​"Ерке бала" қайта тәрбиелеуге көне ме?

0
1 568

Ерке, қырсық балаларға ортамен араласып кету, қатарластарымен тіл табысу өте қиын.


​

Әрбір ата-ана баласының тәрбиелі, мақтанышы болғанын қалайды. Сол үшін де барын салады. Бірақ кейде жақсы тәрбие берем деп жүріп баланы шектен тыс ерке етіп алатынымыз бар. Тек оны кеш байқап жатамыз. Ерке болып өскен баланы қайта тәрбиелеуге бола ма? Балаңыздың шектен тыс ерке екенін қалай білесіз?

Мұндай балалар әрдайым өзіне назар аудартады. Айқайлайды, жылайды, қыңырлығы ұстайды, кез келген сөзге керісінше әрекет жасайды. Сырт көзге бала ата-анасына бағынбай өз дегенін істетіп жатқан секілді көрінеді.

Психолог мамандар баланың еркелігін "бейімделе алмау" деп санайды. Шындығында ерке, қырсық балаларға ортамен араласып кету, қатарластарымен тіл табысу өте қиын.

Баланың әрбір ұсақ-түйек әрекетін құптап отыру жақсы тәрбие десеңіз, қателесесіз. Мұндай балалардың өсе келе ортаға бейімделу, өзгелермен тіл табысуы мүлде қиындап кетеді. Өз ата-анасынан өзге жанның баланың әр әрекетін құптап, айтқанын істей қоюы, мақтап, мадақтауы, тамсануы екіталай. Бұған тап болған бала өмірден түңіле бастайды. Егер жағдай тым асқынса, түрлі комплекстің орын алуына алып келеді және баланың жүйкесі сыр бере бастайды.


Еркеліктің белгілері

Еркеліктің қандай дәрежеде екені ата-ананың балаға қаншалықты жайлы жағдай істеуге талпынатынына байланысты. Кейде тіпті шектен тыс жайлылық жасайды. Аулада біреуді жылатып, ренжітіп келсе де «балам, мұның не» деп ұрыспайды. Балаға сенімсіздік дәнін сеппеу үшін жағдайды жай ғана елеусіз қалдыруға тырысады. Алайда оның әсері керісінше болады. Бала өз әрекеті үшін жаза алмаған соң оның келесі қылығы алдыңғысынан сорақы болуы мүмкін. Маған бәрі болады деген түсінік қалыптасады.


Баланың сараңдығы

Еркелік эгоизммен қатар жүреді. Бала барлық нәрсе өзінікі деп санайды. Оны ешкіммен бөліскісі келмейді. Тек қана ойыншық немесе сол секілді жеке заттар ғана емес, тіпті айтқанын істеп, асты-үстіне түсіп отырған әке-шешесіне қолындағы тәттісін бермейді.


Үнемі есіріп, бос айқайлау

Балаға ойыншық немесе қалаған нәрсесін әпермей қойыңыз. Сол кезде қандай дауыл көтерілетін көресіз. Бала тек қана жылап, қырсығып қана қоймай, тепкіленіп, аунап есті шығарады. 3-4 жастағы бала мұндай қылық көрсетсе, оны жүйкесі әлі дұрыс қалыптаспаған кішкентай, ненің дұрыс емес екенін түсінбейді деп қабылдауға болады. Ал бала шамалы үлкендеу жаста болып, сондай әрекетке барса, онда тым еркелетіп жібермедім ба деп ойланған дұрыс.


Дербестіктің болмауы

Әрине, дербестік деген 3 жасар балаға тамағыңды өзің іш, киіміңді, төсегіңді өзің жина деген нәрсе емес. Қарапайым дербес болу – өздігінен ұйықтап қалу, ата-әжесінің жанында жыламай қала беру, ойынды өз бетінше ойнау. Бала 4-5 жасқа келгенде шашқан ойыншықтарын өзіне жинатып, киімдерін жинатып, дастарханға оны-мұны тасуға көмектесуге үйретіп бастау керек.


Өзге балалармен араласпауы

Ерке өскен балаларда өзге баламен араласуға деген ықылас болмайды. Алайда баланың еркелігі мен оның нақты біреумен араласқысы келмейтінін ажырата білу керек. Егер бала тек нақты бір баламен ғана ойнағысы келмей, ал басқалармен еркін ойнап жүрсе, онда ол бала ерке емес. Тек ол баламен араласқысы келмейтін себеп бар. Соны анықтап алу керек. Баланың ата-анасымен сөйлесіп алған жөн. Бекер ұрысып баланың жүйкесіне тимеген дұрыс.


Еш нәрсеге көңілі толмайды

Бала үнемі күңкілдеп жүреді. Айналасындағы болып жатқан нәрсенің барлығы оған жағымсыз, еш нәрсеге көңілі толмайды. Қатарластарының немесе бауырларының біріне алынған зат өзінде болмаса, онда шу шығарады, кейін алып берем дегенге көнбей, айналасындағылардың бәріне кінә артады.


Ата-анаға көмектеспейді

Баланы шамасы келетін шаруаны істеуге үйрету керек. Мәселен, ойыншықтарын жинау, дастарханға қасық, тәрелке секілді заттарды тасу, тағы да басқа. Қазір мұндай шаруалар балабақшада 3-4 жасар балаларға үйретіледі. Егер үйде балаңыз айтқан шаруаңызды істеуге құлық танытпаса, оны елеусіз қалдыруға болмайды. Баламен сөйлесіп, отбасында белгілі бір міндеттер болатынын, бала ата-ананың айтқанын істеп, көмектесу қажеттігін айтып түсіндіру керек. Еге мұндай сөйлесу нәтиже бермесе психолог маманмен кеңесіп көріңіз.


Дөрекілік

Қалағанын алып, істеп үйреніп қалған бала дөрекілік таныта бастайды. Бала барлық жайлылықтың тұтынушысы болған соң оның айналасына деген қарым-қатынасы өзгереді. Өзгегені құрметтеу, сыпайы болу деген түсінік жат бола бастайды. Өзгелердің сөзін, айтқан ескертулерін, кеңесін мүлде елемейді. Барлық сөзге дөрекі жауап береді. Ал бір нәрсе істету үшін жалынып, ұзақ уақыт көндіруге тура келеді.


Баласы үшін ата-ананың ұялуы

Балаңыздың әрекеті үшін ұялған кездеріңіз болды ма? Осындай жағдай қанша рет қайталанғанын еске түсіріп көріңіз. Бала көшеде, аулада, көпшілік орында айғайлап,аунап, жер тепкілеп жылайды. Егер осы жағдайдың жиі қайталанатыны есіңізге түссе, балаңыздың тым ерке болғаны. Ал қашан болғанын ұмытып қалсаңыз, онда сіз бала тәрбиесінде тура жолда келе жатсыз.


Бала өз ісіне жауап бермейді

Бала ойын кезінде өзге баланы бекерден-бекер соғып қалады, тыныштық бермейді, тағы осы секілді жағдайлар. Ата-ана бар жағдайды көре тұра баласына «қой, ұят болады, сенікі дұрыс емес» деп айтпайды. Бала ісін қайталай береді. Ата-ана істеген ісіңе жауап бер демейді.


Ерке баланы қайта тәрбиелеуге психолог мамандардан кеңес

Негізі еркелеп кеткен баланы қайта тәрбиелеу қиын. Дегенмен әрекет ету керек.

  • Сабырлық сақтаңыз. Дауыс көтеріп айқайлағанмен бала сізді естімейді немесе елемейді.
  • Қайта тәрбиелеуді мүмкіндігінше ерте бастаңыз. Еркеліктің белгілерін байқаған сәттен бастап, жағымсыз әдетімен күресуді бастаңыз.
  • Баланың сұрағанын орнымен орындауға, кей нәрселерге «жоқ» деп айтып үйретіңіз.
  • Баланы үй тірлігіне үйретіңіз. Өзінің 2-3 міндеті болсын.

Баланың еркелігін басу үшін ата-анаға үлкен сабыр, төзім керек.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ


БАЛАНЫҢ көзінше сөз қозғауға МҮЛДЕ БОЛМАЙТЫН 5 тақырып