​Арнайы жоспар құрып келген: Мал базарда екі адамның қалтасын қаққан тараздық тұрғындар ұсталды

0
871

Күдіктілер бұрын сотты болған.


​Арнайы жоспар құрып келген: Мал базарда екі адамның қалтасын қаққан тараздық тұрғындар ұсталды

фото: иллюстрациялық

Түркістан облысы полицейлері мал базарда қалта ұрлығын жасаған Тараз қаласының тұрғындарын ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында орналасқан мал базарға мал сатуға барған екі жергілікті тұрғын базарда белгісіз азаматтар қалталарындағы ақшалары мен ұялы телефонын ұрлап кеткенін айтып шағымданған. Жәбірленушілердің айтуынша, шығын көлемі 400 000 теңге болған. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді. Сайрам ауданының полицейлері 1 сағат ішінде ауданнан шығып бара жатқан жерінен ұстады. Күдіктілердің екеуі де Тараз қаласының тұрғындары болып шықты.

Тергеу барысында, күдіктілердің ұрлық жасау үшін жоспар құрып, осында арнайы келгені анықталды. Біреуі сатушыны сөзге айналдырып тұрғанда, келесісі қалтасынан ақшаны қағып кеткені белгілі болды. Сондай-ақ, күдіктілер бүрын сотты болғаны да анықталған. Айғақты зат ретінде ұрланған ақша мен ұялы телефон тәркіленіп алынып, заңды иелеріне қайтарылды.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде тергеу амалдары жүргізіліп, жинақталған құжаттар аудандық сотқа жолданған.