​БАЛАҢЫЗҒА басқалармен ДОСТАСУ қиын ба?

0
4 146

Бұл жағдайда оған ата-анасынан көмек керек.


​БАЛАҢЫЗҒА басқалармен ДОСТАСУ қиын ба?

«Бұл жақта менің досым жоқ!»

«Менімен ешкім дос болғысы келмейді!»

«Досым мені тастап, басқамен кетіп қалды»

Таныс сөздер ме? Балаңыздан жиі естисіз бе? Ендеше, төмендегі ақпарат сіз үшін.


Дос – адам өміріндегі маңызды тұлғалардың бірі. Оның алар рөлі, атқарар қызметі үлкен. Сондықтан, баланы кішкентайынан қатарларымен тіл табысуға, достасуға, дос таңдай білуге үйрету маңызды. Осыларды кішкентайында үйренбегендер есейе келе де өзіне жақын дос таба алмай, тұзсыз ас секілді дәмсіз күн кешеді.

Егер балаңыз 2-3 жаста болса, уайымдауға әлі ерте. Ал 4-5 жастан асқан соң да ешкіммен дос болғысы келмесе немесе өзі қаласа да басқа балалармен тіл табыса алмаса, ата-ана әрекетке көшуі керек. Өйткені, 6-7 жастағы баланың әлемді тануы, дұрыс дамуы, қалыптасуы үшін өзі қатарлы досы болуы міндетті.


Ең алдымен балаңыз неге дос таба алмай жүр, себебін анықтаңыз.


Жасқаншақтық, жалғыздыққа бой үйрету

Үнемі жұмысбасты болып, балаңызға жеткілікті уақыт бөлмейсіз бе? Бала бірге ойнауды не сөйлесуді сұрағанда «Уақытым жоқ. Жұмысым көп, қолым бос емес. Бар, өзің ойна. Мазамды алма» дегендей сөздермен жекіп тастайсыз ба? Ендеше, сіздің баладағы басқалармен дос бола алмаудың себебі – жасқаншақтық. Ол өзін ешкімге керексіз әрі қызықсыз сезінеді. Өзінің қатысуынсыз-ақ әп-әдемі ойнап жүрген адамның мазасын, уақытын алғысы келмейді. Бір жағынан, бірге ойнауға, дос болуға ұсыныс жасаса, қабылдамай, қайтарып тастайтынына сенімді.


Өзіне сенімсіздік

Баланың өзіне сенімсіздігі ұялшақтық, өзін басқалардан кем көру, бойындағы қандай да бір кемшіліктен ұялу сынды мінез-қылықты тудырады. Отбасындағы өз тарапына айтылған қандай да бір кемсіту сөзін енді сырттағы адамдардан естігісі келмейді. Әрі өзін бәрінен кем санап, «Менімен ешкімнің дос болғысы келмейтін шығар» деген ойды шығарып алып, өзі соған сенеді.


Достасуға мүмкіндіктің болмауы

Кейде ата-ананың жұмыс жағдайына, өмірлік көзқарасына, басқа да себептерге байланысты жиі көшіп-қонуына тура келеді. Осындай жағдайда тұрғылықты жердің, қоршаған ортаның, айналадағы адамдардың жиі ауысуы баланың басқалармен жақын, сенімді достық қарым-қатынас орнатуына үлкен кедергі. Сондай-ақ, баланы түрлі үйірмелерге жазып, бос уақытының бәрін сабаққа арнауға мәжбүрлеу немесе үй тіршілігін мойнына арту арқылы басқа балалармен ойнауға, әңгімелесуге жеткілікті уақыт бөлмеу де бір себеп. Жақын маңдағы балаларды асықпай бақылап, олармен сөйлесіп, тіл табысып, достасу, сырласу үшін де уақыт, жайлы жағдай керек.


Әке-шешенің, ата-ананың жағымсыз сөздері

Үйдегі үлкендердің көрші-көлемді әңгіме қылуы, іс-әрекеттерін талқылауы, жамандауы – жиі орын алатын жағдай. Кейде олар көршілердің балаларын да сөз етіп жатады. Осындай жағымсыз пікірлерді естіген балада «Ешкімге сенім артуға болмайды. Айналадағы адамдардың бәрі жаман» дегендей ойлар қалыптасады.

Мінез-құлық ерекшелігі

Кей балалардың ешкіммен дос болғысы келмейді, ондай жанды іздемейді де. Өйткені жаратылысынан жалғыздықты, тыныштықты сүйеді. Басқалармен улап-шулағаннан көрі, оңаша отырып өзімен-өзі ойнағанды жақсы көреді. Бірақ, өзі қажет етпегенімен, мұндай балаға да дос керек.

Сондай-ақ, тым белсенді, өз ортасында көшбасшы болғысы келетін балаларға да дос табу қиынға түседі. Өйткені, олар бәрін өз айтқанымен жүргізгісі келіп көп шу шығарады. «Мен таңдаған ойынды ойнаймыз», «Мен орнатқан ережемен жүреміз» дегендей өктемдікке екінің бірі көне бермейді. Нәтижесінде мұндай баламен ешкімнің достасқысы да келмейді.


Балаңыздың бойында осындай себептерден туындаған достаса алмау мәселесі барын байқасаңыз, оған көмектесіңіз.

Тұрақтылықты қамтамасыз етіңіз

Балаға бірнеше жыл, тым құрығанда бірнеше ай бойы таныс болып қалған тұрақты орта қажет. Сол ортадағы балаларды бақылап, ішінен өзіне жақын, ортақ тіл табыса алатын жанды тауып, онымен жақын достық құру үшін уақыт керек. Егер тұрғылықты үйден көшуге тура келсе, мүмкіндік болса балабақша не мектепті бірден ауыстырмауға тырысқан дұрыс. Ал мүлде басқа елдімекенге көшуге, басқа бақша не мектепке ауысуға тура келсе, бұрынғы достарымен байланыс жасап тұруына жағдай жасаңыз. Әрі жаңа ортадан да дос табуы үшін көмектесіңіз.


Достыққа уақыт бөліңіз

Баланы жан-жақсы дамыту, қабілеттерін жетілдіру маңызды. Алайда, қатарластарымен қарым-қатынас жасау да осы дамудың бір бөлшегі екенін ұмытпау керек. Сондықтан сабақ, қосымша сабақ, үйірмелер, спорттық секциялар арасында өзге балалармен араласуына, ойнап-күлуіне, демалуына да арнайы уақыт бөлу қажет.


Үлгі көрсетіңіз

Өз достарыңызбен жиналғанда балаларды да ертіп апарып тұруға болады. Немесе жай ғана достарыңыз жайлы әңгімелеп беріңіз. Бұл баланың достықтың маңызын түсінуге, шын достықтың бар екеніне сенуіне көмектеседі, өзіне де дос іздеуге итермелейді.


Өзіне сенімділікті қалыптастырыңыз

Балаға өзінің қандай жан екенін, бойында қандай артықшылықтары барын, өзімен уақыт өткізген несімен қызық екенін білу маңызды. Ата-ана баламен осы тақырыпта жиі әгімелесіп, өзін жақсы тануына, үнемі қолдап, мақтап отыру арқылы өзін жоғары бағалауына көмектескені абзал.

Достары туралы әңгімелесіңіз

Баламен әңгімелесуге уақыт табыңыз. Әсіресе, ұйқыға жатар алдында міндетті түрде сырласыңыз. Достары не дос бола алмаған балалар туралы әңгімесін тыңдаңыз. «Сен қалай ойлайсың, неге олай болды? Ол неге өйтті?» деген сияқты жетектеуші сұрақтар қойып, ойлануына, өзінің және басқалардың әрекеттерін талқылауына, жауапты өзі табуына мүмкіндік беріңіз.


Достарын қабылдаңыз

Егер балаңыз дос тапса, оны тануға сіз де тырысыңыз. Сақтық үшін. Тек бірден ұнатпағаныңызды білдіріп, «онымен дос болма» деп тыйым салудан аулақ болыңыз. Балаңызға айтарлықтай зияны тимейтіндей болса, қандай да бір сізге ұнамайтын қасиеті үшін қатты сынға алмаңыз. Жай ғана балаңыздың таңдауын қабылдап, шынайы әлде уақытша достық екенін өзі ажыратып алуына мүмкіндік беріңіз. Сондай-ақ, «мына баламен дос болма, ана бала жақсы, сонымен достас» деп нұсқау беру де артық.


Мінез ерекшелігін ескеріңіз

Егер балаңыз оңашалықты жақсы көретін болса, оған өзі секілді интровертті тауып беріңіз. Өйткені, қанша жерден жалғыздықты, өзімен-өзі ойнағанды жақсы көрсе де, баланың дұрыс дамуы үшін сыртқы әсер керек. Екі интроверт те үнсіз достасып, тілсіз түсінісіп, бірге ойнай алады.

Сонымен қатар, бәріне үстемдік жасағысы келетін көшбасшы балаңыз болса, оған көпшілік ортада өзін қалай ұстауы керегін үйретіңіз. Тек өзім деген болмайтынын, өзгелердің де пікірімен санасу керегін ұқтырыңыз.

Бала өзгелермен тіл табыса, достаса алмайтын болса, бұл өскен сайын үлкен мәселеге айнала береді. Сондықтан көпшілік ортада адамдармен қарым-қатынас орнату, дос табу және шын дос бола алу қабілетін кішкентайынан қалыптастыруға тырысыңыз.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Өтпелі кезең: Баланың жағдайы қиын екенін МЫНАДАН білуге болады