​ДЕКРЕТТЕ отырғанда ӨЗІҢІЗДІ ұмытып, ӨМІРІҢІЗДІ жоғалтып алмаңыз

0
2 626

Декреттік демалыс демалу, баламен қоса өзіне де қарау, күтіну үшін беріледі.


​ДЕКРЕТТЕ отырғанда ӨЗІҢІЗДІ ұмытып, ӨМІРІҢІЗДІ жоғалтып алмаңыз

Әйел үшін декреттік демалыс – өміріне үлкен өзгеріс әкелетін кезең. Баланың күтімі мен дамуына, денсаулығына, өміріне тікелей жауапты болғандықтан, шыдамдылықты, жинақылықты қажет ететін қиындығы тағы бар.


Осы кезеңде аналар бірінші орынға сәбиін, екінші орынға басқа балаларын, үшінші орынға күйеуді, төртінші орынға тірлікті... тағысын тағыларды қойып, өзін ең соңғыға ысырады. 24 сағат үйде отыру, ешкіммен бұрынғыдай етене араласпау, үй шаруасынан көз ашпау – бұлар да жүйкені біраз жұқартады. Декреттік демалыстың әйтеуір «бірдеңесінші» айында шай ішуге уақыт таппайтын, шаршап, ештеңеге қызығушылығы қалмаған келіншек өзін айдаладағы аралда қалғандай сезініп, өмір ағысынан шеттей береді. Өзіне қарауды, қыдыруды, демалуды, емделуді, оқуды, дамуды, жалпы өмір сүруді кейінге қалдырып, «пауза» режимін басады. Сөйтіп, бірнеше жылы елеусіз өтіп кетеді. Мұны балаларын аяқтандырып, есін жиып, «енді өзім» деп басын көтергенде бір-ақ біліп жатады. Арттағы екі-үш жылдың естеліктерін ақтарса, тек балаларының бейнесі, солардың қызығы, өзі туралы ештеңе жоқ. Жақсы көрініс пе?

Жоқ, әрине. Декреттегі әйелдер отбасын да, өзінің денсаулығын да сақтап қалғысы келсе, өмірінің әр жылын сапалы да саналы өткізгісі келсе, мына бір ескертпелерді естен шығармауы шарт.


«Өзім табыс таппаймын, күйеуіме салмақ салмайын, ақша үнемдейін» деп, өзіңізден ақша аяуды қойыңыз. Киім, косметика, басқа да басты қажеттіліктеріңізді қатамасыз етіңіз. Үйде отырсаңыз да, өзіңізді жақсы көріңіз.


«Шаруа көп, уақыт жоқ» деп күнделікті күйбеңге салына бермеңіз. Құрбыларыңызбен араласып, сыртқа шығып, қыдырып тұрыңыз. Басқосулардан қалмаңыз. Кез келген жағдайда достардың көмегі, кеңесі, қолдауы, жай ғана бірге уақыт өткізудің өте маңызды екенін ұмытпаңыз.


Кей күндері жолдасыңыздың не басқа жақыныңыздан балаға қарауды өтініңіз.


Үй жиналмай, тамақ жасалмай қалды деп уайым шекпеңіз. Бастысы бала қараусыз, өзіңіз қауқарсыз қалмауыңыз керек.


Күйеуіңізді патшадай күтіңіз. Өзіңіздің патшайым екеніңізді де ұмытпағайсыз. Патшаңыздың да соны есінен шығармауын қадағалаңыз.


Өзіңізді өзгелерден кем, төмен санамаңыз. Сіз дүниеге жаңа адам әкелген анасыз. Одан асқан ұлылық жоқ. Өзіңізбен, сәбиіңізбен мақтаныңыз.


Үйде отырып, табыс табу бүгінде тренд. «Декретте бос отырмай, жұмыс істеп, ақша тап» деп басталады көбі. Осыған қарап өзіңізді бос отыр екем, жұмыс істеуге міндеттімін деп ойламаңыз. Егер балаға қарасатын адамыңыз, бос уақытыңыз, жеткілікті күшіңіз, ынтаңыз болса, қаржыдан қысылмай өмір сүру үшін жұмыс істеуге болады. Ал егер қаламасаңыз, шаршасаңыз, үлгермесеңіз, жан тыныштығынан айрылсаңыз, декретте табыс таппай, балаға, үйге, өзіңізге қарап қана отыруға әбден рұқсат. Осылардың өзі қыруар жұмыс.


Ана – бойындағы бар жақсысын балаға беретін адам. Балаға ең бастысы дені сау ана керек. Сол себепті өз денсаулығыңызды, дүрыс тамақтануыңызды да алғашқы орындардың біріне қойыңыз.


Бір күнде қыруар істі атқарып жүрсіз. Ертең де осы шаруаның бәріне шапқылай алу үшін кеткен қуатты қалпына келтіріп отыру керек. Сізді не қуаттандырады? Қандай демалыстан толық тыныға аласыз? Сол нәрселерді арагідік жасап жүріңіз.


Біреуге бірдеңе дәлелдеуге тырыспаңыз. Ел-жұрт «жарайсың» деп мақтайтын, «қалай үлгересің?» деп таңырқайтын, «қандай пысық!» деп таңдай қағатын керемет келіншек болуға тырыспаңыз. Елге еліктемей-ақ, қолыңыздан келетінді жасаңыз.


Көптеген аналар өздеріне уақыттың жоғын айтып, шағымданып жатады. Өйткені күндіз де, түнде де – кез келген уақытта балаға көңіл бөлуге: тамақтандыруға, киіндіруге, сұрағанын алып беруге, айтарын тыңдауға, көмектесуге, ойнауға, т.с.с. тура келеді. Балалардың қалауы мен қажеттігі ешқандай жоспар кестесіне бағынбайды. Өйткені олар аяқастында туындайды. Десе де, осыған қарамастан, өзіңізге уақыт бөлуге тырысыңыз. Күніне ең болмаса жарты сағатты өзіңізге арнаңыз.


Декрет – жүктілігіне, бала босануына не асырап алуына байланысты әйел адамына мемлекет тарапынан берілетін заңды демалыс. Заңды болғандықтан, осы уақытты шынайы демалыс етіп өткізуге, балаға ғана емес, өзіңізге де қамқорлықпен қарауға толықтай қақыңыз бар. Басқалардың бабын жасаймын деп, өзіңізді ұмытып, өміріңіздің бір бөлшегін жоғалтып алмаңыз.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ