КЕЛІН де АДАМ, оның да ЖЕКЕ ШЕКАРАСЫ бар

0
3 699

Жұмыс істеп, табыс тауып, күйеуіне отбасын асырап-бағуға көмектесу де көп әйелдің мойнына артылған...


КЕЛІН де АДАМ, оның да ЖЕКЕ ШЕКАРАСЫ бар

Біздің түсінігімізде әйел адам бәріне міндетті. Тұрмыс құрмай тұрып ата-анасына көмектесуге, бауырларына қарайласуға, үй шаруасын жасауға... Тілалғыш болуға, айтқанды тыңдауға, үздік оқуға, тәртіпті болуға, т.с.с. Тұрмыс құрған соң ата-енеге қызмет қылуға, күйеуінің бабын жасауға, туған-туысқа ұнауға, бәрінің көңілінен шығуға... Ана болған соң бар уақытын балаға арнауға, тәлім-тәрбиесімен айналысуға... Үйдің тазалығы, отбасы мүшелерінің денсаулық жағдайы, мезгілімен тамақтың дайын болуы, үйдің тыныштығының сақталуы, берекесінің кіруі – бәрі әйелдің жауапкершілігінде.

Ол аздай, жұмыс істеп, табыс тауып, күйеуіне отбасын асырап-бағуға көмектесу де көп әйелдің мойнына артылған. Келінді таңнан-кешке дейін жұмсау, үлгермесе, жазғыру қалыпты нәрсе секілді. «Ол да адам ғой, шаршайды-ау», «Оның басқа жоспары болуы мүмкін ғой» немесе «Ол бұған қалай қарайды? Өзі қалайды ма екен?» деп ойлайтындар өте аз.


Келінді таңнан-кешке дейін жұмсау, әйелінің уақыты мен ресурсын күйеуінің басқаруы, барын балаларға ғана арнау – мұның бәрі қазақ отбасыларында жиі көзге түсетін көріністер.

Осының бәрінен келіп келіннің өзін адам, тұлға ретінде жоғалтуы пайда болады. Тұлға ретінде жойылғасын, таным көкжиегі тарылады, отбасы, ошақ қасынан басқа айтар әңгімесі қалмайды. Рухани да, басқа жағынан да даму болмайды, тіпті, кері кетуі мүмкін. Үй тірлігінен басқаны білмейтін сауатсыз, заманнан қалып қойған не өмірге өкпелі, ашушаң әйелге айналады. Бір сөзбен айтқанда жақсы жаққа емес, жаман жаққа қарай өзгереді. Көп ұзамай тоқырауға ұшырайды.

Мейлі, сіз өзіңізді толықтай өз еркіңізбен-ақ отбасыңызға, балаларға арнай қойыңыз. Бірақ, әйел үйде отырып та өзін дамытуға көңіл бөлуді, жеке шекарасы мен құндылықтарын қорғауды ұмытпауға тиіс. Әйтпесе, сіздің балаға берген тәрбиеңіз де, күйеуге арнаған уақытыңыз да – бәрі бекер.

Жеке шекара немесе жеке кеңістік – адамның өзімен, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасындағы жеке принциптерін,құқығын,тұлға ретінде «менін» бағалауы. Әр адам психоэмоциональді тұрғыдан ғана емес, физикалық тұрғыдан да жеке шекарасын сақтай білуі тиіс.


Жеке шекараның бұзылуының кең таралған түрлері:

- адамдардың сұрамасаң да, ақыл-кеңесін үйіп-төгуі;

- өз пікірін, көзқарасын тықпалап, сені де сол ойда болуға мәжбүрлеуі;

- жеке мүлкіңді рұқсатсыз қолдануы;

- саған қатыстының бәрін біліп отыруға тырысуы;

- «ананы не қылдың?», «мына мәселені қалай шештің?» деп бақылауда ұстауы;

- физикалық тұрғыдан тым жақын қарым-қатынас жасау, денеңе рұқсатсыз қол тигізуі;

- сізден сұрамастан бір істі мойныңызға іле салу, орындауды міндеттеу, т.б.


Осындай және басқа да сізге жайсыздық туғызатын, ұнамайтын жағдайларда өз шекараңызды белгілеу, бекіту, қорғай білу керек.


1. Өзіңді сезіну

Жеке шекараны белгілеу өз эмоцияңды, сезімдеріңді тану, қабылдау және өзгелерге дұрыс жеткізуден басталады. Дәл қазір қандай сезімде тұрсыз? Ол жақсы болсын, жаман, негативті болсын, қалыпты қабылдап, «мен мынадай сезімдемін» деп өзгелерге де еш қысылмастан айта білу керек.


2. Өзіңді тану

Өзіңді толық танымастан жеке шекараны бекіту мүмкін емес. Сондықтан, бірінші кезектегі міндеттердің бірі – өзіңді зерттеу, тану. Ең алдымен өзіңіз мінез-құлқыңызды барлық минус-плюстарымен танып, қабылдаңыз. Содан соң айналаңыздағы адамдарға артықшылықтармен қоса, кемшіліктерден де еш ұялмай, «міне, мен осындаймын» деп айта алуыңыз керек.


3. «Жоқ» деп айтып үйрену

Жеке шекараны қорғаудағы тағы бір қиындық – ешкімнің бетін қайтара алмау. Ренжітіп алмайын, көңілін қалдырмайын, бәріне ұнайын, қайынжұртқа жағайын деп жүріп көп әйел бұл сөзді сөздік қорынан алып тастайды. Нәтижесінде зияны өзіне тиіп жатады. Сондықтан, өзіңізге зияны тиетін жағдайда өтініштер мен нұсқауларға «жоқ» деп айтуға үйрену қажет. Өзіңізге ұнамаған нәрсенің бәрінен бас тартуға дағдыланыңыз. Оны кішкентай қадамдардан бастаңыз. Мысалы, мейрамханадағы ас ұнамаса, жемеу, бос уақытыңыз не құлқыңыз болмаса, туысыңыздың өтінішін орындаудан бас тарту, т.с.с. Өзіңізді күштеп ештеңе жасамаңыз. Иә, бұл – ең қиын тапсырма. Әсіресе, ата-ана мен қайынжұртқа, күйеуге, балаға «жоқ» деу. Алайда, осыны жеңсеңіз, жеке шекараңызды қорғайтын үлкен қамал саласыз.


4. «Құрбан» рөлінен шығу

Қашанда жағдайға біреуді кінәлай салу оңай. Сондықтан да әйелдердің көпшілігі «құрбан» күйін таңдайды. Мысалы, ел қатарлы жұмыс істеп, табыс тапқысы келеді. Бірақ өзі отбасы, ошақ қасында әлі отыр. Бұл жағдайда «Жанымды қинағым келмейді, жайлы зонаны қимаймын» деудің орнына «Күйеуім жұмысқа шығармайды», «балаларға қарайтын адам жоқ» немесе «мен кетсем, ата-енемнің шай-тамағын кім береді?» деп айыпты басқаларға аудара салу – ең жеңіл жол. Осы жеңіл жолмен жүруді тоқтатпайынша, шындықты мойындамайынша, жеке шекараңызды да белгілей алмайсыз.


5. Шыдамды болыңыз

Жеке шекараны белгілеу, оны қорғау кезінде агрессияға жол бермеңіз. Әрине, осыған дейін ешқандай шекарасы болмаған, болса да, басқалар жаншып-таптап өтіп кете бергенге үйреніп қалған келін, әйел, ананың өзгеріп, қазір өз құқығын қорғауы бастапқыда ешкімге ұнай қоймайды. Сондықтан, сізге қарай шабуылдар жасалуы мүмкін. Ол қарсылықты қабылдамау, елемеу, ұрсу, ұялту сияқты түрлі формада жүреді. Бірақ олардың бәріне сабырмен жауап беріп, шекараңызды сауатты қорғаңыз. Бұл үшін біраз шыдам керек.


6. Шектеу қойыңыз

Өзге адамдардың сізге қатысты қандай да бір сөзі, әрекеті, қылығы ұнамаса, оған дер кезінде шектеу қоюыңыз қажет. Өзіңізге сенімді әрі нық дауыспен, ашық та айқын сөздермен талабыңызды айтыңыз. Мәселен, «Маған дауыс көтеріп сөйлеме, бұл маған ұнамайды» немесе «Мен бұл сөзіңе сеніп тұрған жоқпын, маған өтірік айтпа» деген секілді. Өзіңізді бейберекет сынауға, сіз сұрамасаңыз да ақыл айтып, кеңесін тықпалауға жол бермеңіз.


7. Құндылықтарыңызды қорғаңыз

Сіз үшін ненің құнды екенін өзіңіз ғана анықтай аласыз. Уақытыңыз, күшіңіз, сөзіңіз, ата-ана, туыс-бауырларыңыз, т.б. Сіз үшін бағалы нәрсе өзге біреу үшін құнсыз саналуы мүмкін. Бірақ бұл сіздің құндылығыңызға ол адамның қол сұғуына болады деген сөз емес.


8. Бөлектеуден, жазғырудан қорықпаңыз

Жоғарыда айтқанымыздай, бұрын бәріне ыңғайлы болып келген әйел енді өзгеріп, өзінің құқығын талап ете бастады. Бұл бәріне бірден ұнай қоймасы анық. Сондықтан алғашқы кездерде жазғыру, бөлектеу болуы әбден мүмкін. Бұдан қорықпаңыз. Алған бетіңізден қайтпай, дұрыс қадамдармен алға жылжи беріңіз. Бәрін дұрыс жасасаңыз, уақыт өте келе мойынсұнып, қабылдайды.


9. Басқалардың шекарасын бұзбаңыз

«Менің шекарам» деп айта білген адам басқалардың да шекарасы болатынын ұмытпауға тиіс. «Шекарамды бұзба» деп талап ету үшін өзгелердің де шекарасын сыйлап, сақтаңыз.

Жеке шекарасы бар адам – өзін жеке тұлға деп сезінеді, өз қажеттіліктері мен құндылықтарын біледі, өзгелердікін де сыйлайды, қоршаған ортамен әрекеттесе алады. Өз өмірін бақылауда ұстап, дұрыс талдау жасай алады. Жеке шекара адамдарға өзгенің сезімдері, эмоциясын емес, өзінің қалаулары, қажеттіліктері, құлшыныстарына мән беруді қамтамасыз етеді. Жеке шекарасы берік адамда сау эгоизм болады және ол басқалардың да шекарасын құрметтей біледі. Осындай жағдайда ғана бақытты әйел, бақытты ана болып, бақытыңыздың бір бөлшегін басқа жақындарыңызға да сыйлай аласыз.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


ОСЫНЫ жасасаңыз, ТАБЫСЫҢЫЗ бірнеше есеге артады