», «неге тыңдамайсың?» деген сөздер де артық болады. Бала сіз сызған сызықтан шығып кеткенде қолданатын «сиқырлы сөз» ойлап табыңыз. Тек бұл сөз оны басқалардың алдында ұялтатындай болмауы керек. Жұрт көзінше табалаған үлкендердің өзіне ұнамайды, ал баланың кішкене жүрегін өзіңіз ойлап көріңіз. Сөзіңіздің пайдасынан зияны көп болып жүрмесін.


  • Егер баланы ұзақ жолға алып шығатын болсаңыз, алдын ала дайындаған дұрыс. Жол үстінде біраз уақыт бір орыннан қозғалмай отыруға тура келетінін, көліктегі басқа адамдарға қақтығып-соқтықпау қажеттігін, көлік жүргенде оның ішінде әрлі-берлі жүруге болмайтынын түсіндіріңіз. Реті келсе, жолға шықпас бұрын армансыз ойнауына, өзін еркін ұстауына көбірек уақыт бөлген жөн. Баланың жолда іші пысып, жабырқамауы үшін, оны алаңдататын сүйікті ойыншығын ала шығуды да ұмытпаңыз.
  • Балаңыздың мүмкіндіктеріне көңіл бөліңіз. Балалар шудан, көпшілік жиналған жерден, ұзақ жол жүруден тез шаршайды. Сол себепті өзін өзі басқара алмай, түрлі қылық шығара бастайды. Балаңызды басқалармен салыстырып, «неге үш сағаттық цирк қойылымына шыдамайды?», «неге жұрттың баласы сияқты бірнеше сағат әткеншекте ойнауға шыдамы жетпейді?» деп налудың қажеті жоқ. Қайта өзіңіз балаңызға қуаныш сыйлайтын, өзіңізге қарағанда сол көбірек шаттанатын жерлерге барыңыз.

  • Бала қоғамдық орындарда шуламас үшін назарын басқа нәрселерге аударып отырыңыз. Онымен әңгіме айтыңыз не басқа ермек ойлап табыңыз. Бала үнемі бір нәрсемен айналысып отырса, артық қадамға бармайды. Мысалы дүкенге барған кезде «Анау сусынды ала қойшы», «мынау сүттің жарамдылық мерзіміне қарап алу керек», «бұл жеміс осындай жерде өседі», «мына нан бізге көп еңбекпен келеді» деп сөйлеп жүрсеңіз, ол сізді тыңдаудан артық тентектікке «қолы босамайды» әрі білмегенін үйретіп, танымын арттыра түсесіз.
  • Бала сыпайы, тәртіпті болып өсуі үшін, ең алдымен өз тәртібіңізге, өзіңізді ұстауыңызға, адамдармен араласуыңызға мән беріңіз. Қоғамдық көлікте болмашы әрекетке бола басқалармен ұрысып, бет жыртысып жатсаңыз, тіпті тілі шықпаған, есін білмейтін баланың өзі бұл әрекетті өзіне қабылдайды.


  • Ойын алаңында балалар арасында конфликт көп туындайды. Олар бір ойыншыққа таласуы, бір-бірін ұрып, тіпті, төбелесіп қалуы да мүмкін. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін ойын алаңы ережелерін күнделікті құлағына құю керек. «Әлі кішкентай ғой, ұқпайды» деп үнсіз қалмаңыз. Бір-екі айтқаннан қабылдай қоймаса да, түсінік уақыт өте келе қалыптасады. Бастапқыда бала жасауға тиіс әрекеттерді өзіңіз жасаңыз. Мәселен, балаңыз біреудің ойыншығын тартып алса не біреуді ұрса, жетектеп барып, өзіңіз кешірім сұраңыз. Сындырып қойған жағдайда кешірім сұрап, орнына жаңасын алып, балаңызға апарып бергізіңіз. Өзге баланың ойыншығына қызықса, «бізге ойнауға бере тұрасың ба?» деп балаңыздың көзінше сұраңыз. Ойыншығын бергісі келмесе, қалыпты қабылдаудың, әрі қарай ол баланы жайына қалдырудың үлгісін көрсетіңіз.

  • Қоғамдық орында тамақтанғанда баланың тамақты төгіп-шашуы – қалыпты жағдай. Оны тыйымдармен, шектеулермен шаршатпаңыз. Тек, соңында осы жасағаны үшін даяшыдан немесе еден жуушыдан кешірім сұраңыз. Қызметақысына қосымша сыйақы ұсынсаңыз да артық болмайды (бұл міндетті емес, әрине). Бұл әрекетке балаңыз куә болсын. Сонда өсе келе ол осындағы қызметкерлер еңбегін бағалау керектігін ұғынады.


Көпшілік орында балама ешкімнің зияны тимесе болды деудің орнына, балаңыздың да басқаларға және ортақ мүліктерге зиянын тигізбеуін қадағалаңыз.

Дайындаған: А.Бектұрған,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Төркінге не «ТАСУҒА» болмайды?