ҚЫЗ тұрмысқа шыққанда КҮЙЕУІНЕН ТАЯҚ ЖЕМЕСІН ДЕСЕҢІЗ

0
4 146

БҰҒАН ӘКЕЛЕР ТІКЕЛЕЙ ЖАУАПТЫ!


ҚЫЗ тұрмысқа шыққанда КҮЙЕУІНЕН ТАЯҚ ЖЕМЕСІН ДЕСЕҢІЗ

көрнекілік үшін суреттер интернеттен алынды

Дүниеге қыз баланың келуі – анасынан бұрын бірінші әкеге аса жауапкершілік артады. Себебі сол, қыз баланың болашақтағы бақытты болуы, өмірін қорламайтын, жанын түсінетін жар табуы кішкентай күнінен әкесімен арадағы қарым қатынасқа тікелей қатысты. Неге дейсіз бе?


Өйткені, ӘКЕ – қыз баланың өмірінде кездесетін ең бірінші ер адамы. Егер әкемен арадағы қарым қатынасы еркін, жылылыққа толы, еркелікпен өріліп, арада берік сеніммен қалыптасса, бойжеткенде ол өзіне тап әкесі сияқты ер-азаматты бейсаналы түрде тартады екен. Себебі, оның әлемі, көзқарасы солай қалыптасады да, ұр да жық, дөрекі жігіттерден бойын автоматты түрде аулақ ұстап, өзіне құрметпен қарай алатынды таңдайды.


Байқап қараңызшы! Айналаңызда кішкентайынан танитын қандай әйел заты бар? Кішкентай күнінде әкесі оған қарай қараушы еді, қазір күйеуімен қарым-қатынасы қандай?


Әкесі еркелеткен қыз ӨЗІНЕ СЕНІМДІ БОЛАДЫ

Иә, анасынан гөрі әкесіне еркелеп, әкесінен көп нәрсені үйренген қыз өзіне нық сенімді боп бойжетеді. Себебі, оған әкесі барлығына рұқсат берген (саналы іс-әрекеттің бәріне).

Мысалы, ол биіктен секірген, өйткені жерде оны қағып алатын немесе сүйемелдеп қалатын әкесінің барын біледі. Көлікті айдап көрген, себебі қасында қауіптен сақтап қалатын әкесі үйретіп отырған.

Мұндай әрекеттердің барлығын әкесімен бірге жасап көрген қыздың бойында мықты сенім қалыптасады.


Әкесі еркелетіп өсірген қыз СҰЛУ БОЛАДЫ

Сұлулықтың қатып қалған қағидасы жоқ. Әркімнің бірегей сұлулығы бар. Міне, сол ешкімде қайталанбайтын сұлулықтың өз бойында барын әкесі еркелетіп өсірген қыз сезіп-біліп өседі. Оған кішкентайынан әкесі «сұлу қызым, дара қызым, әдемім, ханшайымым» деген сөздерін аямаған. Мұндай сөзді күн сайын құлағына құйып өскен қыздың бойында болашақта ешқандай комплекс, ұялу, қымсыну болмайды. Ашық-жарқын жүреді.


Әкесімен бірге ойнап өскен қыздың ДЕНІ САУ БОЛАДЫ

Анасы сияқты емес, әке деген қыз баласына белсенді спорт түрлеріне қарай икемдейді. Жүгіріп ойнау, секіру, атқа отыру, велосипед тебу, саяхат, туризм, жүзу және тағы басқа түрлерінің барлығына көбіне әке баулиды.

Әлбетте, мұндай «мектептен» өткен қыз баланың сымбатты да денсаулығы мықты болмауы мүмкін емес.



Әкесіне сеніп өскен қыз КҮЙЕУІНЕ ДЕ СЕНІМ АРТАДЫ

Бүгінде тұрмыстық жағдайлардың арасынан еркекке сенімі жоғалып, отбасының тізгінін өз қолына алған, осылайша өзінің нағыз әйелдік болмысын жоғалтып алған нәзікжандыларды аз кездестірмейсіз. Соның түбіріне үңілсеңіз, барлығы әкенің отбасындағы рөлі мен балаларымен, әсіресе қызына деген қарым-қатынасынан туындағанына көзіңіз жетеді.

Егер отбасында әке барлық жауапкершілікті өзіне алып, әйеліне де, бала-шағасына да нағыз тірек бола алса, кез келген қиындықта мойымай тығырықтан шығар жол таба алса, соны көріп өскен қыз баланың бойынан ер-азаматқа деген сенім қалыптасады. Ол ертеңгі күні еркектің орнына «еркек» болмайды, болмысын жоғалтпайды, әйелдік нәзіктігі мен еркелігінен де айырылып қалмайтын сүйікті әйел болады.


Тұрмыстағы зорлық-зомбылық, ішкілік пен әйеліне қол жұмсау, перзенттеріне мән бермейтін, оның тәрбиесіне тек әйел ғана жауапты деп санатыйтын, балаларды ұрып тәрбиелейтін қатал да қаһарлы әке – қыз баланың болашаққа деген сенімін жоғалтып, бойына үрей ұялатады. Ертеңгі күні бейсаналы түрде тап әкесі сияқты еркекті жолықтыруы мүмкін. Күйеуі ұрып-соқса, дөрекілікті «солай болуы заңдылық» деп қабылдап жүре беруі ғажап емес. Өйткені, ондай қыздың бойында әке салып кеткен үрей бар...


Көппен тез тіл табысатын, өзінің эмоционалдық күйін қалыпты сақтай алатын әке – міне, қыз баласы үшін де, ұл балаға да өте тамаша үлгі және олардың да болашақ өмірде еркін әрі қателікке ұрынбауының негізін қалайды. Мұндай әкелер сондай мінезімен-ақ баланың болашағын қалыптастырып тастайтын көрінеді. Әсіресе, көңілді күйде жүретін әкелердің қызы интеллектуал жағынан да озық болады екен. Білім көкжиегі де кең болады.


ӘСІРЕСЕ, 5 ЖАСҚА ДЕЙІН...

Дүниеге қыз бала келген соңөмірінің алғашқы бес жылында әкеге жақын өскенін құп санайды мамандар. Әсіресе, мына бес нәрсені қалыптастырады екен.


1. Жақсы еркектен жаман еркекті айыра білу – жоғарыда айтқан ер-азаматқа деген сенім де осыған кіреді. Айнала әлемнің қорқынышты емес екенін, өмірге сеніммен қадам басудың да алғашқы іргетасын байсалды әке қалыптастырады. Әсіресе, 5 жасына дейінгі қалыптасқан қарым-қатынаста.


2. Жыныс айырмашылығы – әке мен қызының арасындағы қарым-қатынас арқылы үш жастағы қыз бала өзінің нәзікжанды әйел заты екенін сезінеді.


3. Жасөспірім шақта қиындық болмайды – әсіресе, алғашқы махаббат, ең бірінші алған сезімге толы хаттар, ұл балалардың «тиісуі», комплимент айтуы дегендерден оңай өтіп, аса бір қиындықты бастан кешірмейді. Бұл есеюдің алдындағы өте маңызды баспалдақ.


4. Отбасында да сенімді – өз ойын ашық білдіре алу бүгінгі заманда қыз баласына ауадай қажет. Ойын, сезімін, жағдайын айтуда, қиналғанда ашық көмек сұрай алатын, оның «ұят емес», керісінше дұрыс әрекет екенін қыз баласы кішкентайынан біліп өскені дұрыс. Және де бұл қатал қарамайтын, керісінше еркін еркелете алатын әкесінің арқасында қалыптасады.


5. Кәсіби жетістік - кішкентайынан кез келген жетістігіне анасына қарағанда әкесінен көбірек мақтау естіп, қолдау көрген қыз баласы болашақта кәсіби тұрғыда да үлкен жетістіктерге жетеді. Себебі, қыз бала үшін ер-азаматтан қолпаштау күту табиғатына тән нәрсе. Ал әкесі өз кәсібінде үздік маман, кәсіпкер болса, тіпті керемет үлгі.


Қандай әке БОЛМАУ КЕРЕК?


Қыз баланың көзінше өмір бойына ҰЛДЫ армандайтын әке – қыздың өзіне деген бағасын өшіреді.


Отбасында ӨЗ АБЫРОЙЫН ған өсіретін әке – қыз баланың эмоциясын еркін шығаруға тосқауыл қояды.


ЕРІКСІЗ, ЫНЖЫҚ ӘКЕ – болашақта ер-азаматпен санаспайтын қыз баланы өсіреді (отбасында проблема көп болуы мүмкін).


Түрлі дереккөздерден жинақтаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: Күйеу ҚОЛ КӨТЕРЕ МЕ – мәселені өршімей тұрып өшіру керек