Арыс қаласында күн электр стансасы салынады

0
1 463

Жалпы қуаттылығы 14 МВт. құрайтын станцияның құрылысы ағымдағы жылы басталады.


Арыс қаласында күн электр стансасы салынады


Арыс қаласының «Қожатоғай ауылдық округінде «KAZ GREEN TEK SOLAR» ЖШС мекемесі мен француздық «URBASOLAR» компаниясы бірлескен күн сәулесі арқылы баламалы энергияны өндірумен айналысатын зауыт салынады. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек мәлім етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жалпы қуаттылығы 14 МВт. құрайтын станцияның құрылысы ағымдағы жылы басталады.

"Бұл жоба 30 адамды жұмыспен қамтамасыз етпек", - деді Мұрат Болатұлы.

Сонымен қатар, өңірде биыл түйе сүт өнімін өндіретін «Желмая» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі қосымша дайын йогурт өнімдері мен түйе жүнін престеу цехын іске қосуды жоспарлауда. Сондай-ақ, аймақта түйе сүтін көбейту мақсатында жалпы құны 3,5 млн. теңгені құрайтын өндірістік қуаты300 тонналық құрама жем шығаратын цех ашылмақ.

Арыста ағымдағы жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалпы 7 балабақша ашу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін «Балапан» бағдарламасының аясында балабақшамен қамту деңгейін 90,4 пайызға жеткізу көзделуде.

Бұдан бөлек, Дермене ауылдық округінде 150 және 200 орындық 2 орта мектептің құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысандар2018 жылдың тамыз айында пайдалануға берілетін болады.

Айта кетерлігі, өңірде баламалы энергия көздерін өндіретін жобалар қолға алынып келеді.

Елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мақсатында 1 млрд. 716 млн. теңгеге «Отырар», «Оңтүстік», «Наурыз» тұрғын аудандарында инфрақұрылым құрылысы жүргізілген. Алдағы 2018-2025 жылдар аралығында қаланың 26 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Ағымдағы жылы өңірде жалпы 53 көшеге орташа жөндеу және тас төсеу жұмыстары жүргізілетін болады.