​Өзіне СЕНІМСІЗ адам ӨСЕК айтуға бейім тұрады

0
6 998

Ал өсектің пайдасы бар ма?


​Өзіне СЕНІМСІЗ адам ӨСЕК айтуға бейім тұрады

ӨСЕК - бұл бүгін немесе кеше пайда болған нәрсе емес. Ол адам баласы жаралғалы бері онымен бірге ілесіп келе жатқан «ҮРДІС».

Бірақ, өсекті барлық адам айтады ғой деп келте ойламаңыз, сіз айтып жүрген әңгіме шындыққа жанасады деп өзіңіз ойласаңыз да, анығында бұл мүлде ақиқатқа жанаспауы да мүмкін. Өтірікпен шатастырып алмаңыз, өсек айту деген жақсы қасиет емес. Бұл күндестік пен көре алмаушылық сезімдерінің астасуынан шығатын құбылыс.

Саясаткерлер, атақты адамдар мен қарапайым адамдар деп бөлмейміз, бірақ, мамандардың айтуынша, өсекті ең көп айтатын адамдар бұл өздеріне сенімсіз, белгілі бір дәрежеге қолы жетпеген, мақсатына ере алмаған адамдар екен.

Өзіңізді мұндай адамдардың қатарына қоса аласыз ба? Өзіңізге төменде келтірілген мысалдар арқылы бақылау жасап көріңіз:


Өсек айту арқылы жаныңыз рахатқа бөлене ме?

Өсек деген сөздің өзіне мінездеме бере кететін болсақ, бұл-екі және одан да көп адамның басқа бір адам туралы ой бөлісуі.


Өсекті екіге бөліп қарастыруға болады. Зиянды және зиянсыз өсек.


Зиянды өсек (ғайбат)

Анықтап айтқанда, өсектеуші адам өзі сөз етіп отырған адамға зиян келтіруді көздейді.


Зиянсыз өсек

Жәй ғана өзге адамның болмысын, жүріс-тұрысы мен әрекеттерін сөз ету. Бұл ең көп айтылатын өсек түрі. Яғни, әңгімелесуші адам өзін өсек айтып отырмын деп есептемейді мұндай жағдайда. Көбінесе, жасөспірім шақтағы адамдар айтады. Сонымен қатар, эмоциясын іште жасыра алмайтын, көңіл-күйі құбылмалы адамдар да өсекке жақын болады. Жасөспірімдік кезеңде қатарластарымен бәсекелестік, қызғаныш сезімдері өршіп тұрады. Бірақ, адам есейе келе, ақылы толысып, ақ-қараны таныған сәтте эмоциясын басқаруды үйренеді. Ал, эмоциясы қалыптастқан, өзіне сенімді адам зиянды өсекті айтпайды.


Егер, ақылы толысқан, кемеліне жеткен адам әлдекім туралы, біреуге зиян келтіруші өсек айтып жатса, демек, ол адамның іштей қыжылы, өзіне деген сенімсіздігі басым. Біреудің өмірі жақсы жаққа өзгеріп, жетістікке жете бастаса, оны аяқтан шалуды көздеп, өсек таратқан адам өзінің өмірі айтарлықтай жақсы емес екендігін, өзінің кемшілігін біреудің «айыбын» ашу арқылы жапқысы келеді. Басқаша айтқанда табалайды. Ол осы ісінен ләззат алады. Өзіне сенімсіз адам зиянды өсек айтып жатқанда оны біреу қолпаштаса, дем берсе, ой қосса өз-өзіне масаттанып, марқаяды.

Өйткені, «менің ойымды өзгелер де қолдайды. Менімен келіседі. Ол туралы жақсы пікір айтпайтын адам мен ғана емес екенмін. Мен жалғыз емеспін» деген оймен ол аз да болса өзіне деген сенімділігін оятады.


Өсек адамды жақындастырады

Зиянсыз өсек күн сайын айтылады. Бірақ, екі адам сырттағы «үшінші» адам жөнінде сөйлеседі. Үшінші адам бұл саясаткер, атақты адам немесе құрбы-дос, бәлкім көрші, болмады дегенде ит пен мысық туралы да сөз болуы мүмкін.

Олар туралы сөздің зиянсыздығы сол, екі адам бір-бірінің эмоцияларын сыртқа шығару арқылы сөйлесіп, күліп, бір-біріне жақындай түседі. Зиянсыз өсектің де пайдалы тұстары бар. Ол адамды бір сәтке болса да тыныштандырып, демалдырады.


Алайда мына нәрсені ұмытпау керек:

Адамдар өздері сенбеген мәліметті біреуге айтпауы тиіс. Ақиқатқа көзі жетпей тұрып, жақын адамдарына, достарына айтып, «рас-өтірігін білмеймін» десе, оны жақындары түсінеді және бір тақырып аясында әңгімелесу адамды демалдырады деген сөз осы.


Зиянды түрінен қорғану керек

Қалай? Егер сізге әңгімелеуші адамның сөзінің зиянды екенін байқасаңыз, көңіл аудармай қою керек делінеді. Дұрыс пікір. Десек те, әлдекімнің дәлелсіз сізді жамандай бергенін білсеңіз, шыдамыңызды тауысары сөзсіз. Абыройыңызға нұқсан келеді. Сондықтан, барлығын орны-орнына қоюға тырысасыз. Алайда, ашуға бой алдырмағаныңыз абзал. Сабырмен, бірақ, оның жөнсіз өсек таратуын қойдыруыңыз керек. Егер сіз ашуға бой алдырсаңыз, шатақ шығарсаңыз, сіз жөнінде өсек таратқан адамның шоғына май тамызған боласыз. Бәлкім, ол осыны күтіп жүрген болар?

Егер сіз де ашуыңызды жеңе алмасаңыз, оның айтқан сіз туралы кері пікірлерін басқа адамдар шын көріп қалуы мүмкін.

Ал, жасөспірімдер зиянды өсекті жүрегіне жақын қабылдайды. Осыдан келіп қастасуға, тіпті асқынып кеткенде өз-өзіне қол салуға дейін жетуі мүмкін. Негізі жасөспірім шақтағы балалар ата-анасынан жырақтай бастайды. Ата-анасының жанында отырғаннан гөрі, достарымен бірге болған оларға қызықты. Көшеде сейіл құрғысы келеді, оған айналасындағы дүниенің барлығы таңсық көріне бастайды. Тіпті, оған тыйым салған ата-анасының сөзін де көтере алмай, қаттырақ айтса қарсы шығып немесе бұртиып, өкпелеп қалу да осындай жастағы балалардың басынан өтетін құбылыс. Сондықтан, әрбір ата-ана баласымен байланысты ажыратып алмау керек. Оның сеніміне кіріп, баланы бақылаудан шығарып алмауға тырысқаны жөн. Бала жанын түсінуге, оған әрдайым кқолдау білдіріп, көмектесуге әзір екендігіңізді байқатыңыз.

Жасөспірімге ең алдымен ата-анасы көмектесе алады.


Кім көп өсек айтады?

Өсекті әйелдер көп айта ма, әлде ер-азаматтар ма? Әлбетте, сіз де әйелдер деген ойда шығарсыз? Шындығында солай. Өйткені, олар ерлерге қарағанда әлдеқайда эмоционалды болып келеді. Көп сөйлеп, көп талқылағанды жақсы көреді. Ерлер де қалыспайды деп ойлайтындар да аз емес шығар. Әдетте әйелдер өсек айтса, бұл кешірімді нәрсе деп қабылдаймыз. Өйткені, олар әйел ғой.

Ал, еркектер өсек айтса, бұл бірден көзге көрініп қалады.


Жел сөз желдей есе ме?

Ең көп сөзге ілінетін де ел назарындағы, көзге түсетін адамдар. Ешкім білмейтін және анық-қанығы беймәлім мәліметтер көп талқыланады. Шындық ащы болады, сондықтан, көпке жақпайды. Тиісінше, шындық талқылауды қажет етпейді. Өйткені, шындық бұл - ШЫНДЫҚ!

Егер сіз бір адам туралы көп әңгімелесеңіз, демек сіз ол адамды ұнатпайсыз немесе керісінше, ол адамды жақсы көресіз. Ол адам туралы ойлар сізге маза бермесе, демек, ол сіздің көңіліңізді бұра алды.

Әдетте, адамдар өзіне ұнаған адамды өздері байқамай, оны жамандап, өз сезіміне қарсылық танытады.


Өсек туралы ұлылардың айтқаны:

* Өсекті ешкім тыңдамаса, ешкім де айтпайды. (Марлен Дитрих. Американдық актриса)

* Біреу сізге өзге адам туралы өсек айтса, ол сізді де өзгелерге өсектейді (Испан мақалы)

* Сізді жек көрген адамның, дұшпаныңыздың бетіңізге айтқан жаман сөздері, сіздің досым деп санайтын адамның сыртыңыздан пышақ ұрғаннан жеңілірек. (Альфред де Мюссе, француз ақыны)

* Интеллигент әйел өсекті қайталамайды, ол өзі ойлап табады. (Янина Илохорская, польша жазушысы)

* Өсектен өсекшілер туралы көп нәрсені білуге болады. (Пешек Кумор, польшалық кинотанушы)


Теріс әсерлері:

* Уақытыңызды текке кетіресіз, көп өсек айту абыройыңызды төмендетіп, «өсекші» атағына қаласыз. Сондықтан, пайдасыз өсек орнына пайдалы істермен шұғылданғаныңыз орынды. Жаңа нәрсе үйреніңіз, кітап оқыңыз.

* Сіз өсектеген адам сіздің өзі жайлы айтқаныңызды біреуден естіп қалса, ол адам күйзеліске түсуі мүмкін. Күйзеліс түрлі аурулардың қозғаушысы. Сондықтан, өзгеге зияныңызды тигізуден абай болыңыз.

* Өсек адамның жұмысына, отбасына да зиянын тигізеді. Кейбіреулер тіпті, ажырасуға дейін жетіп жатады. Біреулердің жұмысындағы беделі мен мансабы жоғалады немесе төмендейді. Ол адамның орнына өзіңізді қойып көріңізші?

* Біреуді аяғынан шалмақ болып, оны күндегенше, өзіңіз сол адамға жетуге, одан асып түсуге ұмтылыңыз. Бұл ол адамға ғана емес, өзіңізге де пайда әкеледі.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


ӘКЕСІЗ өскен балалар НЕНІ аңсайды?


Күйеу неге «сыртқа» көз салады? СЕБЕП пен ШЕШІМ