​Қазан ұстаған еркектің қасиеті қалмайды

0
2 919

Әйелдің жетегіне еретін ерлер көп пе?.. Іске келгенде мойны жар бермейтін, жауапкершіліктен қашатын, бүкіл отбасының жауапкершілігі мен жүгін арқалауға болашақ отағасылар дайын ба?


​Қазан ұстаған еркектің қасиеті қалмайды

Әйелдің жетегіне еретін ерлер көп пе?.. Іске келгенде мойны жар бермейтін, жауапкершіліктен қашатын, бүкіл отбасының жауапкершілігі мен жүгін арқалауға болашақ отағасылар дайын ба?

Етегінен ұстайтын еркек емес, керісінше еркек әйелдің етегінен ұстап, жетегіне еріп келе жатқан сияқты. Барлығына бірдей топырақ шашуға болмайды әрине, бірақ, айналамыздағы көптеген адамдардың өмірінен осындай жәйтті аңғаруға болады. Өйткені, тәрбие берілу үрдісі өзгерген секілді. Оған себеп, қыз баланың барған жерінде жүзі жарық, ешкімге жаутаңдамайтындай, өз күнін өзі көре алатындай етіп тәрбиелейміз деп қыз баланың жағдайын бірінші ойлайтын ата-аналар көп. Ұл бала қара күшімен болса да отбасын асырауға тырысады, ал қыз баласы барлық жағдайдан шығуға дайын болуы керек деп ойлаймыз. Расында да осындай ойға жетелейтін факторлар да жоқ емес.

Арнайы білімі жоқ, мамандығы жоқ болғандықтан, тұрақты жұмысы да жоқ қыз-келіншектер күйеуінің бетіне қарап, балаларына жағдай жасап бере алмай отыр. Сондықтан, кейде балалары жасына толысымен балабақшаға немесе бала күтушісіне қалдырып, білек сыбанып, ақша табудың қам-қарекетін жасайды. Ал, еркектің табысы әйелінен аздау болса, ол біртіндеп, төменшіктеп, өзін екінші сатыға қоя бастайды. Шындығында ақшаның адамды өзгертетін қасиеті де бар екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды ғой. Ал күреп табыс тауып жатпаса да, отағасынан көбірек табыс тапса, танауын жоғары көтеріп шыға келетін әйелдерді де жоқ деп айта алмаспыз.

Әйелдің етегіне жармасқан, жетегіне ерген еркек осыдан келіп шығады. Мұндайды қазақта ащы сөзбен айтқанда «қатынжанды еркек» дейді, қазіргі тілмен айтылып жүрген «подкаблучник» еркек осыдан келіп шығады. Әрине, тек осы мәселеден туындайды деп бір ғана себебіне тоқталуға да болмайды, ер-азаматтың бойында ержүректік, намысшылдық қасиет бала кезінен бойына дарымаса, әке жолын көріп, содан үлгі алмаса, ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен дарыған қасиетті ары қарай да шынықтырып, ата-ана, қоршаған орта тәрбиесімен астастырмаса, ішкі жан-дүниесінің мықтылығы көрінбей, тасада қалып қоя береді.

Қазан ұстаған еркек деген сөз ілуде біреу болмаса, құлаққа түрпідей тигенімен, қоғамның шындығына айналып отырғаны да айтылып келе жатыр. «Жұмыс жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп, теледидар алдында, диван жағалап жүрген үйдегі еркектердің отбасындағы орны да құлдырай бермек. Оның отбасындағы рөлі кейінгі орынға түсіп қалғандықтан, үй ішінде де билігі жүрмейді.

Әйел балалары үшін, ел-жұрттың сөзінен тайсалғандықтан ғана шыдауы мүмкін. «Балаларының әкесі бар», «Күйеуі бар әйел» деген сөздерді ғана малданып, шынайы бақытты сезінбейтін, сыртқа сыпайы күліп, бақытты кейіп танытқанымен, жұмыстан шаршап, балаларына алаңдап жүретін әйелдің жай-күйі аянышты. Әрине, қазір барлығы жақсарып келеді, жұмыс істеймін деген адамға «екі қолға бір күрек табылады ғой» десек те жалқаулардың табар сылтауы таусылмайды.

«Әйелдің талаптары жоғары, сондықтан, ер-азаматтың меселін қайтарып тастайды» деген сылтау да көңілге қонымсыз. Өйткені, сол талапқа сай болу еркектің парызы. Елдің болашағы үшін шырылдап жүретін ер-азаматтар бар болғанымен, әйел де бауырындағы баласы үшін, баласының болашағы жарқын болуы үшін елінің де бейбіт заманда өмір сүргенін қалайды.

Бір жақты түсінік қалыптаспауы үшін, тек қана әйелдер болмаса, ер-азамат болашақты ойламайды деп айта алмаспыз, барлығы да ер-азаматтардың қолында. Алайда, әйелдің қолдауын емес, «қорғауын» сезінгенді қалайтын азаматтарды азамат деп айтуға да тіл бармай тұр.

Амалсыздықтан қазанның құлағына ие болып қалған еркектерді белгілі бір уақыт аралығында ғана кешіріммен қарауға болатын шығар, бірақ, ұдайы кешіре беру де мүмкін емес. Еркек қашанда тұғырынан таймауы керек, әйел оның қолдаушысы, көмекшісі болып отырса жеткілікті.

Г. Жұмаділдаева

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет