ҚЫЗЫҢЫЗ көрінгенге ҚОЛЖАУЛЫҚ болмасын десеңіз...

0
2 464

Өзін сыйлайтын қыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейді


ҚЫЗЫҢЫЗ  көрінгенге ҚОЛЖАУЛЫҚ болмасын десеңіз...

Қыз балалар үшін өзін жақсы көру, сыйлау – өте керек қасиет. Бойында осындай қасиеті бар қыз көрінгенге қолжаулық болмайды. Ұстағанның қолында , тістегеннің аузында кетпейді.

Өзін жақсы көру, сыйлауды жасөспірім кезде жоғалтып алуы әбден мүмкін. Себебі дәл осы кезеңде бойында гормоналдық, жүйке жүйесінде және эмоционалдық өзгерістер орын алып жатады. Сырт келбеті, дене пішініндегі өзгерістер де кейде ұнап, кейде ұнамауы мүмкін. Басқаларға еліктеп, біреуге ұқсағысы келіп, өзін бар қалпында қабылдай алмайды. Осылардың салдарынан көзқарасы өзгеріп, өзін өзі бағалау деңгейі де түсіп кетіп жатады.

Мұның бәрі кері тартатын комплекстердің пайда болуына, өзін бағаламауына, жақсы көрмеуіне әкеледі. Сондықтан осы жылдары ата-ананың рөлі өте үлкен, көмегі, бағыт-бағдары аса маңызды. Не істеу керек?


Өзін қабылдауына көмектесу

Жасөспірім шақта қыз балаларға өз жаратылысын, қазіргі жағдайын түсіну қиын. Бір жағынан, бұрынғыдай кішкентай қыз емес, үлкендер «Енді сен үлкен қыз болдың» дейді. Екінші жағынан жеткілікті үлкен де емес екен, өйткені кей жағдайларда «Ол үшін әлі кішкентайсың» дейді. Осындай белгісіздік шатастырады, өзін қалай ұстауды білмейді, өзін жоғалтуына әсер етеді. Сондықтан анасы бойындағы әр өзгерісті атын атап, түсін түстеп, неге олай болып жатқанын түсінуге көмектесу, қалыпты қабылдау керегін ұқтыруға тиіс.


Орынды мақтау

Өкінішке орай, көбіміз біреуді мақтауға қарағанда, сынауға, сөгуге дайын тұрамыз. Балаларға қатысты да солай. Әйткенмен, кімге де болмасын мақтау сөз көбірек жағатыны, дамуына, алға жылжуына, өмірге оң, позитивті көзқарас қалыптастыруына ықпал ететіні белгілі. Сондықтан, балаға, әсіресе қыз баласына жылы сөз көбірек қажет. Жасөспірім шақта бұл қажеттілік еселене түседі. Сондықтан күнделікті жылы сөз айтып, мақтап тұруды ұмытпаңыз. «Шашың өте әдемі болып тұр», «Көйлегің керемет жарасады екен», «Бүгінгі пісірген асың өте дәмді болыпты», «Ақыры үйреніп алыпсың ғой, сенің табандылығыңа ризамын» дегендей сөздер өзін лайықты бағалай алуына көмектеседі.


Дұрыс диалог орнату

Қызыңызбен сөйлескенде сұрақты дұрыс қоя білсеңіз, ойыңызды әдемі жеткізе алсаңыз, көп мәселенің алдын аласыз. Айталық, «Ммм, боянып-сыланып қайда шықтың?» деген сұрақ пен «Бір жоспарың бар ма, қайда бара жатырсың, маған да айтшы» немесе «Білсем бола ма?» дегендей сауалдың арасында үлкен айырмашылық бар. Әрқайсына өзіне лайық жауап аласыз. Басты ескеретін нәрсе – сауалыңыз мысқылдаусыз, оның қытығына тимейтіндей, жеке шекарасын бұзбайтындай, шынайы қызығушылықты білдіретіндей болғаны дұрыс.


Сенімді бағалау, айрылмаудың амалын жасау

Балалар мен жасөспірімдер арман-қиялшыл келеді. Арманына сенбейтін, қиялына ермейтін жандармен ойларын бөліспейді. Олардың әлемі тым нәзік, орынсыз айтылған бір ауыз сөз, ауыр көзқараспен-ақ сындырып алу әбден мүмкін. Өздері үшін әр эмоциясы қымбат, оларды құнсыздандырған жан бала алдында өз құнын жоғалтады. Сондықтан, сенімінен шығып, бір-біріңізге бөтен адамдарға айналғыңыз келмесе, бірге армандап, көңіліне қарап сөйлеп, эмоцияларын құнсыздандырмай, ол маңызды деп тапқанды маңызды санап, бәрін теңдей бөлісуге тырысыңыз.


Қауіпсіздікті қамтамасыз ету

Қызыңызға сіздің жаныңызда өзін қауіпсіз сезіну мүмкіндігін жасаңыз. Қандай жағдай болса да қолдайтыныңызды айтыңыз, барлық жағдайда қорықпай, жасырмай бөлісуге шақырыңыз. Айтып қана қоймай, іспен де дәлелдеңіз. Ата-анасының жаны – өзін әрқашан түсінетін, бағалайтын және жақсы көретін орын екені есінде мықтап сақталуға тиіс.


Тым қатал болмау

Кішкентай болсын, жасөспірім болсын, бала тәрбиесінде қаталдық та керек. Бірақ оны қысыммен, тыйыммен, шексіз шектеулермен шатастырмау қажет. Өзіне, өзгелерге қауіп төндіретін, зиян келтіретін жағдайларға тыйым салыңыз және сол тыйымды сақтауда қатаңдық танытыңыз. Ешкімге зияны келмейтін жағдайларға да шектеу қойып, ешкім үшін ешқандай маңызы жоқ ережелер орнатып, қате болуы мүмкін дегеннің бәріне қадам бастырмай, қысымды арттыра берудің қажеті жоқ.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

СЫН айтып, МІН тергендерге қалай ЖАУАП БЕРУ керек?