​Ұлыңыздың кейбір құпияларын күйеуіңізге айтпаңыз

0
5 889

Әрбір адамның, тіпті кішкентайлардың да өз құпиясы болады және оны кімге сеніп айту керектігін де әркім өзі біледі.


​Ұлыңыздың кейбір құпияларын күйеуіңізге айтпаңыз

Ана – баланың бүкіл әлемдегі ең бір кіршіксіз, риясыз сенім артатын адамы. Сондықтан егер ұлыңыз сізге сырын айтса, онда оны құпия сақтағаныңыз жөн. Кейде тіпті екеуіңізге де жақын жан - күйеуіңізге де айтуға болмайтын құпиялар болады. Себебі қанша жақсы көріп, махабатын сыйлағанмен, әкенің ұл балаға деген тәрбиесі анасына қарағанда өзгеше болатыны анық, тіпті кейбір жайттарда түсінбеуі де мүмкін.

Әрине ұл баланың әкеге қарап өскені жөн. Бірақ кішкентай ғана ұлыңыздың төмендегі секілді кейбір құпиясын жолдасыңызға ашып қойып жүрмеңіз.


Бір нәрседен қорыққаны немесе жылағаны жайлы

Көптеген ер азаматтар «еркекке жылауға болмайды», «еркек әлсіз болмау керек» деген секілді қағидаға қатып қалған. Сондықтан болар оларды ер баланың қорқып қалуы, ренжіп, жылап қалуы секілді жайттар қатты қапаландырады. Тіпті ұлы әлі мектеп табалдырығын аттамаған, оң-солын ажырата білмейтін жаста болса да. Алайда, баланың бала болған соң жылап, уайымдап, болмашыдан қорқып қалуы қалыпты жағдай. Ересектер үшін түкке тұрғысыз жайт бала үшін үлкен мәселе болуы мүмкін. Сондықтан ұлыңыз көршінің өзі қатары қызынан, аулада жүрген иттен тағы басқа осы секілді жайттардан қорқып, жылап қалса, анасы болып бірінші көмек көрсетіңіз, жұбатыңыз. Ал жолдасыңыздың жүйкесі артық жұқармас үшін, әке мен бала арасында салқындық болмас үшін мұндай жағдайды құпия сақтап, айтпай-ақ қойғаныңыз дұрыс.




Мектепте немесе балалабақшадағы қыздың ұнайтыны жайында

Кішкентай баланың тілін қызық көріп «балабақшада немесе мектепте ұнататын қызың бар ма?» деп сұрақ қоятындар көп. Бірақ бұл баланы өте ыңғайсыз жағдайға қалдыратынын ескеру керек. Яғни баланың ойында қызбен дос болмау керек деген ой қалыптасуы мүмкін. Ал бұл туралы әкесі сұраса, ол тіптен тұйықталып ойын ашып айта алмай қалады. Сондықтан егер баланың өзі әкесінің бұл туралы білгенін қаласа, онда өзінің айтқаны дұрыс. Ал айтқысы келмесе анасымен арадағы құпия болып қала берсін.


Өз қиялынан туындаған досы бар екенін...

Балалардың барлығы кішкентайында арманшыл, қиялшыл келеді. Ал көпшілік әкелерге әсіресе ер баланың қиял жетегінде жүргені ұнамайды. Ер жігіт болған соң қиялға емес, қазіргі бар нақты нәрсеге қарағаны дұрыс деп есептейді екен. Алайда баланың ойына, қиялына еркіндік берген дұрыс дейді мамандар. Мұндай балалар келешекте алғыр ойлы, кез-келген мәселеде ойға мүлде келмейтін шешім тауып кете алады екен. Сондықтан ұлыңыз қиялында өзіне бір дос тауып немесе бір жануарды ойлап тапса, онда оның осы туралы әңгімелерін тыңдауға тырысыңыз. Арасында түрлі сұрақтар қойып көріңіз, ол өте қызықты жауаптар айтуы мүмкін. Баланы бұлай анасы ғана тыңдай алады. Ал әкеге мұны айтып, талқылаудың қажеті жоқ.


Баланың нашар баға алғанын әкесі білмей-ақ қойғаны дұрыс

Ер азаматтардың көпшілігі, бала кезінде өзі дұрыс оқымаған болса да, баласының нашар баға алуына қатаң көзбен қарайды екен.Бұл баланың келешегіне әсер етеді деген ойдан туындайтын болса керек. Алайда баланың нашар баға алып қалуы, оның сабақты дұрыс түсінбей қалуының белгісі. Әрине кейде сабақ оқығысы келмейтін де балалар болады, бірақ олардың өзгеше нәрсеге қызығуы болуы мүмкін, оны аңғаруға тырысу керек. Сондықтан әрбір ана жолдасына айтпай-ақ баласының нашар баға алуының себебін өзі анықтап, баламен бірге шешімін тапқаны дұрыс. Ал әкесі мұндай мәселеде шамалы артық кетіп қалуы, яғни балаға ұрсып, ұрып жіберуі де ғажап емес.


Баланың байқамай бүлдірген істері туралы

Әрине баланың бүлдірген ісі жайлы әкесібілген дұрыс. Себебі әке тәрбиесінің, тәртіпке салуының орны бөлек, әсіресе ер бала әкесінен аяқ тартқаны жөн. Бірақ ұсақ-түйек, оның үстіне байқамай жасап бүодіріп алғаны үшін әкесіне айтып, мәселе туындатпаған абзал. Әкеге қарағанда аналардың балаға түсіндіріп айту қабілеті жоғары. Сондықтан кейбір нәрселер ана мен бала арасында кішігірім құпия болып қала бергені дұрыс және бұл баланың сенімін арттырып, келешекте де өз мәселелерімен бөлісіп, ақыл сұрап отыруға жол ашады.

Әрбір адамның, тіпті кішкентайлардың да өз құпиясы болады және оны кімге сеніп айту керектігін де әркім өзі біледі. Кейін уақыт өте келе ұл бала мен әкесі арасында анасына айтпайтын құпиялар пайда болуы мүмкін. Себебі ер азаматтар әлемінде әйелдер түсінбейтін де дүниелер болады.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ЭГОИСТ аналардың балалары БАҚЫТТЫ болады. НЕГЕ?