​Отбасыдағы ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ пен ҰРЫС-КЕРІСТІҢ айырмасы бар ма?

0
2 655

Кіммен араласатыныңызды бақылап, телефонды ақтарып жазбаларды оқи ма?


​Отбасыдағы ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ пен ҰРЫС-КЕРІСТІҢ айырмасы бар ма?

Отбасындағы зорлық- зомбылық бұл – жақын, ерлі-зайыпты, ата-ана мен бала арасындағы қатыгез, дөрекі қарым-қатынас. Бұл күнделікті жуылмаған ыдыс пен жиналмаған үй үшін болатын қарапайым ұрыс емес. Бұл деген себепсіз жанжал және бір сценарий бойынша күніне кем дегенде екі рет қайталанатын агрессия ұшқындары.


Отбасылық зорлық – бұл тек қол жұмсап, ұру емес, сонымен бірге психологиялық қысым көрсету, қорлау. Оның негізінде шешілетін қандай да бір мәселе емес, серігін тұншықтыру, басу, бақылау тұр.

Жәбірлеп, күш көрсететін жан үшін агрессия – өзінің басшы екенін көрсету. Сондықтан ондай жанға қалай тырыссаңыз да жағу, көңілінен шығу мүмкін емес.


Отбасындағы зорлық-зомбылыққа тек әйелдер ғана емес еркектер де, балалар, сондай-ақ жасы келген ата-аналар да ұшырап жатады. Бірақ зорлықтың ең көбі әйелдерге жасалады екен.

Елімізде соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмған, дейді статистика мамандары. Мемлекет тек отбасылық қарым-қатынасқа тек жәбірленген жанның басына қауіп төніп немесе бірнеше қайтара құзырлы органдарға шағым түсіргенде ғана араласа алады. Соншама адамның үйдегі зорлық-зомбылықтан көз жұмғаны алаңдатарлық жағдай. Бізде әлі де көбіне "отбасын сақтап қалайын, ұят болады" деген түсінік қалмаған. Сондықтан да көп жағдайға шыдамдылық танытып төзіп жүре береді.


Зорлық-зомбылықты ұрыс-керістен қалай ажыратуға болады?

Зорлық-зомбылық пен ұрыс-керісті ажырату оңай емес. Дегенмен агрессия кезеңімен қайталанып отырады, артынан бәрі қалпына келеді. Яғни алдымен шиеленіскен жағдайдың аяғы қол көтеріп, ұру, ауыр сөздермен аяқталады. Одан кейін ер-азамат істегеніне өкініп, жарын жақсы көретін, сүйетін жанға айналады. Біршама уақыттан кейін жағдай қайта қайталанады. Бірте-бірте ашудың соңы қол жұмсаумен аяқталатын жағдайлар жиілеп, татуласатын, істеген ісіне өкінетін кездер азая бастайды. Бұл – зорлық-зомбылық көрінісі.

Ал күнделікті ұрыс-керіс сол жерде айтылып, мәселе бірден шешіліп орнына келеді.


Зорлық-зомбылық көрініс берген жағдайда не істеу керек?

Мәселеңізді жақындарыңызға айтыңыз

Отбасындағы зорлық-зомбылық жайында өзіңізге жақын жанға, құрбы, ата-ана, әріптеске айтыңыз. Бұл туралы үнсіз қалуға болмайды. Айтуға қорықпаңыз. Отбасындағы тиран өзінің құрбанын барлық көмектен айырып, оқшаулауға тырысады. Мұндайда ең жаманы үйдегі жағдай сыртқа шығып кетпесін деп үнсіз қалу. Егер жағдайды өз өміріңіз үшін қорқып айта алмасаңыз, онда қорқыныш пен ұятты ысырып қойып мынаны жасаңыз:

  • Жұдырық жұмсап, ұрып жатса бар даусыңызбен айғайлаңыз. Сол кезде ең болмағанда 1-2 жан сіздің айғайлаған даусыңызды естиді. Кейін айғай шудың болғанын растай алады.
  • Жақын жандарға айту. Олар өз көмектерін беріп, тура шешім табуға ақыл қосады.


Көмек сұраңыз

  • Егер жағдайыңызды айтатын, сізді тыңдайтын, көмектесе алатын жан болмаса, онда сенім телефонына хабарласуға болады. Негізі отбасында зорлық-зомбылыққа тап болған адам ең бірінші 102-ге хабарласуы керек.
  • Play Маркет және App Store арқылы SOS деген мобильдік қосымшаны жүктеп алса да өте ыңғайлы. Кез келген жәбірленуші SОS қосымшасы арқылы көмекті дереу ала алады. Ұрыс-керіс кезінде басып қалып 3-4 секунд қосып қойса, ол қоңырау дереу тіркеліп, көмек барады. Ал 102-ге хабарласса толық ақпарат айтып беру қажет болады.
  • Өзіңізді құтқаратын жоспар құрып қойыңыз.


Оқиға кезінде өзіңізді қалай ұстау керек?

Мұндай жағдайда кейде айғайлаған, кейде қашқан немесе үнсіз қалған дұрыс. Ашуланған адам құрбанының әрекетіне әркезде әрқалай жауап қайтарады. Сондықтан оқиға кезінде өз ойыңызға қарай әрекет етіңіз.

Мүмкіндігінше диктофон немесе телефондағы видеожазбаны қосып, зорлық-зомбылық әрекетін, қорқытуды жазып алыңыз. Егер жағдай қатты ушығып бара жатса қажетті заттарды алмасаңыз да қашып шығуға әрекет етіңіз.

Жанжал кезінде телефонмен хабарласуға мүмкіндік болмайтыны белгілі және ол ашуланып тұрған адамды одан бетер етеді. Егер батылдығыңыз жетсе қорғануға немесе тойтарыс беруге болады.


Кейін не істеу керек?

Зорлық-зомбылыққа ұшыраған болсаңыз, мүмкіндігінше үнсіз қалмаңыз. Ол жерде шыдамдылық пен сабыр еш көмектеспейді. Жолдасыңыздың қаншалықты көңілінен шыққыңыз келсе де ол жағдай қайта қайталанады. Көбіне ұрып-соғатын жан үшін ерекше себептің қажеті де болмайды.

Негізі әйелдердің көпшілігі жолдасының анда-санда ұрғаны, қорлағаны үшін полицияға шағымданбайды. Балалар үшін отбасын сақтап қалуды көздейді. Бірақ зорлық көрсетуден отбасындағы барлық жан зардап шегетінін ескеру қажет. Оның ішінде балалар да. Егер балалар әкесінің анасына жасаған зорлық әрекетін көретін болса, бұл олар үшін үлкен күйзеліс болады. Мұндай отбасындағы балалардың жүйкесі сыр беруі және өздері де сол зорлық құрбанының біріне айналуы мүмкін.

Оқиғадан кейінгі әркетіңіз әртүрлі болуы мүмкін.


Жәбірлеушіден қалай кетіп қалу керек?

Отбасылық зорлыққа ұшыраған әйелдердің көпшілігі өзін қорғансыз, жабырқаңқы сезінеді. Ұзақ уақыт бірге болғандықтан стокгольм синдромы – ренжіткен жанға деген жан ашу сезімі оянуы мүмкін.

Зорлық көрсететін жолдасыңыздан кетіп қалу үшін алдымен оның ешқандай қаупі жоқ па, соны ойланыңыз. Оған кету туралы ойыңызды айтпаңыз, ақырын әрекет еткен дұрыс. Себебі мұндай жаңалық жолдасыңызға ұнамайтыны белгілі. Ол ашумен байлап, қамап, тіпті одан да зорғысын жасауы мүмкін.

Көмекті жақындарыңыздан күтіңіз. Егер сенетін жан болмаса, онда дағдарыс орталықтарымен хабарласқан жөн. Миұндай орталықтарда жан-жақты көмек көрсетіледі.


Оқиғадан кейін жолдасыңды өзгерту, отбасын сақтап қалу мүмкін бе?

Бұл жолдасыңыздың өз әрекетін қалай қабылдағанына байланысты. Егер ол өзінің кінәсін мойындамаса, зорлық көрсетуді қалыпты санап, бәрін сізге жаба салатын болса – мұндай қарым-қатынас жақсы жаққа өзгермейді. Ол әркез өз ісін қайталап, зорлық көрсетуін жалғастыра береді.

Жолдасыңыз өз қателігін мойындап, өзгеруге әрекет жасаған жағдайда отбасын сақтап қалуға болады. Тек мұндай кезде өз ісіңді бақылай алу үшін психотерапевтің көмегі қажет болады.


Адамның зорлық көрсетуге бейім екенін алдын-ала түсінуге бола ма?

Ия, кейбір белгілер адамның зорлық көрсетуге бейім екенін көрсетеді.

  • Достар мен туған туыстармен араласуға тыйым салады;
  • Кіммен араласатыныңызды бақылап, телефонды ақтарып жазбаларды оқиды;
  • Сізге ұнамайтын нәрсені істеуді сұрайды немесе мәжбүрлейді;
  • Өз кінәсін мойындамайды, үнемі бәрін сізге жабады;
  • Балаларға қатал қарайды;
  • Сізге дөрекі жауап береді, жәбірлеп отырады;
  • Көңіл күйі тез өзгеріп, тез ашуланады.

Негізі зорлықты көбіне кішкентай кезінде қаталдық көріп өскен жандар жасайды екен. Сондай-ақ білімнің төмендігі, ішкілікке салыну жағдайындағы жандар да зорлыққа бейім.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.