​ҚАРТАЙҒАНДА қараусыз қалғыңыз келмесе...

0
2 479

Қазірден мына 5 ережені ұстаныңыз


​ҚАРТАЙҒАНДА қараусыз қалғыңыз келмесе...

«Ертең мені осы балаларым асырайды» - қазақы менталитеттегі кісілердің көп айтатын сөздерінің бірі. Алайда, соңғы уақыттарда қартайған ата-анасын артық салмақ көріп, оны жалғыз қалдыратын перзенттер пайда бола бастады. Осыдан келіп қарттар үйіне қажеттілік туындады. Ауыр, жүрек ауыртатын шындық.

Дүниеге келуін аңсап, алғаш қолыңа алғанда жүрегің жарылардай қуанып, ендігі өміріңді соған ғана арнап, барыңды соған беріп өсірген перзентіңнің қайырсыз жан боп шықса, үлкен қайғы. Алайда, бір жағынан бұған ата-ананың да өз үлесінің болатынын мойындау керек.

Ендеше, қартайған шағыңызда қараусыз қалғыңыз келмесе, бала тәрбесінде мына 5 ережені ту етіңіз.


Мінсіз болуға тырыспаңыз, шынайылық маңызды

Өз бойыңызда қандай да бір кемшілік бола тұра, баланы дұрыс тәрбиелеймін, тек жақсы үлгі көрсетем деп, мінсіз ата-ана рөлін ойнамаңыз. Өйткені, бала шынайылық пен жалғандықты сезеді. Мұны тікелей өзін алдау деп түсініп, іштей реніш пайда болады. Оған қоса, қалағанына қол жеткізу үшін ол да «рөл ойнауды» үйренеді.

Одан да шынайы болғаныңыз дұрыс. Балаңызды да барлық кемшіліктерімен, қателіктерімен, бар қалпында қабылдаңыз. Жағымдымен қоса, жағымсыз эмоцияларын да (жылау, ашулану, қызғану, мұңаю, т.б.) шығаруына мүмкіндік беріңіз. Осындай ашық, шынайы қарым-қатынас қана арада үлкен сенім орнатады.


Жеке шекарасын аттамаңыз

Баламен өмір бойғы жақын, ашық қарым-қатынас үшін ең керегі – сенім. Сенімге ие болудың тағы бір жолы – өмірінде болып жатқан оқиғалармен, сезімдерімен, ойларымен еш қысылмай бөлісуіне мүмкіндік беру. Айтқысы келгенде уақыт бөліп тыңдаңыз, жаза басқаны үшін жазғырмаңыз, сұраса ғана ақыл-кеңес беріңіз, сұрамаса, дұрыс жауапты, шешімді өзі табатындай етіп сүйемелдеңіз, бір нәрсені бірлесіп істегісі келетін ниет білдірсе, келісім беріп, қалауын жүзеге асырыңыз. Сондай-ақ, баланың жеке шекарасын бұзбаңыз. Мысалы, бөлмесіне рұқсатсыз кірмеңіз, заттарын ақтармаңыз. Білгіңіз келген нәрсені өзінен сұраңыз, айтқысы келмесе, қыстамаңыз, жауапты басқа жақтан да іздемеңіз. Достарының алдында намысына тиетін, абыройын түсіретін сөз бен ісе жол бермеңіз. Осындай әрекеттер балада ата-анасына деген терең сенім, құрмет орнатып, оның жойылмауына себеп болады.



Барлық жағдайда баланың жағында болыңыз

Үлкендердің бәрі дерлік балалардың тілалғыш болғанын, айтқаннан шықпауын, қарсы сөйлемегенін, ешкіммен ешқандай конфликтке түспегенін қалайды. Алайда, кішкентай болса да олардың өзінше қайнаған өмірі бар. Олардың да басынан түрлі оқиғалар өтіп жатады, мәселелер туындайды. Әлбетте, конфликт те болмай тұрмайды. Сондайда өзін ақтау, дұрыстығын дәлелдеу мақсатында сөйлегісі келген баланы көбіне тыңдамаймыз, ауыз аштырмаймыз, себебі, сенбейміз. Дәл осы әрекетіңіз бала санасында суық лебін қалдырып, қартайғанда алдымнан шықпасын десеңіз, жасамаңыз. Керісінше, қандай жағдайда да балаңызға жақ болып, оны түсінуге тырысып, кінәсі жоқ жерден ақтап алыңыз. Айыбы болса, жүгін бөлісіп, кінәсін жуып-шаюына көмектесіңіз. Бірдеңе бүлдіріп қойса, бірге қалпына келтіріңіздер. Біреуді ренжітіп қойса, бірге кешірім сұраңыздар. Сонда өскенде ол да әркез сіздің жақтаушыңыз болады.


Қоғамнан қорғаштамаңыз

Басын қиындық, мәселе атаулыдан сақтап, қоршаған ортадан болуы мүмкін барлық зардаптың алдын алып, барынша өбектеп, әлпештей беру бала үшін пайдалы емес, керісінше зиян. Өмір болған соң қара жолағы да болмай тұрмайтынын, кейде басқа қиындық түсетінін, онымен лайықты күресу керегін, адамдар арасында «ала да, құла да» болатынын – бәрін кішкентайынан көріп, біліп өсуі керек. Сонда ғана баланың бойында әділдікке ұмтылу, шыншылдық, мейірім, қамқорлық, өзін және әлсізді қорғай алу сияқты жақсы қасиеттер қалыптасып, шыңдалады. Үлкейгенде ата-анасының қанатының астына тығылып өскен, өз басын алып жүре алмайтын қатарластарына қарағанда әлдеқайда мықты болады. Өзіне ғана емес, ата-анасы үшін де жауапкершілік арқалап, әлсіздерге қорған, тірек болып, сынақтарға сынбай төтеп бере алатын перзент болып шығады.


Жақсылы-жаманды сезімдерін бірдей қабылдауды үйретіңіз

Бала өскен сайын өмірдің оған ұсынатын сынақтары да көбейе береді әрі салмағы да ауырлай түседі. Бір күні жалғандықтың, келесі бір күні опасыздықтың, тағы бірде жауапсыз махаббаттың, т.б. ащы дәмін татады. Сәйкесінше, оларға жауап ретінде бойында негативті эмоциялар, сезімдер орын алады. Осындай сәттерде саналы адам ретінде жаман болса да өз эмоциясын, сезімдерін қабылдап, мойындап, бастан кешіріп, өткеріп салу маңызды. Көп адамдардың мұндайда сағы сынып, алдағы уақытта жасықтық, ешкімге сенім арта алмау, өзне сенімсіздік, қорқақтық сияқты өміріне кері әсер ететін мінез-құлықтар қалыптасып қалады. Ал мұндай мінездермен еркін, бірнеше адам үшін жауапкершілік арқалап, бірнеше кісіге қамқорлық жасай алатын мықты тұлға шығуы екіталай. Сондықтан, балаңызға басынан қандай жағдай өтсе де, қандай сезімдерге бөленсе де, қыңқ етпей қабылдап, бастан кешіруді, соңыра өзін қайта қалпына келтіруді (құласа, қайта тұруды) үйретіңіз.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Досыңызбен кәсіп бастаймын деп, дымсыз қалмаңыз