Қызға бұлай АЙТПАңыз!

0
9 266

Балалық шағында ағашқа өрмелеп, кереует үстінде секіру немесе ұнамаған адамына «дөрекі сөйлеу» яғни, нәзік қарым-қатынас жасамау, өз ойын еркін жеткізуден шектеу арқылы қыз балаға мұның «жат қылық» екендігін үнемі есіне салып отыру арқылы тәрбиелеу дұрыс емес.


Қызға бұлай АЙТПАңыз!

Ұл балалар мен қыз баласының тәрбиесінің ерекшеліктері, өзіне сай талаптары бар. Ұл мен қызға бірдей тәрбие берілетін сияқты түйілгенімен, екі түрлі құлыптың тетігін ашу үшін бір кілт емес, екі түрлі кілт қажет.

Біздің күнделікті өмірімізде кездесетін, қолданатын іс-әрекеттеріміз айналамыздағы адамдарға, отбасы мүшелеріне, балаларымызға тиісінше әсер ететінін байқай бермеуіміз мүмкін.

Ұл мен қыздың тәрбиесіндегі ерекшеліктер жайлы айттық. Енді қыз балаға қандай сөздерді айтуға болмайды, осы жөнінде кеңірек тоқталып өтсек...


«Бұл ұлдарға арналған ойыншық, сондықтан, онымен ойнама»

Неге қыз бала машина ойнамауы керек? Көпшілік ата-аналардың ойынша, қыз бала машинамен ойнауға әуес болса, еркекшора болып өседі деген қорқыныш басым. Бірақ, бұл ойыңыз қате. Қыз баланың қызығушылығына тосқауыл болу арқылы оны ер бала секілді болып өсуінен қорғай аламын деп ойлауға еш негізі жоқ.

Ұл бала үшін ойыншық көліктер мен құрастырғыш ойыншықтар, қыз бала үшін қуыршақ сыйлау арқылы біз оларға кішкентайынан «ұлдар үшін ақыл, қыздар үшін көрік маңызды» деген теріс пікірді бойына сіңіреміз. Келешекте қыз балалардың да ақылды ұл тәрбиелейтінін ұмыт қалдырамыз.


«Қыздар бұлай жасамайды...»

Асыр салып ойнайтын балалық шағында ағашқа өрмелеп, кереует үстінде секіру немесе ұнамаған адамына «дөрекі сөйлеу» яғни, нәзік қарым-қатынас жасамау, өз ойын еркін жеткізуден шектеу арқылы қыз балаға мұның «жат қылық» екендігін үнемі есіне салып отыру арқылы тәрбиелеп жатырмыз деп ойлаймыз.

Бірақ, қыз баланың да физикалық сау, шапшаң, реті келгенде өзін-өзі қорғай алуы (тым болмаса сөзбен) секілді қасиеттердің де керек екендігін ұмыт қалдырамыз. Рас, қыз баланың денсаулығына қауіп келтіретін істермен шұғылданбауын қадағалау керек. Бірақ, бұл ұлдарға да қатысты ғой. Оның денсаулығына зиянын тигізетін спорт түрімен немесе басқа да дене еңбегімен шұғылдануына сақтықпен қарауға тиіспіз.


«Ол жігіттің «басын айналдырып» алған ғой...»

Өсіп келе жатқан жасөспірімнің көзінше мұндай сөздерді айтушы болмаңыз. Өйткені, сіз бұл сөзіңізбен шындықты айтып отырған болсаңыз да, жігітті - олжа, қызды - тұзақ құрушы етіп көрсетесіз. Оң мен солын әлі де толық тани алмайтын жастағы балаға «қыз жігіттің басын айналдырып алуы керек, қармағына іліндіру керек» деген ойдың пайда болуына итермелейсіз.

Сондықтан, қыз бала таза сүйіспеншілік пен кіршіксіз сезімді осылай түсініп, махаббаттың осы бір түрін өмірінде көп қолдануы мүмкін. Қызыңыздың болашағын әуелден бұзып алуға жол бермеңіз, сөзіңізге абай болыңыз!


«Ер адамдардың өмірі рахат!»

Әлбетте, қыз балаға тыйым көп, ер балаларда еркіндік көбірек. Бірақ, бұл «қыз бала төмен деп кемсітілген, сондықтан, көп армандарына қол жеткізуге мүмкіндік жоқ» деген сөзді білдірмейді.

Екіншіден, қыз бала өзіне сенімді болса, кез-келген адамның, жігіттің алдауына, арбауына түспейді. Ал, қыз баланың өзіне деген сенімін ұялату үшін оған «саған қиын болады», «әттең, қыз бала болып туылғансың, әйтпесе...» дей көрмеңіз.

Өзіне сенімді қыз баланың да алар асулары, бағындырар белестері көп.


«Тым толысып барасың, арықтауың керек»

Әсіресе, жасөспірім, өтпелі кезеңдегі қыздарға бұлай демегеніңіз жөн. Олар өтпелі кезеңде болғандықтан, өзіне ауыр қабылдайды. «Арықтауың керек» дегенді «сүйкімсізсің» деп ұғады. Сондықтан, қыз өсіріп отырған аналарға да бұл кезең қиындау тиеді. Қызының сыртқы көрінісі мен ішкі әлемінің қайшылықтарында анасы қызына айтылатын әрбір сөзін сүзгіден өткізіп, жұмсақ жеткізуі тиіс.

Әйтпесе, сіз үшін болмашы көрінген сөз қызыңызды күйзеліске соқтыруы мүмкін. Жасөспірімдік кезеңде қыз баланы өзінің жаратылысын барынша сүюге үйреткеніңіз жөн.


«Бай-бағлан жігітке тұрмысқа шығуың керек»

Әрине, ата-ана қыздың барған жерінде мұқтаждық көрмей, баршылықта өмір сүргенін қалайды. Қазіргі қыздардың да есіл-дерті сол, сыртқы көрініске көбірек назар аударуда. Бірақ, кешіріңіз, дәулетті адамның ұлы да жас бала емес... Өз бағаңызды түсіріп, арзандатып алмаңыз.

Әдемі суреттің артында көркем мінез болмаса, бай жігіттен күдеріңізді үзгеніңіз де дұрыс болар.

Одан да ішкі дүниеңізді реттеп, рухани өсуді қолға алсаңыз, ханзадалардың өзі сізге қарай ұмтылады.


«Қыз емес, ұлды қалаған едім...»

«...Бірақ, сендей бақытты берген Аллаға мың рахмет» деп сөзіңіздің соңын жұмсартсаңыз да ең абзалы - айтпай-ақ қойғаныңыз. Себебі, әр бала дүниеге келмей тұрып, ата-анасының сүйікті, асыға күткен перзенті болғанын білуі, сезіне алуы тиіс. Ата-анасының жүрегінен, санасынан өзі иеленген орынның болғаны бала үшін өте маңызды. Сіз әрдайым жүрегіңіздегі перзентіңіздің орны ерекше, үлкен екендігін ұдайы есіне салып отырыңыз.

Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Оқи отырыңыз:


Өзіңізді өзгемен салыстыруды доғарғанда, өміріңіз де өзгереді


Күйеуіңізге айтуға болмайтын 5 сөз