​Күйеуіңізге АНА емес, ӘЙЕЛ болыңыз!

0
1 764
"Ерді ер ететін де, қара жер ететін де әйел" деп жатады халық даналығы.

​Күйеуіңізге АНА емес, ӘЙЕЛ болыңыз!

Қымбатты ХАНШАЙЫМДАР! Сіз өзіңіздің күйеуіңізге қандай рөлді ойнап жүргеніңізді анықтап алыңыз. Дәл қазір сіз анасыз немесе әйелсіз. Ана мен әйелдің айырмашылығы бар. Егер де олардың екеуі де бір міндетті атқаратын болса оларға бір ғана атау берілер еді.

Ананың перзенттің болашағы жөніндегі алатын орны белгілі, бірақ, сіз күйеуіңіз үшін де ананың ролін алмаңыз.

Отбасының жағдайы, берекесі, перзенттердің келешегі мен бақытты өмірі әйелдің өмірде өзіне еншілеп алған «ӘЙЕЛ» немесе «АНА» позицияларына тікелей байланысты.


Әйел затына тиісті болған борыштар мен парыздар толығымен әйелге ғана тиісті. Бірақ, оның барлығы АНАға тиісті емес. Себебі, «АНА» болу еркектің әйелдің қамқорлығына мұқтаждығын білдіреді.

Ер адамның мінезі басым әйелдер «АНА» роліне бейім болады. Себебі, ана- қорғаушы, қамқоршы, асырап-бағушы. Яғни, ол әйелдің сұлбасындағы «ер адам».

Баласы үшін жанын беруге әзір, баласына қауіп-қатер төнгенде баласын құтқару үшін сол қауіпке өз басын тіккен, қорқынышты болса да жыртқыштармен алысып, баласының өмірін сақтап қалуға тырысқан аналар жайлы кім естімеді?! Ананың құдіреті деген сол, ол өзі туған перзенті үшін ажалмен бетпе-бет келуден де тайсалған емес.

Ал «ӘЙЕЛдің» қолынан мұндай ержүректік келмейді. Өйткені, ол - әйел. Әйелдердің өздері алып күштің иесі еркектерге сенім артады. Олардың қорғауына, қамқорлығына мұқтаж. Ол - нәзік. Сондықтан, ер-азаматтар әйелдерге (аналарға емес) қамқорлық етуді, қорған болуды ұнатады. Олар нағыз әйелдің жанында өзін күшті сезінеді. Демек, еркектерге ӘЙЕЛ керек.


Сіз әйелсіз бе, анасыз ба? Күйеуіңізге көңіліңіз толмай, оған ашуланып отырған кезіңізде осы сұрақтарға жауап іздеп көріңізші?! Себебі, отбасында болып жатқан түсініспеушіліктер, мәселелердің түп-төркіні осында жатқан шығар деп ойламайсыз ба?

Өзіңіздің еркек немесе әйел екеніңізді ұмытқан сәтте міндетті түрде арада түсініспеушіліктер туындайды. Көптеген әйелдер «АНА» ролінде болғандықтан, олардың күйеулері «БАЛА» ролінде қалып қояды.


Егер де сіздің омыраудағы балаңыз болмаса, өзіңізді қолға алып, қайтадан әйелдік болмысыңызды, күшіңізді оятып, күйеуіңізге «ӘЙЕЛ» болыңыз. Егер осы істің үдесінен шыға алатын болсаңыз, сіз бүкіл отбасыңыздың бақытына жол ашасыз. Жаныңыздағы ер азаматыңыздың да өзін отбасының басшысы, қорғаны екендігін сезіндіре аласыз. Ал ұлдарыңыздың ер азаматқа тән мінез-құлқын қалыптастырасыз.

Нағыз ер-азаматты тәрбиелегіңіз келсе мүмкіншілік жасаңыз.

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет