Оқу үлгерімі нашар балаға НЕГЕ шахмат ойынын үйрету керек?

0
7 475

Шахмат ойыны балаға сіз үйрете алмағандарды үйретеді.


Оқу үлгерімі нашар балаға НЕГЕ шахмат ойынын үйрету керек?

Балаңыздың бұрыс мінез-құлқын түзеудің, ойлау қабілетін дамытудың, шығармашылыққа баулудың, математикаға қызықтырудың тиімді жолын таппай жүрсіз бе?

Балаңыздың бойында табандылық, намысқойлық, қайраттылық, сабырлылық, ұстамдылық жетіспей ме? Оған өз бетінше шешім қабылдауды, іс-әрекетіна жауап беруді, әр қадамын ойланып басуды, күн мен уақытты жоспарлауды үйреткеніңізбен нәтиже болмай жатыр ма?


НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Алдымен, осы уақытқа дейін сіздің тарапыңыздан қандай әрекет болғанын айтыңызшы.

Күнделікті сабақ үлгерімін қатаң бақылауға алу... Қосымша репититор жалдау... Логикалық ойлау қабілетін арттыратын курстарға қатысу... Психолог маманынан кеңес алу... Мектепті өзгерту... Бос уақытын пайдалы нәрселерге жұмсауын қадағалау... Жазалау арқылы тәрбиелеу...

Егер, осындай әрекеттеріңізден соң да өзгеріс болмаса, онда шахмат ойынын үйретіңіз.


НЕГЕ?

  • Біріншіден, шахматты әлеуметтік жағдайына қарамай кез келген ата-ана сатып әпере алады. Қолжетімді. Шахматты балаңыз үйде-ақ ойнайды.
  • Екіншіден, ойын ережесін үйрену оңай. Бастауыш сыныптағы бала да, жоғары сынып оқушысы мен ересектер де жылдам үйренеді.
  • Үшіншіден, жас талғамайды. Шахмат ойнау үшін балаңызға сыныптасын үйге шақырудың қажеті жоқ. Ол бос уақытында ағасымен, інісімен, әпкесімен, үйге келген қонақпен, тіпті әкесімен де қызығып шахмат ойнайтын болады.
  • Төртіншіден, шахматтың пайдасы болмаса, ешқандай зияны жоқ.
  • Бесіншіден, шахмат – спорттық ойын ғана емес, сонымен қатар танымдық, тәрбиелік құрал. Белгілі педагог В.А.Сухомлинский «Шахмат ойыны ақыл-ойдың дамуының басты себепкері» десе, халықаралық шахмат чемпионы Рауль Капабланка «Шахмат ойнау – уақытты интеллектуальды дамуға, білім мен өнерге арнаумен тең» дейді.


Педагогика және психология мамандары мен ақыл-ой спорт үздіктерінің шахматтың тәрбиедегі, тұлғалық дамуыдағы маңызы туралы айтқан мұндай сөздерін тізе берсек өте көп. Ғылыми дәлелдер келтірілген кітаптар да жетерлік. Шахмат ойынының баланың тәрбиесі мен дамуына тигізер пайдасын қысқаша таныстырып өтейік.


Математикалық қабілетті дамытады

Бала шахмат ойынын үйренуді бастағанда бірінші шахмат тақтасымен және екі түсті тастармен (фигуралар) танысады. Шахмат тақтасында жалпы неше тор көзі (шаршы) болатынын, оның нешеуі ақ түсті, нешеуі қара түсті екенін санайды. 64 шаршыдан тұратын тақтада қанша тас болатынын, тастың қайсысы вертикаль бағытында, қайсысы горизанталь, ал қайсысы диагональ жолмен жүретінін жаттайды.

Шахмат ойынымен танысу осылай қарапайым математикадан басталады. Ал, ойын барысында қарсыласының тастарын санау, өзіндегі тастармен санын салыстыру, уақытты жоспарлау да – математика.

Шахматтың баланың математикалық ойлау қабілетін дамытатынын анықтаған ғалымдар көп. Соның бірі Европадағы Ливерпул университетінің психология ғылымдарының профессоры Фернан Гобэ. Ол арнайы бақылау жүргізіп, шахматты 25-30 сағат (мысалы әр күні 2 сағаттан уақыт бөлсе, 12 күнде 25-30 сағат шахмат ойнаған болады) ойнағаннан кейін-ақ баланың математика пәнінен үлгерімі әлдеқайда жақсаратынын анықтаған.

2008 жылы Германияда жүргізілген бақылау жұмысында да шахмат ойыны арқылы баланың математикалық қабілеті артатыны дәлелденген. Бақылаушылар әр мектептен оқу үлгерімі төмен 4 сынып оқушыларын жинайды. Оларды екіге бөліп, бір топқа аптасына бір рет 1 сағат шахмат сабағы енгізіледі. Ал, екінші топтың оқу бағдарламасын өзгеріссіз қалдырады.

Бір жылдан соң екі топтан математика бойынша тест алынады. Нәтижесінде бірінші топтағы балалар математика бойынша екінші топтан әлдеқайда жақсы көрсеткішке ие болған.



Логикалық тұрғыда ойлауға үйретеді


Психолог мамандар шахматты баланың ойлау жүйесін жан-жақты дамытып, шыңдайтын ең мықты тренажер деп бағалайды. Олардың айтуынша, шахмат ойыны барысында адам миының оң және сол жақ жарты шары бірдей жұмыс істейді екен.

Ойыншы әрбір жүрісінің алдында қадамдарын жоспарлайды. Бірақ, алдын ала жоспарланған 2-3 қадам қарсыластың бір жүрісінен соң-ақ өзгеріп кетуі мүмкін. Іштей «Не істеу керек?» деп ойланған ойыншының әрекетсіз жатқан ми нейрондары автоматты түрде белсенді жұмысқа кіріседі.

Сондай-ақ, ойыншы өзінің әр жүрісінен соң жағдайға қарсыластың көзімен қарап саралайды. Қарсыластың да қадамын да ойша болжап отыруың керек.

Осының бәрі баланың ой күшін дамытып, логикалық түрде пайымдауды үйретеді екен. Сондықтан болса керек, шахмат ойнап өскен балаға логикалық есептерді, ал есейгенде өмір жолында кездескен күрделі жағдайларды логикалық тұрғыда шешу қиындық тудырмайды.



Мінез-құлықты тәрбиелейді

Ұшқалақ балаға бір орында тапжылмай ұзақ отыру қиын-ақ. Ал, шахмат ойыны кезінде сағаттап бір орында қалай отырғанын өзі де аңғармай қалады. Бала осылай салмақтылықты, сабырлылықты үйренеді.

Болмашыға ашуланатын агрессивті бала шахмат ойынында бірде жеңілсе, бірде жеңеді. Бір жүрістен соң жеңетініне сенімді боп отырғанда, қарсыласы «мат» қояды. Көңіл күй бірден өзгереді.

Ешкімді кінәлай алмағандықтан бала ашуын ауыздықтайды. Бұл өзі жасаған қадамның нәтижесі екенін түсінеді. Сондықтан жеңілісті қабылдауына тура келеді. Ал, қабылдау – бұл мойындау болса, мойындау – эмоцияны басқару.

Осындай түрлі көңіл күйді қайта-қайта басынан өткізген бала біртіндеп байсалдылыққа, жеңіспен бірге жеңілісті де қабылдай білуді үйренеді. Мұндай бала өмір жолында кездескен қиындықтарда бордай езілмейді.



Жауапкершілікті сезіндіреді

Шахмат ойынын ойнап әбден жаттыққан бала алдындағы тақтадағы тастардың «тағдыры» өз қолында екенін біледі. Оңға жүрсе арба сынатын, солға жүрсе өгіз өлетін сәт туғанда оған басқа ешкім көмектесе алмайды. Ойын ережесі солай. Ол дұрыс болса да, бұрыс болса да бір жолды таңдауы керек.

Осылай бала өз бетінше шешім қабылдауды үйреніп, оның өзіндік көзқарасы қалыптасады. Ал, өз бетінше шешім қабылдаудан жауаптылық туады.

Ойын барысында уақыттан ұту үшін бірде шахмат тастарын құрбан етуге тура келсе, бірде уақыттан ұтылмау үшін қарсыласының құрған қақпанынан жылдам жол тауып шыға білуі керек.

Бұл арқылы бала өмір жолында кездесетін мәселелерді өз бетінше шешуге, әрекеттеріне жауап беруге үйренеді.



Есте сақтауды қабілетін арттырады

Шахмат – есте сақтауды талап ететін ойын. Ойыншы қадам жасар алдында «егер, ол мынау таспен жүрсе, мен былай етемін, ал анау таспен қорғаса, онда мен...» деп бірден екі-үш нұсқаны ойлап, оның жүріс схемасын есте сақтайды. Бірден екі-үш нұсқаны есте сақтау бұл қабілетті шыңдай түседі.

Әр тастың қайда тұрғанын және олардың жүру мүмкіндіктерін жіті қарап шығу, сонымен қатар қарсыласының позициясын да назарда ұстау баланың байқағыштық, қырағылық қабілетін жетілдіреді.



Мақсатқа жетуге талпындырады

Шахмат ойынында ойыншының басты мақсаты – жеңу. Ал, жеңіске жету қай таспен ойынды бастауды, қай тасты барынша қорғауды және қайсысымен жиі шабуыл жасауды алдын ала жоспарлайды. Бұл негізгі жоспар болса, ойын барысында жағдайларға байланысты, қарсыластың әрекеттеріне қарай қысқа-қысқа түрлі жоспарлар құрып отырады. Сонымен қатар, әр ойыншының өз тактикасы қалыптасады.

Жеңілістен соң бала қателіктерін еске алса, қарсыласын жеңгенде артықшылықтарын есте сақтайды. Келесіде қателіктерін қайталамауға тырысады. Өйткені, ешкім жеңілуді қаламайды. Жеңілгісі келмейтін бала ізденіске көшеді.

Кейін есейгенде жұмысы жүрмей жатса ізденіп, кәсібін жандандыру үшін жоспар құратындар бала кезден жоспарлап үйренген балалардан шығады.

Бұған дәлел – сіз танитын миллионерлердің бала кезден бастап шахмат ойнап өскендігі.



Миллионердердің көбісі шахмат ойнап өскен

Белгілі бзнесмендер мен инвесторларға ортақ спорт түрінің кең тарағаны – шахмат екен. Олардың арасында тіпті бала кезден осы ақыл-ой спортына әуес боп өскендері де бар. Атап айтсақ:

  • Билл Гейтс (Microsoft)
  • Лоуренс Эллисон (Oracle)
  • Йоп Ван Остером (Volmac)
  • Марк Цукерберг (Facebook)
  • Питер Тиль (Clarium Capital Management)

Питер Тиль журналистерге берген сұхбатында өз бизнесінде шахмат стратегияларын қолданатынын айтса, «Tangent Capital» иесі Боб Райс «Үш қадам алға: шахмат бизнесте нені үйретеді?» деген кітабында «шахмат – бизнес моделіне ұқсайды» деп жазған.

Әлемге белгілі гроссмейстердің бәрі де өмірді шахмат ойынына ұқсатады. Соның бірі Марк Глуховский «Цифрлы ғасыр өте жоғары интеллектуальды бәсекелес ғасыры. Бұл ғасырда ойлау қабілетімен ғана озуға болады» дейді.

Осындай теңеулер мен зерттеулер шахмат ойынының сіздің балаңызға қажеттігіне сендіреді деп ойлаймын.



ҚАЙ ЖАСТА ҮЙРЕТУ КЕРЕК?


Шахмат ойыншыларының, гроссмейстердің өмірбаянын оқысаңыз, олардың көпшілігі 5 жастан бастап және үйінде әкесінен, әпкесінен, анасынан үйренген. Әлем чемпионы Гарри Каспаров та шахматты 5 жасында үйренген.

Шахмат тренерлері баланы 3 жасынан бастап ақыл-ой спортына қызықтыруға болатынын айтса, психологтар тіпті ересек жаста үйренудің де пайдасы ұшан-теңіз екенін еске салады.


Ендеше, миллионерлер, жеңімпаздар ойыны саналатын – шахматты балаңызға үйретуге асығыңыз, ата-ана!

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА

«ERNUR.KZ»


Тағы да оқыңыз:

Бала тәрбиесінде ҚАТАЛ болған дұрыс па, әлде ЖҰМСАҚ па?

Балаңызға ОЙЫНШЫҚ арқылы АДАМДАРДЫ жақсы көруді үйретіңіз! ҚАЛАЙ