Балаңыз жұрт көзінше БОҒАУЫЗ СӨЗ айтса, НЕ ІСТЕЙСІЗ?

0
1 943

«Енді айтсаң, аямаймын» дейсіз бе?


Балаңыз жұрт көзінше БОҒАУЫЗ СӨЗ айтса, НЕ ІСТЕЙСІЗ?

Әр бала өсу-даму жолында әйтеуір бір уақытта балағат, ұятты сөздерді айтып көреді. Ұл ма, қыз ба, қандай отбасында тәрбиеленіп жатыр – қатысы жоқ. Үлкендерден естиді, достарынан үйренеді. Тіпті біреулеріне әдейілеп жаттатып, соны қызық көріп, күліп жатады.


Сіздің балаңыз үйде немесе жұрт көзінше боғауыз сөз айтса, не істейсіз?

  • «Өсе келе қояды, ақылы кіргесін айтпайды» деп мән бермеуіңіз мүмкін.
  • Немесе қабақ түйіп, «Айтпа ондай сөзді, ол – жаман» деумен шектелерсіз.
  • «Ой, сен жаман сөздер айтатын жаман бала екенсің» деп өзінен жирендіріп жеңем дейсіз бе?
  • «Енді айтсаң, аямаймын» деп қорқытып қойдырамын дейтін боларсыз.
  • Аузынан ұрып қоқан-лоққы көрсететіндер де бар.


Бірақ, бұл әрекеттердің бәрі нәтижесіз болады. Көпшіліктің көзінше айтып салғанда, ол үшін өзіңіз қызарып қаласыз.

Егер ата-ана дұрыс реакция көрсетіп, жөнге салмаса, сол күйі әдет болып қалуы әбден мүмкін.


Себебін біліңіз

Бірінші кезекте, балаңыз әдепсіз сөз айтқан уақытта оған айрықша реакция көрсетпеңіз. Күлмеңіз, ашуға беріліп, айғайлай жөнелмеңіз, үркітпеңіз, ұрмаңыз. Сабырлы қалыптан таймаңыз. Шын мәнінде ештеңе күйіп кеткен жоқ. Оқиға көпшіліктің алдында болса, бірінші кезекте, айналадағылардан бала үшін кешірім сұраңыз. Егер әдепсіз сөзі нақты біреуге бағытталса, ол адамнан баланың өзі де кешірім сұрауын қадағалаңыз.

Екінші кезекте, оны неге айтып тұр, соның себебін анықтаңыз. Себеп әртүрлі болуы мүмкін. Ең жиі кездесетіні мыналар.

  • Өзіне назар аудартқысы келеді. Егер балаңыздың былапыт сөзбен былғануына негізгі себеп осы деп ойласаңыз, мәселе сөйлесумен шешіледі. Мұндай сөздерді қолдану әдепсіздік екенін, біреуді балағаттау арқылы оны қатты ренжітетінін оңашада түсіндіріңіз. Балаңыз көңіл бөлуіңізді сұрап жатса, «қоя тұршы» деп қол сілтемей, көңіл аударыңыз. Не қалайтынын біліңіз. Сұранысын орындаңыз.
  • Негативті эмоциясын шығарудың жолы. Бұл жағдайда негативті эмоциясын шығарудың, ашу-ызасын білдірудің басқа да жолдарын, балама сөздерді үйретіңіз.

  • Ұялшақтығын осылайша жеңуге тырысу. Кей балалар өзінің ұялшақтығын, көпшілік ортада қысылатынын бейәдеп сөздер айту арқылы жасырғысы не жеңгісі келеді. Бұл кезде де баламен сөйлесіп, оған балағат сөз айту мықтылықты, батылдықты көрсетпейтінін түсіндіру керек. Ол қолынан іс келмейтін әлсіздердің «ауызбен орақ оруы» екенін қарапайым бала тілімен ұқтырыңыз. Достарының ортасында өзін сенімді ұстауына, қысылмай, еркін сезінуіне көмектесетін басқаша тәсілдермен таныстырыңыз.
  • Сүйікті кейіпкеріне еліктеу. Өкінішке орай, қазір көптеген фильмдерде, тіпті балаларға арналған кей мультфильмдерде де кейіпкерлер аузынан бейәдеп сөздерді естіп жатамыз. Өзіне ұнаған кейіпкерге еліктеген бала оның іс-әрекетімен қоса, сөздерін, оның ішінде әдепсіз сөздерді де дәлме-дәл көшіреді. Сондықтан, балаңыздың не көріп жатқанын қадағалаңыз. Балаларға арналған фильм-мультфильм, басқа да бейнероликтерді алдымен өзіңіз бір қарап шығыңыз. Бейәдеп сөз, оғаш қылық орын алмағанын ғана көруге рұқсат беріңіз.
  • Мағынасын түсінбейді. Расында да, көп жағдайда балалар өзі айтып тұрған сөздің мағынасын мүлде білмейді. Жай ғана естігенін жаттап алған. Сондықтан, есі кіріп қалған бала болса, түбегейлі болмаса да, жақын синонимдермен, жанама ұғымдармен кішкене болсын мән-мағынасын ашып беріңіз. Сонда өз айтқан сөзінен өзі ұялып, келесіде қайталамауға тырысатын болады.
  • Ата-анасын не басқа бауырларын ызаландыру үшін әдейі айтуы да мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, манипуляция. Негізгі себеп осы екенін білсеңіз, құрығына ілінбеңіз. Ересек балаларға да осыны айтып, түсіндіріп қойыңыз, елеусіз қалдырсын. Ата-анасы не бауырының ызаланбай, сабырлы қалыптан таймай тұрғанын көріп, манипуляциясы өтпегенін білген бала өзі-ақ доғарады.
  • Есейгенін білдіруге тырысу. Есі кіре бастағаннан бала өзін есейдім деп санайлы. Үлкендерді өзін әлі кішкентай деп санауы ызасын келтіреді. Сондықтан, үлкендер қолданатын сөздерді айту арқылы өзінің де үлкейгенін білдіргісі келеді. Мұндайда оған өз жасына сай тапсырмалар беру, сенім арту, сырласу, маңызды адам санап, тең дәрежеде сөйлесу арқылы есейгенін мойындайтыныңызды білдіре аласыз.
  • 2-4 жастағы балаға жаман сөзді айтуға тыйым салсаңыз, қызығушылығы одан әрі артады. Бұл жерде басқа әдіс қажет, назарды басқа біреуге аударған дұрыс. Мысалы, «Қарашы, ана бала сондай әдепсіз екен, жаман сөз айтып жатыр. Анасы ол үшін ұялып тұр» Өйткені, бұл жастағы балаларға өзінен гөрі, біреудің іс-әрекетін, сыртқы мысалдарды талдау оңайырақ.
  • Салыстырмалы түрдегі мысал көрсетіңіз: «Мен сенің жақсы жақтарыңды мақтан тұтқым келеді, мұндай жаман әдетіңді емес».


Жасөспірімнің жөні бөлек...


Жасөспірім бала балағат сөздерді қолданса, оның жөні бөлек. Себебі ол әдепсіз сөздердің мағынасын жақсы білуі және әдейі, қандай да бір мақсатты көздеп қолдануы әбден мүмкін.

Жасөспірімдік кезеңдегі балалар өзін-өзі тану, жетілдірудің орнына, құрдастар арасындағы орнын іздеумен әлек болады. Олардың арасында момақан, қарапайым, оқымыстылар «аутсайдер», яғни, «онша еместер» болып саналады. Ал «жаман жігіт» немесе «албырт қыз» образдары керемет болып көрінеді. Сондықтан түгелі дерлік осы образда көрінуге барын салады. Ол үшін ең қарапайым жол – әдепсіз жаргондар, балағат сөздер қолдану.

Әдетте, жасөспірімдер мұндай сөздерді тек достарының ортасында қолданып, көпшілік ортада, ата-анасының алдында момақан болуды қатырады. Себебі оның дұрыс емес екенін біледі. 17-18 жасқа қарай боғауыз сөздерге деген қызығушылығы өзінен-өзі басылуға тиіс.

Бірақ, егер көпшілік пен ата-анасының көзінше де бейәдеп сөздерге жол берсе, жағдай ушықты деген сөз. Оның алдын алу үшін жасөспіріммен көбірек сөйлесіңіз. Достары, араласатын ортасы, қызығушылықтары жайлы білуге тырысыңыз. Сізге бәрібір еместігін, оған қатыстының бәріне қызығушылығыңыз бар екенін білдіріңіз. Оны еш мәжбүрлеусіз, қинаусыз оқуға, спортқа, басқа да жақсы әрекеттерге қарай тартыңыз. Қалай болғанда да, ата-ана баласының мінез-құлқына бей-жай қарамауы керек.


Не істемеу керек?

Ең бастысы, баланың балағат сөздерімен күрес баланың өзімен күреске ұласпауы керек. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты бұзбау басты назарда болсын. Келесі қателіктерге жол бермеу өте маңызды:

  • Ойнауға, қыдыруға тыйым салу, қандай да бір затты қолданудан шектеу
  • Балағат сөзге қатты мән беріп, «оны айтқан бала – түбегейлі жаман бала» деген ой салу.
  • «Мен болмайды дегесін – болмайды! Айтпа дедім бе – айтпа!» дегендей өктемдік көрсету
  • Жаман сөз айтқаны үшін жұрт алдында жазғыру, көпшілік көзінше тәрбиелеу
  • Бірінші рет айтқаннан өте өрескел реакция көрсетіп, бірден ашуланып ұрсу, ұру
  • Құлау, ауырсыну, т.с.с. жанына бірдеңе батқанда айтқан сөздері үшін жазғыру
  • Олар бейәдеп сөздер айтады деп достарынан ажырату

Осы қателіктерге жол бермеңіз. Қандай сөз айтса да, сіз үшін сіздің балаңыз ең жақсы перзент екенін, оны жақсы көретініізді, тек осы бір жаман әдетті қою керегін жай сөзбен, сырласумен, ақыл-кеңес беру, өтініш айту сынды жолдармен жеткізіңіз.

Балалар – кішкентай көшірмелер. Ең бірінші кезекте, өз әкесі мен анасының көшірмесі. Егер оның ішкі шеңберінен біреу мезгіл-мезгіл әдепсіз сөздер мен сөз тіркестерін қолданса, бала мұны тез есте сақтайды. Сондықтан, ең басты ереже: егер балаңыздың балағат сөздер айтқанын қаламасаңыз, ең алдымен оны өзіңіз қолданбаңыз.

Түсінуге болады, кейде ата-анаға да өз эмоциясын іште сақтап қалу қиын соғады. Алайда, негативті эмоцияны, агрессияны шығарудың балағат айтудан басқа жолдарын балаға үйретпестен бұрын, өзіңіз меңгеріңіз.

Дайындаған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Оған бұл сөздерді АЙТА КӨРМЕҢІЗ!