Тұрмысқа шыққан соң ӘЙЕЛДІ қандай жағдайлар ӨЗГЕРТЕДІ?

0
5 245

Отбасындағы кейбір жағдайлар «тәтті қызды» жаман әйелге айналдырып жібере алады.


Тұрмысқа шыққан соң ӘЙЕЛДІ қандай жағдайлар ӨЗГЕРТЕДІ?

Бала кезден тұрмысқа шығу, отбасылы болу - өмірдің негізі дегенді естіп, миымызға тоқып өсеміз. Мектеп бітіріп, жоғарғы білім алып немесе жұмыс істей бастаған соң тұрмысқа шығып кетуге тырысамыз. Қанша жерден қызықты, табысты жұмысы, жағдайы, өз ортасы болса да тұрмысқа шықпай жүріп қалған қыздарға аяушылықпен қарай бастаймыз.

Тұрмысқа шыққан соң өзімізді бақытты, табысты болып, өміріміз кереметтей өзгеретіндей көреміз. Әрине, тағдырыңды өзге жанмен қосқан соң өмір өзгереді. Бақытты, кереметтей отбасы болу үшін жолдасыңмен арадағы сүйіспеншілік, махаббат, сыйластық екі жақтан бірдей болу керек. Алайда, отбасылық өмір әрқашан қуаныш пен бақыт әкеле бермейді. "Отау құрғанға дейін жақсы еді, өзгеріп кетті, мінезіміз жараспады" деп ажырасып жататындар көбейген.

Оған әсер ететін көптеген себептер бар.


Үй шаруасының көбеюі

Тұрмысқа шыққан қыздың үй шаруасындағы жұмысы көбейіп, міндеті арта түседі. Көбірек ас дайындап, көпшіліктің киімін жуып, үтіктеп, қоқыс шығаруға, тағы да басқа көптеген шаруалар істеуіне тура келеді. Ер-азаматтардың басым көпшілігі үй шаруасында әйелге көмектесуді жөн санамайды. Сондықтан үй шаруасындағы бар міндет жас келіннің мойнына артылады. Келін болған соң шаршадым, ертеңге қалсын деп кез-келген уақытта жатып демала да алмайды және өзіне қарауға, күйеуіне көңіл бөлуге уақытын жеткізе алмайды.


Өзін төмен бағалау

Кез-келген қыз баласы тұрмысқа шыққан соң жақсы, пысық әйел болуға тырысады. Жолдасы мен оның отбасына ұнау үшін тәтті тағамдар пісіріп, көптеген шаруаны өзі тындырып тастауға тырысады. Үй шаруасымен жүріп өзін дамытуға, өзіне күтім жасауға уақыты азаяды, сыртқы ортадан алшақтайды. Бірте-бірте өзін бағалауды жоғалтады, тек жолдасының көзқарасы мен пікірінің аясында ғана жүретін болады. Үнемі соның келісімін күтеді.


Әдеттер

Негізі отау құратын жандар бір-бірінен ортақ бір нәрсе табады. Алайда олардың өмірге деген көзқарасы, ұстанымы қанша жерден бір-біріне сай үйлесіп тұрса да тәрбие, әдет жағынан өзгешеліктер болады. Отау құрған соң бұл айырмашылықтар кейде қатты білініп қалады. Әсіресе екі түрлі тәртіпке үйренген жандарға бұл аса қиын соғады. Мәселен тұрмысқа шыққанға дейін қыз баласы кеш тұруға дағдыланған болса, отбасы болған соң ерте тұруға тура келеді. Күн тәртібі әртүрлі жандарға мұндай кезде келісімге келу қиындық тудырады. Осыдан ұсақ-түйек реніш туып, ол уақыт өте үлкен мәселеге айналуы мүмкін.


Тәуелділік

Қазір ер-азаматтардың кейбірі арақ пен құмар ойындарға тәуелді. Мұндай тәуелділік тек қана әйелге ғана емес, балаларға да қатты әсер етеді. Ерінің жаман әдеттерге тәуелділігі әйелдің бар энергиясын алып қояды. Көптеген әйелдер жолдасын осындай әдеттен арылтуға тырысып жатады. Бұл әйелдің өзіне қарауға, дамуға, балаларға тәрбие беруге деген уақытын ұрлайды. Яғни оның уақыты босқа өтіп жатыр.

Бұл жағдай бірнеше жылдарға созылуы мүмкін. Ер азаматының тәуелділігі әйелге қанша зиянын тигізгенімен, уақыт өте еті үйреніп кетеді. Әйел өзінің соншама еңбегі үшін жолдасынан ризашылық күтеді. Мұндай неке әйелді тоздырып жібереді. Егер ер азамат өзінің тәуелділігінен арылып немесе өзгеруге, емделуге бел бумаса, онда әйел өмір бойы оның құтқарушысы, жаман әдеттің құрбаны болып қала береді.


Тосынсыйдың болмауы

Қыз бен жігіт болып араласып жүрген кездегі тосынсыйлар, сыйлықтар, отбасылы болған соң біртіндеп саябырси бастайды. Бірқалыпты отбасылық өмір басталып кетеді. Романтикалық қарым-қатынасты сақтап қалғысы келген әйелдер әйелдік қулыққа салып, назданады, қызғандырады, әйтеуір амалын табады. Бірақ көпшілік әйелдер романтиканың болмауына мойынсұнады.


Туыстар

Тұрмысқа шыққан қыз өзіне күйеу ғана емес, түрлі жаңа туыс та табады және олармен әрдайым қарым-қатынасы жақсы бола бермейді. Әсіресе енемен тіл табысу қиын. Егер ене келінді шын ықыласымен жақсы көріп кете алмаса, онда оның өмірі тек күресумен өтеді. Кейбір аналар баласына деген қызғанышынан келіннің болмашы ісіне, ұсақ-түйекке тиісіп кетеді. Егер жас отбасы ата-анадан бөлек тұрса, мұндай мәселе шамалы болса да жеңіл болады.


Жеке қалуға мүмкіндік болмау

Кейбір отбасында үйдің кішкентай болуы немесе отбасындағы жандардың көп болуы тағы да басқа түрлі жағдайларға байланысты екі жас оңаша жеке қала алмайды. Олар тек жатын бөлмелерінде екеуі ғана болады. Алайда жас отбасы кей кезде жеке қалып кино көріп немесе жай ғана тыныштықта демалғандары жөн. Болмаса екеуін қыдырып келуге жіберу керек. Бұл махаббатты еселей түседі.


Бірсыдырғы өмір

Отбасы болу жас жандардың қалыпты өмірін өзгертеді. Жаңа таныстық, кездесу, қыдыру бәрі-бәрі тыйылады. Отбасылы жандарда демалыс, мереке күндердің барлығы арнайы бекітіліп қояды. Мерекелік дастарханның көпшілігі сол күнделікті көріп жүрген туыс жандардың жанында өткізеді. Әрине бұл жаман емес, дегенмен бірсыдырғы сценарий де әйелді жалықтырып жібереді.


Жоғарыда айтылған жағдайлардың барлығы біздің күнделікті бетпе-бет кездесіп жүрген мәселелеріміз. Бұның бәрі «кешегі тәтті қызды» жаман әйелге айналдырып жіберуі әбден мүмкін.

Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ