​Үш жерге дәрет сындырғандар лағынетке ұшырайды

0
14 752
Шариғат бойынша әжетхана әдебін сақтап жүрміз бе?

​Үш жерге дәрет сындырғандар лағынетке ұшырайды

Дүниежүзі бойынша әлем елдері 19 қараша күні Әжетхана күнін атап өтеді. Оның ішінде маңыздысы – әжетхана әдебін сақтау. Ал ол әдепті сақтауда шариғатта өзіндік ережесі бар.

Бұл ереже бойынша әжетханаға кірген-шыққанда нені ескермей жүрміз? Оны төменнен оқып біле аласыз.


  • Кісі елдің көзінен таса жерде әжетін өтеуі керек. Бұл үшін қазір әжетханалар бар.
  • Тамақтан кейін әжетханаға кірмей тұрып қол шайған абзал. Бұл арқылы сырттан қолымызға жұққан түрлі микробтардың басқа жерлерге таралуының алдын аламыз.
  • Әжетханаға кіргенде баскиім және аяққа арнайы сүйретпе киген дұрыс. Бұл әсіресе, әжетханасы үйдің ішінде орналасқандарға қатысты. Сол сияқты, жеңді сыбанып, шалбардың балағын қайырған жөн.
  • Әжетханаға Алланың және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) есімдерін немесе Құран аяттарын ала кірмеу керек.
  • Әжетханаға сол аяқпен кірген жөн. Әбу Һурайрадан жеткен риуаятта: «Кімде-кім әжетханаға сол аяғымен емес оң аяғымен кірсе, кедейлікте сыналады», - делінген.
  • Кірген кезде: «Әғузу билләһи минәль Хубси уәль Хабаис» (еркек және ұрғашы жындардан Саған сыйынамын) деген дұғаны оқу – мұстахаб.
  • Қажеттілік туындамаса, әжетханада сөйлемеу керек.
  • Әжетханада отырғанда мүмкіндігінше, құбылаға алдымен немесе артымен қарамай, оң яки сол жақ бүйірімен отыру керек.
  • Әжетханада жүрелеп отырғанда оң тізесін көтеріңкіреп, сол аяғын басыңқырап отырған жөн.
  • Әжетін өтеп болған соң истинжа жасау – сүннет. Истинжа дәрет қағазымен, кесек таспен немесе су қолдану арқылы жасалады. Бұның ішіндегі ең абзалы – су қолдану. Егер үлкен немесе кіші дәрет шыққан жеріне жайылатын болса, онда сумен тазалану – уәжіп.
  • Истинжаны сол қолмен жасау керек. Оң қолмен истинжа жасаудың үкімі – жеңіл мәкрүһ.
  • Кіші дәретті мүмкіндігінше отырып жасаған жөн. Тирмизиден келген бір хадисте Айша анамыз былай дейді: «Біреу сендерге Пайғамбар (с.а.у.) тұрып дәрет сындырды десе, ол сөзге сенбеңіздер. Ол тек қана отырып дәрет сындыратын».
  • Дәрет сындыратын кезде денеге, киімге зәр шашырамауына қатты көңіл аударған жөн. Әбу Дәуідте келген бір хадисте сахаба Әбу Мұса: «Дәрет сындырғысы келген кісі зәрі тез сіңіп кететін жерді таңдасын».
  • Жуынатын жерлерге дәрет сындырмау керек. Бұл – мәкрүһ. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Ешкім шомылатын (және дәрет алатын) жеріне кіші дәретін сындырмасын. Ол жерге кейін жуынады ғой. Шындығында, күмәннің көбі содан туындайды (нәжіс тиіп кеткен жоқ па деген күмән туындайды)».
  • Нәжіске қарамау.
  • Ер кісілер кіші дәреттен кейін қалған зәрден толық арылу керек. Бұны шариғатта «истибра» дейді. Бұның үкімі – уәжіп. Пайғамбарымыз бір сөзінде былай дейді: «Зәрлеріңді толық шығарыңдар. Шынында, қабірдегі азаптың көбі соның салдарынан болмақ!»
  • Көпшілік орындарға, жолға, көлеңкеге дәрет сындыруға тыйым салынады. Сахаба Муғаздың айтуы бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Лағынетке ұшырағандардан ұзақ тұрыңдар. Олар мына үш жерге дәрет сындыратындар: Тұрған суға (немесе адамдар жиналатын су жағалауларына), жол ортасына және көлеңке жерлерге».
  • Әжетханадан оң аяғымен шығып, «Ғуфранәкә» (кешіріміңді тілеймін) деу – мүстахаб.
  • Әжетханадан шыққан соң мүмкіндігінше қолды иіссабынмен жуу керек.

дереккөз: islam.kz

Дайындаған: Қ.Сауран,

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет