Ұлыңыздың ҚУЫРШАҚпен ойнағанына ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫЗ?

0
9 543

Сіз де қуыршақпен қыздар ғана ойнайды, ұлдар машинамен ойнасын деген түсініктесіз бе?


Ұлыңыздың ҚУЫРШАҚпен ойнағанына ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫЗ?

Қоғамда қатып қалған бір түсінік бар – ұл балалар автокөлік, тапанша, садақ, қылыш сынды ойыншықтармен ойнауы керек, қыз бала тек қуыршақты, ыдыс-аяқ, айна-тарақты ермек етуі керек. Баланың таңдауы, қалауы керісінше болса, бұл ата-ананы басқаша ойға, сарыуайымға салады. Расында солай ма? Мұндай қағида қайдан қалыптасқан?


Көріп жүргеніміздей, көп жағдайда ұлдар «ұлдардың» ойыншығын, қыз балалар «қыздардың ойыншығын» таңдайды. Бірақ бұл олардың жүрек қалауы болмауы әбден мүмкін. Көбіне осындай таңдауды ата-аналар мен басқа да үлкендер кішкентайынан миына құйып, бойына сіңіреді. Ата-аналар ұл-қызының бойына осындай жынысқа бөлінушілікті құрсақтағы кезінен бастап-ақ қалыптастырғысы келеді. Ұл балаға тек көк түсті, қыз балаға қызғылт түсті киім-бұйымдар дайындауы – осының дәлелі. Өсе келе ұлға ұлдың, қызға қыздың ойыншығын, іс-әрекетін, айналысатын ісін, қосымша сабақ, спорт секцияларын, тіпті, мінез-құлқы қандай болуы керегін өздері белгілеп бергісі келеді.

Себебі ұлдар қыздың ойыншығымен ойнаса, қыз балаға сай мінез танытса, қызға ұқсап кетеді, қыздар ұлдың ойыншығымен ойнаса, өзін емін-еркін ұстаса, еркекшора болады деген қорқыныш бар. Бір сөзбен айтқанда, гендерлік стереотип. Дәп ұлды емін-еркін өсіру керек, айғайлап сөйлеп, өзін дөрекі ұстауына болады, қыздар даусын қатты шығармай, қатты күлмей, қысыммен, тыйыммен өскені жөн дейтін жағдаймен парапар.


Алаңдарлық жағдай ма?

«Шын мәнісінде, бала дүниеге келгенде онда «ұлдар былай жүруі керек, былай сөйлеуі керек, ананы қолдануға тиіс, мынамен ойнайды, қыздарда керісінше» дегендей түсінік болмайды. Әсіресе, 3-5 жас аралығында. Егер үлкендердің жоғарыда айтылған стереотипінің әсеріне ұшырамаса, одан үлкен болғанда да өз таңдауын еш қысылмастан жасайтын болады. Сондықтан, қандай ойыншықпен ойнағысы келсе де, рұқсат беру керек. Мұның қызтекелік пен еркекшоралыққа ешқандай қатысы жоқ» дейді мамандар.


Ұл бала неге қуыршаққа құмар болады?

Балалар өзінің денесін, жалпы, адам тәнін тани бастайтын жасқа келгенде қуыршақпен ойнауға ықыласы ауады екен. Түрлі эмоциялармен алғашқы таныстық, жаңаша эмоцияларды бастан өткеру кезінде де солай. Өйткені, өзіне (адамға) ұқсайтын ойыншық дәл осы кезеңдерді оңай өткеруіне, түсінуге, зерделей алуына көмектеседі. Қуыршаққа қыз бала немесе ана ретінде қарап, өзінің ер-азамат екенін сезініп, оған қамқорлық көрсетсе, шашын тараса, бұл оның болашақта жақсы күйеу, қамқор әке болуына үлесін міндетті түрде қосады. Қуыршақтың киімін шешіп, қайта киіндіріп ойнаса, өз киімін киіп-шешуді үйрету оңайға түседі. Сондықтан, қуыршақты ермек еткісі келсе, тыйым салмау қажет. Тек «сөйлемейтін», қауіпсіз материалдан жасалған, шашы шынайы шашқа ұқсамайтын, бет-әлпетінде бейтарап эмоция бейнеленген, ағаштан жасалған не матадан тігілген ең қарапайым түрлерін таңдаса болғаны.


Қыз бала автомат сұраса, қайтеміз?

Дәл сол секілді, қыз баланың қуыршаққа қызықпай, үнемі автокөлік, автомат, тапанша, роботтар, конструктор сияқты «ұлдардың» ойыншығын сұрауы да қалыпты жағдай. Әдетте, мұндай қыздардың бойында көшбасшылық қабілет басым, өте белсенді, пысық, адамдармен тіл табысқыш, бәрін білуге құмар болады екен. Кез келген жағдайға тез бейімделеді, өзін қорғай алады. Мұндай қасиеттер ұл болсын, қыз болсын, кез келген адамның бойында болғаны жақсы емес пе? Сондықтан оларды сақтап қалу, әрі қарай дамыту үшін қызыңыздың қалауына қарсы тұрмай, қуыршақтарды тықпаламай, өзі ұнатқан ойыншығымен ойнауына мүмкіндік беріңіз. Көлік ойыншықтың қыздарға арналған үлгілерін, қозғалатын түрін, пластмассадан жасалған қару-жарақ, конструктор сияқтыларды әперуге болады.


Баланың ойынын бақылаңыз

Ұл болсын, қыз болсын, оның қандай ойыншықпен емес, қалай ойнағаны маңызды. Сондықтан, баланың ойын кезінде қандай әрекеттер жасайтынын, сөздерін бақылап отырыңыз.

  • Кейде ұлдар ойнау кезінде ойыншықтарына жиі ұрсып, жаман сөздер айтып, жазалап жатады, олардың жылаған, шағымданған, қиналған сәттерін бейнелейді. Бұл – баланың өз эмоцияларын, сезімдерін ойыншықтар көмегімен шығарып жатқанының белгісі. Сондықтан, ойланыңыз, отбасыңыздағы адамдар арасында қарым-қатынас қалай, бір-бірімен қалай сөйлеседі? Мүмкін, балаға дұрыс көңіл бөлмей не қаталдық танытып жүрген шығарсыздар? Әлде әке әйеліне, балаларына өктемдік жасайтын болар?
  • Қыз бала тапанша, садақ секілді қарулармен ойнағанды ұнататын болса, бұл ойындағы оның өз рөлі қандай екеніне мән беріңіз. Әлсіздерді құтқарып, қорғап жүретін қаһарман ба? Әлде жолындағының бәрін жайпап кететін жауыз ба? Мұндай рөлді қайдан көріп, кімнен үйренуі мүмкін. Көп жағдайда анасынан болады. Егер анасы отбасының бар ауыртпашылығын өз мойнына іліп алған әйел болса, «құтқарушы қаһарман» рөліне, ұрысып-ұрып тәрбиелеп жүрсе, «жауыз, жалмауыз» рөліне еніп кетеді. Немесе, осындай ойындағы агрессивті рөл арқылы өзіне бөлінбей қалған назарға, жетпей қалған махаббатқа ие болғысы келеді.

Түсінгеніміздей, баланың қолында қандай ойыншық болғаны емес, онымен қалай ойнағаны маңызды. Әр балаға толыққанды даму үшін ойыншықтың барлық түрі пайдалы. Ойынын бақылау арқылы оның ішкі әлемінде не болып жатқанын, қандай сезімдерді бастан кешіріп жүргенін біле аласыз. Сондықтан, ұлыңыз не қызыңыз қандай ойыншықты қаласа да, тыйым салмаңыз. Әсіресе, көпшілік көзінше. Әр бала – ешкімге ұқсамайтын, қайталанбас дара тұлға, оны бар болмысымен қабылдап, қандай болса да, шартсыз жақсы көріңіз.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Балаңыз ТӘТТІҚҰМАР, тамаққа ТӘБЕТІ ЖОҚ па? Оған ӨЗІҢІЗ КІНӘЛІСІЗ!