Елбасы Түркістандағы құрылысты қарқындатуды тапсырды

0
390

Облыс-қала басшыларының орынбасарлары, Ұлттық компания өкілдері мен инсвесторлар Түркістанға жиналды.


Елбасы Түркістандағы құрылысты қарқындатуды тапсырды

Түркістанға арнайы іссапармен келген ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің қатысуымен Түркістан облысы әкімдігінің мәжіліс залында облыс орталығын дамыту бойынша жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Алқалы жиынға Бірінші Вице-премьер А.Мамин, Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев және өзге де облыс басшыларының орынбасарлары, Ұлттық компания өкілдері мен инсвесторлар қатысты.

Жиында сөз алған өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының Түркістан қаласын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында:

«Қазіргі таңда Әкімшілік-іскерлік орталықта 672 гектар жерден 513 гектар жер мемлекеттік меншікке алынды. Олардың ішінде 48,4 гектар аумақта орналасқан бірінші кезекте салуынуы тиіс 13 нысанды іске асыру үшін жер телімдері толығымен босатылды және 7 нысанның құрылысы басталды. Ал, 88 бес қабатты тұрғын үйлердің құрылысы бойынша (2724 пәтер, 200 мың шаршы метр) дайындық жұмыстары аяқталды. Тұрғын үй құрылысы «Түркістан ӘКК» қатысуымен жеке салушылар есебінен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, Астана қаласының тапсырысы бойынша «Астана» алаңы салынатынболады. Оның құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың наурыз айында басталып, 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Сонымен қатар, Түркістан қаласының рухани-мәдени аймағында «ҰӘҚ Самұрық қазына» АҚ тапсырысымен Қожа Ахмет Ясауи мұражай нысанының құрылысы басталды. Бұдан өзге, әуежайдың құрылысы бойынша жұмыстар атқарылуда. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Азаматтық авиация комитеті, ҚР Қорғаныс министрлігі және «Казаэронавигация» АҚ мақұлдаған Түркістан қаласындағы әуежайды салу үшін 905,3 гектар жер телімі бөлініп отыр», – деп баяндады.

Сондай-ақ, басқосуда ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы Күлтөбе тарихи орнын жаңғырту бойынша баяндама жасады. Сонымен қатар, өзге облыс пен қала басшылығы өкілдері өздеріне тапсырылған нысандардың құрылысы жөнінде хабардар етті.Жиында Алматы облысының әкімдігі – «Жастар сарайы» ғимаратын, Ақтөбе облысы – «Әзірет Сұлтан» қорығында мәдени-демалыс нысандарын, Атырау облысы – ашық аспан астындағы мәдени-тарихи мұражайды, Шығыс Қазақстан облысы – әуенді субұрқақ, Солтүстік Қазақстан облысы – олимпиадалық резервті дайындайтын облыстық спорт мектебін, Жамбыл облысы – «Әзірет Сұлтан» қорығына мәдени-тарихи Визит орталығын, Батыс Қазақстан облысы – Тарихи-киелі орындар орталығын, Қостанай облысы – Қазақстан Халықтары Ассамблеясының ғимаратын, Қызылорда облысы – Шығыс моншасын, Маңғыстау облысы – Амфитеатр,Елордасы Астана қаласы – «Астана» алаңын, Алматы – Медиа орталық, Шымкент қаласы – Облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының құрылысын бастайтынын жеткізді.

Жиын соңында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Мамин баяндамашылар көтерген мәселелер назарға алынатынын айтып, Елбасы тапсырмасы бойынша Түркістан қаласын дамыту үшін жауаптыларға құрылысты қарқындатуды тапсырды.

дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


Айтар жаңалығыңыз, бөлісер оқиғаңыз болса, +77752327733 whatsapp нөміріне жіберіңіз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет