​КҮЙЕУДІ «ТЫҢДАТУ» үшін әйел ҚАНДАЙ болуы керек?

0
5 002

Көп әйелдер күйеуінің өзін тыңдамайтынын айтады. Мұның себебі...


​КҮЙЕУДІ «ТЫҢДАТУ» үшін әйел ҚАНДАЙ болуы керек?

Бұл тақырып әсіресе үй шаруасындағы әйелдер үшін өзекті. Олар күйеулерін көбіне таңда бір, кешке бір көреді. Ері екеуінің арасындағы сұқбат жұмысқа шығарып салу, қарсы алу сөздерімен шектеледі. Ал демалыс күндері күйеу тыныштық іздеп көшеге кетеді немесе жай ғана үйде телефонмен тату дос.

Көп уақытты үйде бірге өткізсе де, араларында үнсіздік салтанат құратын, әңгімесі таусылған, тек шаруа жайын сөз қылумен шектелетін, бір шаңырақ астындағы көршілерге айналған ерлі-зайыптылар... Шынын айту керек, мұндай отбасылар да көп.


Осыдан келіп әйелдің «Күйеуім менімен сөйлеспейді. Сырласпайды. Бірге армандамаймыз. Менің ойым, қиялым оған қызық емес. Қашан қарасаң телефонға шұқшиып жатқаны. Менен көрі сырттағы адамдардың әңгімесі, телефоны қызық» дегендей реніш туатыны заңды. Асылында бұған тек күйеу кінәлі ме? Мүмкін, қызықтыра алмайтын өзіңіз?

Кімге де болмасын «Менімен жиі сөйлес! Сырлас!» деп талап қоймас бұрын, ол адамға қызықты сұхбаттасушы бола алуымыз керек. Өзін дамытуды тоқтатқан, ерінен бірнеше қадам артта қалып қойған, әңгімесі бала-шағаның қызығы мен қылығынан әрі аспайтын, өзінің жеке ісі, әлемі жоқ әйелмен қандай әңгіме айтуға болады? Айтса да, бұл сұхбат қыр аса алмай, тез түгесіледі. Басталмай жатып аяқталады. Сондықтан, күйеуді кінәламас бұрын, өзіңіз қызықты әйел бола біліңіз.


Үздіксіз білім алыңыз

Қызықты сұқбаттасушы болу үшін бір кездегі университетте алған біліміңізге, өткенде бастан кешкен хикаяларыңызға сенбеңіз. Бұл үшін үнемі өзіңізді дамытып, өзіңізбен жұмыс жасап, таным көкжиегіңізді кеңейтіп, сөздік қорды молайтып отыру маңызды. Күніне болмаса да, аптасына бірнеше рет көркем шығарма оқуды әдетке айналдырыңыз. Белгілі бір тақырыптар аясында ізденіп, ақпарат алыңыз. Жаңа өнер игеріңіз. Документалды фильмдер көріңіз. Әлемдік мәдениет, спорт, т.б. салалардағы жаңалықтардан хабардар болып отырыңыз. Осы білімнің бәрі сіздің ішкі мазмұныңызды құрайды. Ал күйеу үшін мазмұны маңызды, пайдалы, жаңа ақпараттарға толы әйелді тыңдау – қызықты кітап оқығанмен бірдей болады.


Адамдармен тығыз араласыңыз

Қанша жерден бала күтімімен, үй шаруасымен отырсаңыз да, сыртқы әлеммен, адамдармен байланысыңызды үзбеңіз. Көп әйелдің қатесі де осы – күйеуге шығып, бала сүйген соң құрбылармен уақыт өткізуді шектейді. Тіпті арақатынасты үзіп алатындар да жоқ емес. Осындай жағдайда әйелдің аңдығаны күйеу болады да, одан көп уақыт, назар талап етіп, қысымға ала бастайды. Сіз олай етпеңіз. Құрбылармен, әріптес, сыныптастармен байланысты үзбеңіз. Олармен бірге уақыт өткізуге мүмкіндік табыңыз.

Жаңа таныстықтарға ашық болыңыз. Кез келген жаста жаңа таныстық құрып, достық қарым-қатынас орната аласыз. Бір жаңа дос бірнеше ескі достың орнын басуы да әбден мүмкін. Одан көптеген жаңа нәрселер үйренесіз, жаңаша ой түйесіз. Міне, осының бәрі сіздің күйеуден өзіңізге назарды талап етпеуге, қысым жасамауға алып келеді. Ол аз десеңіз, оның қызығушылығын оятады.


Сүйікті ісіңізбен айналысыңыз

Күйеуге, балаға, үй шаруасына арнаудан бөлек, өзіңіздің жеке уақытыңыз да болсын. Бұл уақытты хоббиге, спортпен, бимен шұғылдануға, жай ғана оңаша демалуға арнаңыз. Немесе, жайлы зонадан шығып, өмірде жасап көрмеген, бірақ қызығушылығыңыз бар істі жасаңыз. Хоббиіңізді табыс көзіне айналдырыңыз.


Шынайы күле біліңіз

Жас ұлғая келе баладай аңғал қалпымызды, уайымсыз күйді, риясыз күлкіні жоғалтамыз. Әр нәрсенің астарынан бір сұмдық күтіп тұрамыз. Не болса соны уайым қыламыз. Күлкіміз келген жерде өзімізді тыйып, күлу қажет деген жерде ғана өтірік күлеміз. Осы әдетті жұқтырып үлгерсеңіз, қайта арылуға тырысыңыз. Оның орнына шынайы бақытты сезінуді, риясыз күлуді қайтарыңыз. Мұндай қасиет адамдарды магнитше тартады әрі сіздің бұл күйіңіз оларға да жұғады. Әсіресе, күйеу үшін әсері күшті. Уайым-қайғы, мәселе, көңілсіз әңгіме – бәрін тілден тыйыңыз. Айналаңыздағы мұң пердесін сырып тастап, қайғы бұлтын қуып жіберіп, күндей күліп, жарқырап жүріңіз. Жүзі бал-бұл жайнаған, езуі жиылмайтын, бақытты әйелмен бірге уақыт өткізуге кез келген азамат асығады.


Қолдаушы әрі тыңдаушы да бола біліңіз

Күйеуім мені тыңдамайды, түсінбейді» деп ренжи бермей, бір уақыт өзіңізге де сырттай баға беріп көріңіз. Сіз оны тыңдай аласыз ба? Айтқандарын әйелдің емес, ер-азаматтың көзқарасымен ұғынасыз ба? Сырлас досы бола алдыңыз ба? Жоспарымен бөліскенде, қолдауды қажет еткенде, кері тартпай, керегін бере алдыңыз ба? Осының бәрін жасай алмасаңыз, күйеуге ренжуіңіз орынсыз.


Өзіңіз жайлы көп айтпаңыз

Күйеуіңізбен сұқбаттасудың сәті түскенде отыра қалып өзіңіз жайлы ода айтып кетпеңіз. «Сырын айтам деп шынын айтып қойдының» кері болмасын. «Мен-мен» деп өзі жайлы айтудан басқаны білмейтін адам әңгімелесушының қызығушылығынан тез айрылады. Әрі жұбайыңыз үшін аздап жұмбақтау болған да жақсы.


Өз ойыңызды қаймықпай айтыңыз

Қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерден хабардар болыңыз. Жақын-жуықтардың жағдайынан да. Бірақ, ешкімнің сөзіне ермей, өз көзқарас, пікіріңізге адал болыңыз. Әр нәрсеге өз пікіріңіз болсын. Анау айтты, мынай былай деді деп біреудің ығына жығылсаңыз немесе «сенікі дұрыс, сен не айтсаң, сол» деп күйеудің әр сөзіне бас шұлғи берсеңіз, жеке тұлғалық бейнеңізді жоғалтасыз. Ал жеке тұлға ретінде ой айта алмайтын адаммен қандай сұқбат құруға болады?

Міне, осы пунктер бойынша өзіңізді тәрбиелесеңіз, бәріне бас шұлғи беретін қызықсыз әйелден күйеуі ойын білуге асығатын, пікірімен санасатын, ақыл-кеңес сұрайтын сұқбаттас, сырлас жанға айналасыз.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

БАЛАҢЫЗҒА басқалармен ДОСТАСУ қиын ба?