​ЕРІнен көңілі қалып, ЕНЕсіне шағымданатын келіндер НЕНІ жоғалтады?

0
5 210

Екеуіңізді қоршап тұратын көзге көрінбейтін қорғаныңыз мүжіліп, шұрық тесікке айналады. Енді сол тесіктен жел де, жаңбыр да, дауыл да жапырылып кіре беретін болады.


​ЕРІнен көңілі қалып, ЕНЕсіне шағымданатын келіндер НЕНІ жоғалтады?

Ене мен келін- «отбасылық сахнада» басты рөлді сомдайтын әйелдер. Бір кезде олар қарсылас, бірде жақтас адамдарға айналады. Ең қызығы, кейбір сәттерде келін күйеуінің үстінен шағымданып, енесіне жамандауға да батылы жетеді. Күйеуіне көңілі толмағандықтан, оның «кемшілігін» енесіне айтатын келіндердің мақсаты не? Әрине, күйеуінің жақсы жаққа өзгергенін қалайды. Бірақ, енеге сөзді қалай атуды да білген жөн.

А)Неліктен? Ә) Мұның соңы қандай жағдайға алып келуі мүмкін? Б)Не істеу керек?

Осы сұрақтардың жауабын табуға ұмтылайық.

НЕЛІКТЕН?


Тәжірибенің жоқтығы

Отбасылық өмірдің ащы-тұщысын толықтай сезініп үлгермеген, күйеуінің мінез-құлқын әлі де түсіне алмай жүрген жас келін сөзге шешен, отбасының барлық заңдарын білетін, қадағалап отыратын енесіне сенім артып, бар сырын ақтарып салады.

«Ұлыңыз тым қызғаншақ», «Ұлыңыз босбелбеу, қолынан түк келмейді» деп оның кінәсін анасына айту арқылы түзетемін деп ойлайды. Бірақ, бұлай ойлау ақымақтық.

Сөзшеңдік

Яғни, «қандай жағдайда да енем мені түсінеді, қолдайды. Өйткені, ол да әйел» деген оймен ішіндегісін жасырмай, жайып салады. Өйткені, ене дәл осындай мазмұнда келініне «үлгі-өнеге» көрсетіп үлгерген. Келінінің көзінше күйеуін немесе ұлын жазғырған.

Өзін «қорғау»

Кейбір келіндер «Ұлыңыздың сырын жақсы білесіз ғой. Айтқанын істемесем қатты ашуланады», «Ұлыңыз тым ашушаң, шыдамсыз болмағанда мен барлық айтқаныңызды орындайтын едім» деп өздерін ақтап алуға тырысады. Мұнымен «маған күйеуімнің қоятын талаптары да жеткілікті, сіз де қосарланып, маған артық талаптарды жүктемеңіз» дегенге саяды.


Өкпешілдік

Ене мен келіннің қарым-қатынасының ойдағыдай болмауын түрлі жағдайлар себеп бола алады. Келіннің міндетсінуі енесінен «өшін алуға» бағытталады. Екі сөзінің бірінде «міне, сіздің тәрбиелеп өсірген адамның ахуалын қараңыз. Мен болмасам, ұлыңызға ешбір қыз жар болып, шыдап отыра алмас еді» дегенді аңғартып қалуға тырысады.

«Мен-ҚОРҒАНСЫЗбын»

Күйеуін залым, өзін бір бейшара кейпінде көрсету арқылы енесінің өзіне жаны ашуына мәжбүр етеді. Сол арқылы өзін басқа проблемалардан қорғағандай сезімде болады. Өйткені, ене де «ұлыма шыдаған келініме рахмет» деп келініне жағымпаздануға даяр тұрады.

СОҢЫ қандай жағдайға алып келеді?

Жоғалту

СЕНІМ, МАХАББАТ, ҚҰРМЕТті жоғалтасыз. Сізді келіні ретінде қабылдап, «ұлымның таңдағаны» деп мейірім танытқан енеңіз сіздің шағымдануыңыздан соң көңілі қалады. «Ұлымды қадірлемейді, сыйламайды» деген ойда болады. Перзентінің жаман болғанын ешбір ана қаламайды. Сондықтан, ұлының барлығына қадірлі, сыйлы болғанын қалайды. Ене қызғаншақ болса да, келіні ұлын сүйетіндігін байқаса ренжімейді, керісінше, көңілі көтеріледі. Сонымен қатар, ұлының жаманын жасырып, жақсысын асырып отырған сізге де мейірімі оянбауы мүмкін емес.


Қорғаныңызды CАТАСЫЗ

Ерлі-зайыптының арасындағы айтылмайтын сырлар да болады. Сол сырды сақтауға «күшіңіз жетпесе» жолдасыңыз екеуіңізді қоршап тұратын көрінбейтін қорғаныңыз мүжіліп, шұрық тесікке айналады. Енді сол тесіктен жел де, жаңбыр да, дауыл да жапырылып кіре беретін болады. Нәтижесінде ене жатын бөлмеңізге дейін кіріп келуге қысылмайды. Өйткені, сіздер жұбыңызбен өзара мәмілеге келіп, мәселені шеше алмайсыздар. Сол себептен, енеңіз сіздердің «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармайтындарыңызды» жақсы біледі.

Үсті-үстіне қателік жасаудан көз ашпайсыз!

Енеңіз екеуіңізге ортақ қымбат жан ол сіздің күйеуіңіз, енеңіздің ұлы. Ол ұл ретінде өте жақсы перзент шығар бәлкім?! Сондықтан, екеуіңіздің араңыздағы түсініспеушілік жайлы енеңізге айтсаңыз, оны «тура жолға» салып беруі неғайбыл. Керісінше, жолдасыңызды сізден суытуы да мүмкін.

Енеңізбен араз боласыз

Бір сәтке енеңіздің орнына өзіңізді қойып көріңізші, ұлыңызды келініңіз сізге келіп жамандаса тып-тыныш қарап тұра алар ма едіңіз? Балаңыздың қателігін біліп тұрсаңыз да, келініңіздің алдында оны жығып бергіңіз келмейді, солай ғой? Енеңіз де дәл өзіңіз секілді ана, сондықтан, бауыр етін бар жамандықтан қорғап, жүрегі сыздап жүріп, қиындықпен жеткізген. Сондықтан, енеңізге ұлы туралы налу оған «соншама жылдан бері ұлыңызға берген тәрбиеңіз, мейіріміңіз, еңбегіңіз далаға кетіпті» дегендей түйіледі. Оның жаны азаптанады. «Кірпі баласын жұмсағым дер, қарға баласын аппағым дер», енеңіз үшін сіз емес, ұлы бірінші орында. Сондықтан, күйеуіңізді «жөнге салу» үшін енеңізге қанша жамандасаңыз да, ол бәрібір сіз жақта болмайды.

«Тазы ашуын тырнадан алады»

Жолдасыңыздың сізге төккен ашуын енеңізден қайтардыңыз. Яғни, қабағыңызды түйіп, оған дұрыс қарым-қатынас жасамайсыз. Одан кейін біршама уақыт өтіп, «шәйі орамал кепсе» де, енеңіздің жүрегіне салған дақ кете қоймайды.

Күндердің күнінде ол өзі де білмеген халде келінінен «өшін» алуға ұмтылады.


Не істеу керек?

Жазғырмаңыз, ақыл сұраңыз

Мақсатыңыз не? Күйеуіңізді жамандап, одан жақсы адам шығару ма? Ендеше, оны жазғыра беруді доғарыңыз, керісінше, енеңізге оны бұл кемшіліктерін тізбектегеннен гөрі, одан ақыл-кеңес сұраңыз. Себебі, ұлын тоғыз ай құрсағында көтеріп, отыз жыл тәрбиелеген енеңізден артық оның сырын ешкім жақсы білмейді.

«Ұлыңыздан шаршадым, тойдырып жіберді. Көп ішетін болып жүр» деп емес, «Апа, жолдасым соңғы кездері ащы суға тым құмартып кетті. Не істесек болар екен? Бір амалы бар шығар. оның денсаулығына алаңдаулымын» десеңіз, сізге ақыл-кеңесін беріп қана қоймай, өзі де ұлы үшін, оның отбасының берекесі үшін шапқылайтын болады.

Налымаңыз, жәрдем сұраңыз

Ашынудың астарында міндетті түрде ащы сөз жатады. Налу бұл-сізге қосылып, тағы бір адамның азаптануы. Ешқашан айналаңыздағы (жақыныңыз болса да) адамдарға аяушылық сезімін тудыру үшін көз жасыңызды төгіп, оның да көңілін түсірмеңіз. Керісінше, жәрдем сұрасаңыз, мұның еш сөкеттігі жоқ. Егер, күйеуіңіз басқа әйелмен байланысып қалды ма, өзіңізді бақытсыз жан санамаңыз. Енеңізден отбасыңызды сақтап қалу үшін сенімді түрде көмек көрсетуін өтініңіз. Енеңіз ұлының тек қана сізбен бақытты өмір сүретініне сенімді болсын.


Шарасыз болмаңыз, епті болыңыз!

Проблема туындай қалса, барлығы жұбату сөзін айтып, басыңыздан сипаса, көңіліңізді ауласа ұнайды. Бірақ, мәселенің шешімі табылмайды. Өзіңізді бейшара етіп көрсетіп, күйеуіңізді қара жер қылғанша, ер етудің кезегі сізге келген секілді.

Тағы бір шындықты мойындаңыз, мысалы, «балаңыз жақсы табыс табуды білмейді» дей берсеңіз, барыңыз да жоғалады.

(Суреттер ашық дереккөзден алынды)

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз: Күйеуіңіздің ЖОЛЫ БОЛМАЙ жүрсе, МЫНА 3 әдісті байқап көріңіз

Келін неге КЕТІП қалады?