​Жазғы демалысты балалар үшін КЕРЕМЕТ өткізудің үздік 3 тәсілі

0
6 114

Балаңызға уақытын тиімді пайдалануын, бір жағынан қызықты демалыс сыйлағыңыз келе ме? Бала сергіп, бой жазып, жаңа оқу жылына жаңа серпінмен, жаңа тыныспен баруы үшін сіздің де қолдауыңыз ауадай қажет.


​Жазғы демалысты балалар үшін КЕРЕМЕТ өткізудің үздік 3 тәсілі

Оқу жылы аяқталды, жыл бойы үздіксіз ой еңбегінен қажыған балаңызды физикалық тұрғыда шыңдауға кірісетін кез келді.

Бір жағынан, уақытты тиімді пайдалану, бір жағынан қызықты демалыс сыйлағыңыз келе ме? Бала сергіп, бой жазып, жаңа оқу жылына жаңа серпінмен, жаңа тыныспен баруы үшін сіздің де қолдауыңыз ауадай қажет.

Әлбетте, жазғы демалыс уақытын қызықты етіп өткізуді барлық бала қалайды. Бірақ, мұндай мүмкіндік кез-келгенінде бола бермейтіні де рас қой.


АУЫЛға жіберіңіз

Мұндай ғажайып уақытты көптеген балалар ауылда, ата-әженің жанында өткізіп жатады. Ауыл- біреулер үшін керемет демалыс орны болса, бір балалар ауылдан зерігетінін айтып шағымданып та жатады.



Алайда, жанға жайлылық пен тыныштық сыйлайтыны өтірік емес. Мұнда да уақытты қызықты етіп өтікзуге болады.

Ұзаққа созылатын жазғы түндер шығармашылығыңды шыңдаудың таптырмас тәсілі. Кең далада, таза ауада тыныққанның жөні бір бөлек.

Төрт түлік малдың ортасы, табиғи азық денсаулықтың нығаюына да септігін тигізері анық. Оның үстіне, ауыл балаларының басы топтаса қалса, денені қыздырып, бойға қан жүгіртетін белсенді ойындарды қыздырып алып кететіні бар емес пе?

"Қуыспақ", "тығылмақ" секілді қарапайым ойындардан бастап, «ақсүйек», «ақсерек-көксерек» секілді ойындармен көңілді көтеруге болады.

Бұл ойын балдырған балалардың ойыны болғанымен, қанша жасқа келсе де мектеп жасындағы баланың ойын қызығына кіріп кете алатынына күмәніңіз болмасын. Қаладан ауылға келген бала үшін мұнда қызықты сәттерді ұйымдастыруға болады. Барлығы таңсық көрінбесе де, күн сайын көзбен көрмеген соң, жат болып қалатын дүниелермен танысуды бастауға болады.

Мысалы: ауыл маңындағы өзеннен балық аулау, қозы-лақтарды өріске айдау, шөпті жинау. Қыз балалар үшін сиыр сауу, даладағы қазан-ошаққа от жағып, дәмді ас пісіру, тандырға нан жабуды үйреніп алуға болады.

Қаланың жасанды жағажайынан (бассейн) гөрі, ағып жатқан өзен суы өзгеше. Бір жағынан артық шығынды кетірмейсің, бір жағынан, табиғи-таза. Денең шынығады, күнге қыздырынасың. Әрі қызықты демалыс, әрі ауыл тіршілігімен таныса отырып, көптеген істерді үйреніп алуға таптырмас мүмкіндік.

Түскі мезгілде көз шырымын алу үшін жастыққа бас қойған балаңыздың ұйқысы келмей ме? Ендеше, баланың білімін одан әрі жаңғырту үшін кітап оқытыңыз. Смартфонға телміргеннен де бала шаршайды. Оның орнын әдеби, қызықты, шытырман оқиғалы баланың өзіне ұнайтын бір кітапты оқумен алмастыруына ықпал етіңіз. Сонда ол алтын уақытын текке өлтірмеуді, әрбір сәттің қымбат екенін ұғынған болар еді.


ҚАЛАда уақытты қалай өткізуге болады?

Ауыл балалары үш ай жазғы демалысында қалаға келіп, өзіне таңсық дүниелерді көріп, саябақтарға, зообаққа, балалар ойын алаңшаларына баруға құмар. Оларға қызықты сәттер көп. Ал, қалада өскен балалар өз қаласының демалыс орындарына қызыға қоймайды, өйткені, онда бір емес, бірнеше рет болған. Сондықтан, не істеу керек?

Балаңыздың осынау тамаша сәтін экран алдында телміріп, уақытты өткізуі сізге өкініш емес пе? Мүмкіндігінше, физикалық қимылының көп болғанын қадағалағаныңыз жөн. Алайда, смартфоннан ойын ойнаудың да пайдасы болатындығын білетін бе едіңіз? Әрине, бала да, ересектер де оған тәуелді болмау керек, бірақ, пайдасына тоқтала кетейікші...

Көздің көру қабілетін нашарлататын компьютерлік ойындар емес, бір нүктеге қадала отырып, көздің қимыл-қозғалысы аз болатын болса көздің көру қабілетіне нұқсан келтіреді екен. Ал, видеоойындар керісінше, көру қабілетіңізді арттыру мүмкіндігі жоғары дейді мамандар. Сонымен қатар, тарихқа қызығушылығын арттырады, болашақта карьера жасауда жоғарылауға мүмкіндіктер ашады. Денсаулық жағынан, дислексияға қарсы күресуде көмек береді. Бұл ғалымдардың зерттеуі.



Жалпы, қалада зерікпеуге мүмкіндік мол. Ақшаңыз аздау болып тұрса, балаңызбен бірге мұражайларды аралауға болады, бала танымы кеңейеді. Театр қойылымдарын балаларыңызбен бірге тамашалап қайтсаңыз, рухани сусындап, жаныңыз байып-ақ қалады.

Ал, уақытының басым бөлігін үйде өткізетін балаңызды еңбекке баулып, өзіңізге қолғанат еткіңіз келсе, қалада ақша табуға да мүмкіндіктер көп. Балаңыздың жасы ересектеу, жоғары сынып оқушысы болса, денеге күш салмайтын жұмыстарды істеп, ата-анасына көмектесуін талап етуіңізге болады.

Балаңыз келесі оқу жылына керек-жарағын түгендеп, таңдап жүріп алуы үшін тер төккенінің де пайдасы бар.


ЛАГЕРЬлер

Демалысты қызықты өткізудің тағы бір тамаша әдісі бар. Ол - жазғы балалар лагері. Қалтаңыздың қалыңдығына қарай өзіңіздің көңіліңізден шығатын лагерлердің біріне таңдау жасауыңызға болады. Балаңызға да таңдау құқығын беруге міндеттісіз. Егер қымбат лагерьлерге жіберуге қалтаңыз көтермейтін болса оған да көңіліңізді түсірмеңіз! Бастысы, баланың көңілін аулау.

Өйткені, қазір түрлі жеңілдіктер жасалған, отбасылық-әлеуметтік жағдайға байланысты тіпті, тегін қабылдайтын лагерлер де бар.


(Суреттер ашық дереккөздерден)

Мұнда балаңыз жаз бойы бола алмайтыны да белгілі, соған қарамастан, балаңыз 15 күндік лагерьден жағымды естеліктерді қоржынына толтырып келетініне сеніңіз. Жаңа достар табуды, жаңа ортаға бейімделуді сол кезден бастап үйренсе, қоғамға араласып кетуі де жеңіл болмақ. Өйткені, ересек өмірде ортаға тез бейімделудің пайдасы зор.

Келесі оқу жылына дейін балаңыздың бойына күш жинап, көзқарасы кеңіп, дүниетанымы байып қайтса, бұл жазғы демалыстың КЕРЕМЕТ өткені емес пе?

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

ЕРКЕсіз бе, әлде ЕРКЕКсіз бе?

Бөтен сөзбен БЫЛҒАНса, СӨЗ арасы...