СЫН айтып, МІН тергендерге қалай ЖАУАП БЕРУ керек?

0
2 536

Мұндай сынаудан кейін дұрыс шешім шығарып, оң нәтиже көрсету сізді өсіреді.


СЫН айтып, МІН тергендерге қалай ЖАУАП БЕРУ керек?

Мінсіз адам жоқ. Тіпті, біреу үшін артықшылық болып саналатын нәрселер енді біреу үшін кемшілік болып көрінеді. Сондықтан өмірінде ешкімнен сын естімейтіндер жоқ шығар бұл жалғанда.


Сын-мін есту, әрине, жағымсыз. Содан да болар, біреулер өзінің дұрыстығын дәлелдегісі келіп, аузы көпіріп айтысады, әлсіздеулері орынсыз сын болса да, «сынып» қалады, біреулер «өзіңді түзеп ал, менде шаруаң болмасын» деп қарсы шабуылға шығады. Алайда, айтқысы келген адам айтады, ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсыз. Сіздің қолыңыздан келетіні – негізсіз сын мен орынды сынды ажырата білу. Сәйкесінше, орынсыз сынды қабылдамау, орынды айтылған кеңес-ескертпелерді дұрыс қабылдай алуға өзіңізді үйрету. Және сынаушылар мен мінеушілерге дұрыс жауап қайтару. Тым қиын боп көрініп кетті ме? Асылында қиын ештеңесі жоқ.


Ең алдымен, қандай сын болса да, айтылған сөздерді мұқият тыңдаңыз. Содан соң астарына үңіліңіз, айтушы адамның сізді сынаудағы мақсаты немесе себебі не? Екі түрлі жауаптың біріне кезігесіз.

  • Реніш, қызғаныш, жеккөру сынды жағымсыз эмоциялар әсерінен жаныңызға тигізе, батыра айтқысы келеді, төмен тартып, деңгейіңізді, дәрежеңізді түсіргісі келеді. Бұл топ көбіне сынның орынды-орынсыздығына қарамайды, айтуға сылтау тапса болғаны. Оларға назар аударып, өздері сияқты жауап қайтарып, дау-жанжал, ұрыс-керіске жол берсеңіз, шынымен де төмен деңгейге түсесіз. Тіпті, арандатушылыққа ұшырап, «батпаққа» батуыңыз әбден мүмкін.
  • Шын мәнінде сізге жақсы болсын деген ниетпен, ар-намысыңызға тимей айтылатын, соңғы шешімді өзіңізге қалдыратын орынды ескертпелер. Бұл көбіне сізге жаны ашитын адамның әрекеті.


«Сырт көз – сыншы», бірақ үнемі әділ емес

Бірінші топтағы адамдардың сынына мән бермеген жөн. Өзгелер бақылап, бағалап, талқылап жатса, демек ел назарына ілігетіндей іс жасап жатырсыз деген сөз. Мұндайда «Ит үреді, керуен көшеді» деген халық нақылын іштей қайталауға дағдыланыңыз. Бұл өзіңізді сабырлы ұстауға, орынсыз сын сөздерді жүрекке жақын қабылдамауға көмектеседі. Бір жағынан, өзіңіздің шынында да мінсіз жан емес екеніңізді есте ұстаңыз, мүмкін, ол кісі айтып тұрған нәрсе расында бойыңызда бар шығар. Немесе, қандай да бір қасиетіңіз не ісіңіз біреулер үшін бұрыс боп саналатын болар, сол жайлы да ойлап қойыңыз. Егер ешкімге және өзіңізге зияны тимейтін болса, бұл мінді түзету не түзетпеуді өзіңіз шешесіз. Сын айтушыға осының бәрін жай сөзбен түсіндіріп көріңіз. Бір рет айтумен шектеліңіз, ары қарай түсіну-түсінбеу ол кісінің өз еркі. Егер уәжі таусылмай жатса, диалогты жалғастырмаңыз, өзімен-өзі дауласа берсін. Ал сіз өзіңіздің дұрыстығыңызды сөзбен емес, іспен, нәтижемен дәлелдеңіз.


Жанашырлықпен айтса, «жат сөзі» демеңіз

Егер шын жанашырлықпен айтылған орынды сын екенін аңғарсаңыз, міндетті түрде уақыт бөліп, ой тезінен өткізуіңіз керек. Маңыздысы, ол сынды кімнің айтқаны емес, қалай және не айтқаны. Сізбен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, өміріңізде көрмеген жат адам да жақсы ниетпен айтқан бір ауыз сөзімен бір қадамды болсын оңынан басуыңызға, өзгеруіңізге ықпалын тигізуі әбден мүмкін. Сондай-ақ, бір мазмұндағы сынды бірнеше адам айтар болса (бір-біріне қатысы, байланысы жоқ), ойланып көргеніңіз жөн. Мұндай сындардан кейін дұрыс шешім шығарып, оң нәтиже көрсету сізді өсіреді.


Жақындар жанға жара салса...

Өкінішке орай, орынсыз сынды кейде ет жақындарымыздан да естіп жатамыз. Әйел күйеуінен, ерлер жұбайынан, ұл-қыз ата-анадан, бауырлар бір-бірінен дегендей... Әрқашан да қолдау білдіру, мотивация беру, қателессе жай сөзбен жөн сілтеу, құласа қол ұшын созу үнемі есте бола бермейді. Қиын сәттер мен реніш орын алған кездерде ауызға абай болмаса, бірінші кезекте орынсыз сынап-мінеулер, кемсітулер орын алады. Мұндайда ең абзалы – сөздерін жүрекке қабылдамау, жақыныңыздың жанына бататындай жауап та қайтармау. Жай ғана өз дұрыс деп тапқан жолыңызбен жүріп, ісіңізді жалғай беріңіз. Осы арқылы өзіңіздің де, жақыныңыздың да жүйкесін, көңілін, сыйластықты сақтап қаласыз.

Кімнен қандай сын естісеңіз де, ең басты нәрсені біліңіз, сынды тек естисіз, ары қарай нені қалай жасау керегін өзіңіз шешесіз.

Аударған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Ұлыңыздың ҚУЫРШАҚпен ойнағанына ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫЗ?