​1,5 млн теңге: Түлкібастық әйел ауылдың газға төлейтін ақшасын жинап алып жаратып жіберген

0
986

Ол табиғи газға арнайы орынға апарып төлегені үшін әр квитанциядан өзіне 100 теңге алып отырған.


​1,5 млн теңге: Түлкібастық әйел ауылдың газға төлейтін ақшасын жинап алып жаратып жіберген

Түркістан облысында 51 тұрғынның газға төленетін ақшасын жинап алып, жаратып жіберген тұрғынды ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түлкібас ауданында бірнеше ауыл тұрғындары пайдаланған газ бойынша төленетін ақшаларын өздеріне сенімді таныс әйелге жинап берген. Алайда ол жиналған ақшаларды тұрғындардың дербес шоттарына төлемей, яғни өзінің қажеттілігіне жаратып жіберген.

Аталған жайт СДТТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Полицейлердің іздеуі нәтижесінде күдікті әйелдің ауыл тұрғындарының таңдауымен ерікті түрде коммуналдық төлемдерін жинап алып, уақытылы төлеп жүргені белгілі болды. Яғни әрбір үйді аралап, ақшаларын жинап, арнайы орынға апарып төлегені үшін әр квитанциядан өзіне 100 теңге алып отырған.

Мәселе өткен жылғы қысқы жылыту маусымында пайда болған. Полицейлердің анықтауынша, осы айларда күдікті 51 тұрғыннан газға төленетін ақшаларын жинап алып, төлемей жүрген. Жалпы тұрғындарға келтірілген шығын көлемі 1 500 000 теңгені құраған.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген шығынның жартысын қайтарды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс аудандық сотқа жолданды.