САҚ БОЛЫҢЫЗ: Кибербуллинг кең етек жайып барады

0
2 701

Гаджетті тартып алу, ғаламторға шектеу қою да түйткілді шешудің дұрыс жолы емес...


САҚ БОЛЫҢЫЗ: Кибербуллинг кең етек жайып барады

Замануи технологиялар өмірімізге көптеген игіліктерімен қоса, келелі мәселелер де ала келді. Солардың бірі – кибербуллинг.

Жалпы, біреуді мазалау, қорлау, қудалауды сипаттайтын «буллинг» мәселесі қоғамда бұрыннан бар. Жаңалықтардан қатарластарынан қысым көрген, сыныптастарының сынына ұшыраған, жолдастарынан жәбір көрген, өз-өзіне қол жұмсамақ болған және жұмсаған оқушылардың жантүршігерлік оқиғаларын жиі еститініміз – осының дәлелі.


Кибербуллинг – буллингтің жаңа түрі, цифрлық технологиялар (ұялы байланыс құралдары, гаджеттер), ғаламтор, әлеуметтік желі, онлайн ойындар, мессенджерлер арқылы жүзеге асады.

Жәбірлеуші телефонмен хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып та адамды қорқыта алады. Оның жүйелі және мақсатты түрде болатыны анық. Қысым көрсетушіні табу оңай емес. Сондықтан кибербуллинг құрбандары қатты үрейге бой алдырып, депрессияға ұшырап, ауыр эмоционалды жарақатқа дейін жетуі мүмкін. Бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алады.


Киберқылмыс түрлері:

  • Дөрекі, анайы, намысқа тиетін сөздері бар хабарлама жіберу, комментарий жазу. Осындай мәтінмен хатты не комментарийді оқитын адамды арандатып, ашуына тиюді, оның да артық сөз айту не жазуын көздейді.
  • Бір адамға бірнеше адамдардан тұратын топтың қарсы шығуы. Қарсылық дөрекі, намысқа тиетін сөздермен, негативті ой-пікірмен білдіріледі.
  • Өзге біреудің желідегі жеке аккаунтын бұзып, құпиясөздерін ауыстырып тастау. Оның орнына кіру, достарына хабарлама жіберу және фото-видео түрінегі матреиалдар жариялау.
  • Біреудің аккаунтына ұқсас аккаунт ашып, ұятты, орынсыз жарияланымдармен, хабарламалар жіберумен абыройына нұқсан келтіру.
  • Қызықтыратын ұсыныс жасау арқылы балалар порнографиясына, жезөкшелікке, есірткі саудасына тарту.
  • Баланың қандай да бір ұятты фото не видеосын пайдаланып, сол арқылы қоқан-лоққы жасау, суицидке баруға итермелеу.


Басты жауапкершілік – ата-анада

Ғаламтордан келетін қауіп-қатермен күресте ата-ананың рөлі өте маңызды. Ата-ана баланы гаджеттермен, ғаламтормен таныстыру кезінде жасауға тиіс алғашқы қадамдарының бірі – интернеттегі қауіп туралы айту. Кибербуллингтің не екенін білсе, бала оны оңай таниды. Балаларға міндетті түрде интернет кеңістігін және ақпараттық технологияларды қалай пайдалану керектігін үйрету қажет. Құпиялылық сақтау, қажет емес ақпараттар мен бейнелерді бұғаттау, өзі туралы жеке мәліметтерді көпшілікке жарияламау, бейтаныс адамдарды қабылдамау және олармен хат алыспау – қауіпсіздік негіздері екенін бала білуге тиіс.

Баламен ашық және жиі сөйлесу, мінезі мен іс-әрекеттерін үнемі бақылауда ұстап, кез-келген өзгерісті саралап отыру арқылы қауіпті белгіні байқай аласыз.


Баланың киберқысым көргенінің белгілері:

  • Түнде дұрыс ұйықтамайды және шошып оянады;
  • Ғаламторды не гаджеттерді қолдануға үрейленеді;
  • Телефонына хабарлама келсе, ашуланады;
  • Сабақ оқуға зауқы болмайды және үй тапсырмасын нашар орындайды;
  • Көңіл-күйі түсіп жүреді;
  • Үнемі уайымдайды және өзіне сенімсіз болады;
  • Ешкіммен әңгімелесуге зауқы соқпайды және оқшау жүреді;
  • Қорқып сөйлейді, тамақ ішуге тәбеті тартпайды;
  • Үйден қашып кетуге тырысады;
  • Суицид жасайтынын айтып қорқытады;
  • Бас ауруы, іштің ауыруы немесе басқа физикалық аурулар.


Егер ұл-қызының қандай да бір күмәнді әрекетін байқаса, қаскөйлердің құрбаны болғанын анықтаса, бірден ұрса жөнелмеу керек. Гаджетті тартып алу, ғаламторға шектеу қою да түйткілді шешудің дұрыс жолы емес. Баланың сенімінен, оның алдындағы абыройынан айырылмау маңызды. Оны жұбатып, жағдайын түсінетінін, бірге күресетінін жеткізу қажет. Барынша қолдау көрсеткені жөн. Кибербуллингке тап болған балаңызға мына әрекеттерді жасауды ұсыныңыз:

  • Әлеуметтік желіде қысым көрсеткен адамның хабарламасына жауап бермеу;
  • Онымен сөйлесуді тоқтатып, бұғаттау;
  • Әлеуметтік желі әкімшісіне өзі туралы жарияланған жазба не суреттерге шағымдану;
  • Күдікті жазбаларды скриншот жасап, ата-ана не ұстаздарға хабар беру.

Педагог, психолог сынды арнаулы сала мамандарынан кеңес алған да артық болмайды.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Ғалымдар: әйелдің көз жасы ер-азаматтың денсаулығына кері әсер етеді