Арыстық балалар «Oтырар» жазғы сауықтыру лагерінде демалуда

0
264


Арыстық балалар «Oтырар» жазғы сауықтыру лагерінде демалуда

Арыстықтар балалар Түлкібас ауданы, Келте Машат ауылындағы «Отырар» жазғы сауықтыру лагеріне демалуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Арыс қаласында орын алған жағдай жалпы қазақ елінің қабырғасын қайыстырған оқиға болды. Әйтсе де, арыстықтардың басына түскен сынақты ел болып көтеріп, жұмыла көмектесудің арқасында қалаға қайта жан біте бастады. Бүгінде Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің тікелей басшылығымен қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Ел басына күн туғанда отырарлықтар да қарап қалмады. Аудан әкімі Ерлан Айтаханов бастаған киелі аймақтың депутаттары, кәсіпкерлері мен белсенді жастары және ерікті азаматтар күндіз-түні дамыл таппай қаланы тазарту жұмыстарын жасап жатыр. Бұған дейін отырарлықтар арыстық ағайындарға қонақжайлылық танытып, бауырына басып, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз еткен болатын. Арыстағы жағдай қалыпқа келген соң еліне асыққан көршілес ағайынға отырарлықтар көмек қолын созып, оларды үйлеріне жайғастырып, қажетті заттарын алып беріп жүр.

Арыстықтар үйлеріне жайғасып болғанша олардың балалары Түлкібас ауданы, Келте Машат ауылындағы «Отырар» жазғы сауықтыру лагеріне демалуда. Аудан басшысының тапсырмасына сәйкес ол жақта да арыстық балалар ыстық тамақпен, киім-кешекпен қамтылып, түрлі спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ондағы басты мақсат – үрейленген балалардың қиындықты ұмытып, балауса балғын шақтарын көңілді, әрі уайымсыз өткізу. Салқын ауа, табиғаты келіскен таулы аймақ балаларды алаңсыз қуанышқа бөлеп, мәз-мейрам күйге бөлеген. Отырарлық балалармен бірге тіл табысып, доп теуіп, суға шомылып, ән салып, би билеп жүрген балғын балалардың жүздеріне күлкі үйіріліп, көңілдері шаттыққа кенелген. Таң қылаң берісімен әр топқа бөлініп, ұрандап сапқа тұрып, тауға серуендеп бір сәт тынығып қайтатын балалар бір-бірімен жақын сырласатын достар тауып, әңгімелері жарасып мәре-сәре болып жүр.

Арыстық балалармен бірге келген Арман Оралбаев 9 жаста. Оның ата-анасы қазіргі таңда Арыс қаласында. Футбол ойнауды жақсы көретін Арман лагердегі демалыс күндерінің жақсы өтіп жатқанын айтып, осындай қызықты демалысты ұйымдастырған Отырар ауданының әкіміне алғысы шексіз екенін жеткізді.


Айтар жаңалығыңыз, бөлісер оқиғаңыз болса, +77752327733 whatsapp нөміріне жіберіңіз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет