Өкінішке орай, қазір жастардың арасында ажырасу көп. Кейбірінің айрылысу себебі айтуға тұрмайтын нәрсе. Бәрі де «бергі жағада» тұрғанда кей нәрселердің басын ашып келісіп алмағанның кесірі.
Өкінішке орай, қазір жастардың арасында ажырасу көп. Кейбірінің айрылысу себебі айтуға тұрмайтын нәрсе. Бәрі де «бергі жағада» тұрғанда кей нәрселердің басын ашып келісіп алмағанның кесірі.
Ұлыңыз «үйленем», қызыңыз «кетем» десе, болашақ келін не күйеубаламен алдын ала таныстыруын өтінген артық болмайды. ХХІ ғасыр жастары оны жатсынбайды. Болашақ жарының ата-анасымен тосырқамай таныса кетеді. Сол сәтте үлкендер де қысылмай бірқатар сұрақтарды қойып қалса, жастарға ой салып, отбасын құрар сәтте біраз нәрсеге дайын болуына көмектесер еді. Ол қандай сұрақтар дейсіз ғой?
1.«Өмір салттарың сәйкес келе ме?»
Махаббат махаббатымен, алайда, күнделікті тұрмыс-салтта ерлі-зайыптылардың өмір салты, көзқарасы сәйкес келмесе, бұл бірқатар қиындықтар туғызады. Мәселен, бойжеткен шулы да көңілді отырыстарға, ойын-сауық орталықтарына барғанды жақсы көреді, жігіт керісінше. Немесе жігіт спортпен шұғылдануға көп уақыт бөледі, бұл жарына ұнамайды. Қыз үнемі қиял үстінде үретін шығармашылық адамы, жігіт оны жөнге салып, қай істе де пайдалылық пен тиімділікті бірінші орынға қоюды үйреткісі келетін практик. Міне, бір қарағанда болмашы нәрсе көрінетін осындай ұсақ-түйектер алғашқы отбасылық жылдарда үлкен мәселеге айналады. Бұл жағдайда ерлі-зайыптылардың бірі отбасы үшін басын иіп, өзінің болмысын өзгертуге дайын ба?
2.«Бір-біріңнің қызығушылықтарыңды білесіңдер ме?»
Бұл да алдыңғы мәселеге ұқсас. Сүйген адамының сүйікті ісін, хоббиін қабылдап, қызығушылығын бөлісіп, оған қолдау білдіру екеу үшін де маңызды. Сіздің алдыңызда отырған жастар оған дайын ба? Бұған дейін бір-бірінің хоббиіне қызығушылық танытты ма екен? Тән жақындығы, махаббат пен тұрмыс-тіршіліктен басқа оларды тағы не байланыстырады? Осы сұрақтарға өз іштерінен жауапты алдын-ала тапса, отбасы одағын шайқалтпай ұстау оңайға түседі.
3.«Дәл қазір күнкөріс (оқу, т.с.с.) үшін шығыныңды кім төлеп жүр? Қаражатты қалай жұмсағанды дұрыс санайсың?»
«Жас отбасылардың көпшілігі ақша жетіспеушілігінен ажырасуда» деген тұжырымның дұрыстығына ешкім күмән келтіре алмас. Сондықтан, бұл сұрақ та ойластырылуға тиіс. Олар қайсысын дұрыс көреді: үнемшілдік әлде жомарттық; ертеңгі күнге деп ақша жинау әлде бүгінгі күнмен өмір сүру; табыс көп тапқан адам бай бола ма, шығыны аз адам бай бола ма? Өмір сүру үшін ақша табасың ба әлде ақша табу үшін өмір сүресің бе? Осы секілді сұрақтарды қою арқылы оларға бір-бірінің қаржылық сауаттылығын және көзқарастарын білуге көмектесесіз.
4.«Бұрын отбасылы болмағансың ба?»
Біреудің өткенін қазбалап, өкініштерін есіне салып, жарасын тырнап, жүрегін ауырту ыңғайсыз, әрине. Бірақ, сіздің негізгі мақсатыңыз ол емес қой. Бетіне шіркеу қылу не кемсітуді де көздемейсіз. Бұл қадамға апарып отырған – келешектің қамы. Бір кілтипаны барын кеш біліп, сан соғып қалғаннан, отбасын құрып алып, артынан екіге айрылғаннан осы жақсы. Күн сайын неше түрлі сұмдықтар шығып жатқан қазіргі уақытта заман соны талап етеді. Осының бәрін түсіндіре отырып, сауалдарыңызды ашық қоя беріңіз.
5.«Достық пен отбасының қайсысын жоғары қоясың?»
Отбасын құрғаннан кейін әйелге де, күйеуіне де отбасы мен достықтың арасында екіге айрылуға тура келетін сәттер болып тұрады. Егер олардың біреуіне екіншісінің дос-жарандары ұнамаса, мәселе тіптен қиын. Онда «не отбасы, не достық» деп таңдау қоюы да әбден мүмкін. Негізінде, бұл екеуі де кім үшін болсын маңызды. Әрқайсысының өмірде алар өз орны бар. Ер азамат дос-жаранымен іргелі, абыройлы. Қыз балаға да сырласатын, бірге күліп-ойнап көңіл сергітетін құрбы керек. Олардың ара жігін ажырата алмау, әрқайсынының орнын білмеуден келіп айрылысуға апаратын жанжалдар туындап жатады. Сіздің алдыңыздағы болашақ ерлі-зайыптылардың бұл жағынан жағдайы мен жоспары қандай екен? Бір-бірінің достарымен танысып, тіл табысып үлгеріп пе?
6.«Өміріңде қиын кезең, келелі мәселе болды ма?»
Бұл оның жеке басына қатысты болуы міндетті емес. Осыған дейінгі көрген-білгендерін есіне түсіре отырып, өзі «қиындық», «мәселе» деп атай алатын қандай жағдайлардың куәсі болғанын сұраңыз. Сол кездегі әрекеті қандай болды? Ол қиындықты қалай шешті немесе шешкен болар еді? Осы сауалдарға жауап сұрау арқылы оның өмірдің қара жолақтарына қаншалықты төзімді екенін аңғаруға болады. Құрбандық, бейтарап немесе күрескер – қай позицияны ұстанатынын да жауаптарынан байқау қиын емес. Қиындық туса, қасқайып қарсы тұра алатынын, мәселе болса, көмектесетін адам емес, шешімін іздейтінін байқасаңыз, оны қалыптасқан мықты тұлға деп біліңіз. Ондай адамға болашақ отбасының тұтқасын сеніп тапсыруға болады.
7.«Үй тұрмыс-тіршілігіне икемің қандай?»
Отбасы болғаннан кейін, үй шаруашылығына ептілік ерлі-зайыптылардың екеуіне де ең керек қасиеттердің бірі. Ал, үй шаруашылығына аса епсіз болса, бұл отбасын құрулан бас тартуға тұрарлық үлкен кемшілік емес. Әйткенмен, алдын ала білген артық болмайды. Келін келгеннен үй шаруашылығын өз қолына алып ұршықша иіріп кетсе, сондай-ақ, қызыңыз «Күйеу балаларыңыз шаруа жайына ұқыпты, қолынан келмейтін ісі жоқ, өнерлі» деп мақтаса, жақсы. Олай болмаған жағдайда жас отаудың егесін де, шегесін де шаруаға қырсыздығы үшін кінәламай, жақсылап тәрбиелеу ата мен енеге байланысты.
Қазір «Балалар өздері танысты, өздері табысты. Ендігісін де өздері біледі ғой» деп жылы жауып қоя салатын кез емес. Ата-аналардан қырағылық, алдын алуды талап етеді.
Екі жанның жүрегін бір сезіммен байланыстыру – Алланың ісі. Отау құруға қабылданған шешім – жастардыкі. Жоғарыдағы сұрақтардың жауабы да солар үшін маңызды. Олардың арасында бұл сұрақтардың кейбірі білместік, тәжірибесіздік салдарынан талқыланбаған болуы мүмкін. Өмірдің ащы-тұщысын әлі сезіне қоймаған, махаббаттың буына мас болып, ертеңін тек түрлі-түсте көретін олар дәл сол сәтте көп нәрсені ескере бермейді. Сондықтан, ата-ана көмектесуге тиіс. Сонда жастар отбасылық өмірдің өз қиялындағы керемет бейнесін ғана емес, болуы мүмкін шынайы бейнесін де көреді. Көп нәрсеге өзін алдын ала дайындайды. Сонда мәселе де, келіспеушілік те біршама азаяр еді. Сіз қалай ойлайсыз? Осы сұрақтарды үйленем деген ұлға, кетем деген қызға, болашақ келін-күйеу балаға қоя аласыз ба?
Дайындаған: А.Мейірхан,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
ҚЫТАЙдан келетін киімнен ВИРУС жұғу қаупі бар ма?
Шашты тықырлап алудың қандай ЗИЯНЫ бар?