Сөйлейтін ойыншықтар баланың дамуын тежейді

0
1 781

Кейбір ойыншықтар баланың дұрыс дамуына кері әсер етеді.


Сөйлейтін ойыншықтар баланың дамуын тежейді

Ойыншықтар – балалық шақтың ерекше бір бөлігі. Олар баланың жүйкесінің қалыптасуына көмектеседі, тәрбиелейді, үйретеді. Алайда ойыншықтардың бәрі бірдей пайдалы емес.


Дамытушы

Мұндай ойыншықтар бала тұлғасының ерте бастан қалыптасуына көмектеспейді, керісінше кедергі келтіруі мүмкін. Дамытуға арналған ойыншықтарға қарағанда баланың өзінің бірнәрсені ойлап тапқаны, өзі ізденіп білгені, құрағаны ой-өрісін жақсы дамытады. Ал кәдімгі қарапайым ойыншықтар (машина, қуыршақ) ақыл-ойға жақсы жаттығу бола алады.


Ұл мен қызға арналған ойыншықтар

Зерттеушілер ойыншықтарды екі санатқа бөлді: ұлдарға арналған – қару, солдаттар және қыздарға арналған – әшекейлері бар, үлкендерге ұқсайтын сәнді қуыршақтар. Олар мұндай ойыншықтар баланың дамуына аса бір әсер ете қоймайтынын зерттеген. Оған қарағанда шығармашылыққа, іс-қимылға, танымдық әрекеттерге басымдық берген дұрыс дейді. Үй жинау, өз киімдерін реттеу, ас дайындағанда көмекші ретінде алып жүру істері баланың ой-өрісін жақсы дамытады.


Сөйлейтін ойыншықтар

Сөйлейтін ойыншықтар баланың сөйлеу қабілетін арттырмайды, керісінше осы дағдыны меңгеруге кедергі келтіреді. Балаға сөйлеуді үйрену үшін адам қажет. Зерттеушілер баланың үлкендердің түсіндіргенін сезіне алатынын, ал ойыншықтардағы жазылған сөздер дәл солай әсер етпейтінін дәлелдеген.

Ғалымдарбір жасар балаға сөйлемейтін жұмсақ ойыншық беріп бақылаған. Бала сол ойыншықпен көп уақытын өткізіп, соған сойлеп, оны тамақтандырып, орап, жуындырып, анасынан көрген барша іс-әрекетті қайталаған. Ал екінші балаға сөйлейтін ойыншық берген. Ол алдымен ойыншықтың сөйлегеніне қарап, үнемі соны қосып қойып жүрген. Ал біршама уақыттан кейін жалығып тастай салған.


Ойыншықтардың көп болуы

Баланың ойыншығы көп болған сайын оның ойы тез бөлініп кетеді. Мамандар балалардың ойынына зерттеу жасап көрген. Балалардың біріне 4 ойыншық берсе, біріне 10 шақты ойыншық берген. Ойыншығы аз балалар көп алған балаларға қарағанда қолдарындағы затқа көбірек көңіл бөліп қараған. Түрлі ойындар ойлап тауып ойнаған.

Тәжірибе авторлары балаға бар ойыншықты бірден бермеу керек деген тұжырым жасаған. Ойыншықтарды шетінен аз-аздан беріп отыру баланың шығармашылыққа жақын болуына көмектеседі және көңіл бөлуін жақсартады.


Моторлы ойыншықтар

Моторлы велосипед, машина баланың орнына бар жұмысты жасайды. Бала тек рөлді ұстап отырғаны болмаса, басқышты айналдырмайды, денесі мүлде қимылдамайды десек болады. Бұл теңгерімді бұзуы мүмкін.

Теңгерімнің бұзылуы эмоционалды мәселеге себеп және мазасыздық, жаман әдет пайда болады. Мұндай ойыншыққа қарағанда әткеншек, самокат теуіп, доп ойнағаны жөн.


Балаларға арналған планшет

Ғалымдар қазіргі ұрпақтың қолмен ұстау қарымы жоғарға буынға қарағанда әлсіз екенін дәлелдеген. Қазіргі балаларда ұсақ моторика дұрыс дамымаған. Олар қарындаш ұстап саусақпен жұмыс жасаудың орнына көбіне телефон, планшет шұқылайды.

Қолмен жазып, сурет салу эмоцияны басқаруды күшейтеді, оқу, жазуды жақсартады.


Қашықтан басқарылатын ойыншықтар

Бір ғана батырманың көмегімен ойыншық машинаны немесе тікұшақты ұшыру, баланың қимылын азайтады. Баланың қимылы азайған сайын оның ойлау, сөйлеу қабілеті төмендейді, ұсақ моторикасы дамымайды.


Ходунок

Мұндай заттар қауіпті және қозғалыстың дамуын тежейді. Еден үстінде еңбектеп, тұруға ұмтылып, заттарды жағалай жүру арқылы бала өзі әрекет жасайды, шынығады, өзіне қызықты нәрсені ұстап, сезініп көреді. Ходунок негізінен баланың кезең-кезеңмен өтетін маңызды дағдысын жаңылыстырады. Бала алдымен отырып, кейін еңбектеп немесе сырғып өз денесін сезінуі керек.


Интерактивті ойыншықтар

Батырмасы, түрлі шамдары бар ойыншықтар баланың дамуына кедергі келтіреді. Егер бала әрлі-берлі қимылдап жатқан ойыншыққа қарап отырса, ол оның тек қызығушылығын тудырады, дамуына ешқандай әсер етпейді.


Жасанды түс пен қалыптағы ойыншықтар

Бала өскен сайын айналасын танып білуге ұмтылады. Ал қазіргі қалыпқа сай келмейтін ойыншықтар баланың танымын өзгертеді. Айналасын енді танып жатқан баланың ойы дұрыс қалыптасу үшін қазіргі қолы бар жүрек, көзі бар машина, шар түріндегі аңдар, тағы да басқа осы секілді ойыншықтар бермеген дұрыс.

Негізі баланың ой-өрісі жақсы, дұрыс дамуы үшін қимыл қозғалысты қажет ететін, шынайылыққа жақын жан-жануарлар, кәдімгі машина, қуыршақ секілді қарапайым ойыншықтар беру қажет.


Дайындаған: Э. Базарбаева,

ERNUR.KZ.